Владимир Бушкиннің арқасында ауыл мәселесі шешілді

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_32_32-2018-12.jpgАсенкритов ауылындағы халықтың жанайқайы мәдениет үйінің бүгінгі ахуалымен тығыз байланысты. Себебі, ауыл үшін маңызды түрлі іс-шаралар да, үйірмелер де едәуір тозған осы ғимаратта жүргізіледі.


«Кристалл» мәдениет үйі – Асенкритов елді-мекенінің мәдениет орталығы. Жергілікті шығармашылық ұжымдардың, жеке орындаушылар мен би ұжымдарының қатысуымен өтетін іс-шараларға халық қуана-қуана барады. Тек қырық алты жылдық тарихы бар ғимараттың тозығы жеткені ел-жұрттың көңіліне қаяу түсіретін. «Кейбір ата-аналар кішкентай балаларын бізге жібермейтін, өйткені халық арасында «шатыр құлап түсуі мүмкін» деген пікір жиі айтылатын болды», - дейді мәдениет үйінің меңгерушісі Любовь Тимофеева. Иә, ауылдықтар, расымен де, бұл ғимаратты қауіпті деп санайтын. Косметикалық жөндеу де жүргізілді, жергілікті серіктестіктің есебінен жылу жүйесі де ауыстырылды. Бірақ, төбе жабындысын жөндеу мәселесі, өкінішке орай, шешілмей жүрген мәселелердің қатарында еді. Ауылдық округтің әкімі Марат Баяковтың айтуынша, осыдан алты жыл бұрын шатыр желмен ұшып кеткен көрінеді. Содан бері төбеден су ағып, аталмыш мәселе шығармашылық ұжымдар мен үйірмелердің жұмысына кедергі жасап жүрген-ді. Ғимаратта үнемі ылғал тартып тұратындықтан, мәдениет үйінің меңгерушісі музыкалық аппаратурасының істен шығатынына алаңдаса, дәл осы мәдениет ошағының қабырғасында орналасқан кітапхана қызметкерлері: «Кітаптарымызды сөрелерге қоюға қорқатынбыз, мұндағы дымқыл қағаздарға кері әсерін тигізеді ғой. Екінші қабатта суық еді. Енді Владимир Степановичтің арқасында жылы, құрғақ, жарық жерде жұмыс істейтін боламыз», - дейді олар. Осындай сәтте «жақсыны халық мақтар» деген сөздің бекерден-бекер айтылмағанына көзіңді жеткізесің.
Мәдениет үйінің көкейтесті мәселесін қолынан келер шарапатын өз басынан артылдырып, жерлестеріне тигізіп жүретін Владимир Бушкин шешті. Бұл беделді, ауылына қамқор азамат туған жерінің тұрғындарына ешқашан көмегін аяған емес. Төбе жабындысын ауыстыру үшін «Майлин атындағы» ЖШС-нен бес жарым миллион теңге бөлінген. Бір-ақ айдың ішінде шатырдың жөнделгеніне қуанып жүрген мәдениет саласының қызметкерлерінің Владимир Бушкинге деген алғысы шексіз. «Аудандық мәдениет бөлімінің белгілі штаты бар. Олар өздерінің іс-шараларын жүргізеді. Балалар да қатысып жүреді. Біз де ауылшаруашылық күнін, мемлекеттік мерекелерді осында атап өтеміз», - дей келе, игі істің ауылға жастарды тартуға септігін тигізетініне сенім білдірді Владимир Степанович. Ісімен де, сөзімен де қатарластарына үлгі, ауылдастарына құрметті жанашыр кәсіпкер ауыл тіршілігіне мән беріп қана қоймай, осылайша көпке қажетті талай шаруаның оңтайлы шешілуіне себепші болып жүр. Мұндай елжанды адамдар қашанда көпке қажет. «Жақсылық жасасаң, жасыр. Жақсылық көрсең, асыр» демекші, жерлестеріне қайырымдылық көмек көрсете отырып, оны пиар, қарапайым тілмен айтқанда, жарнама үшін емес, шын ниетімен қол ұшын беретін қарапайым да, іскер кәсіпкердің жақсылығын айтпасқа болмас, оқырман қауым. Алла жазса, «Кристалл» мәдениет үйінің көрермендер залы да жөндеуден өтеді деп күтілуде. Көптің бұл тілегі де орындалар деген үміттеміз.


 
Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане