- Подробности
-
Категория: Главное
-
Создано 24.10.2019 06:11
-
Автор: Балзина Атимтаева
-
Просмотров: 1283
«Қызым – келіннен, ұлым елімнен ғибрат алып өседі» деп ұрпағынан жақсылық күтетін халықпыз. «Қыз бала – жатжұрттық» дегенді де атам қазақ бекерге айтпаған.
Қазақ отбасының нағыз ұйытқысы – келін. Дана халқымыз ертеден ене мен келін қатынасына аса жоғары көңіл бөліп, оған аса байыппен қараған. Ата-анасынан көрген тәрбиесі мен қайын жұртының ықыласы мен алғысына бөленіп жүрген келіндер қазір де бар.
Е.Өмірзақов атындағы аудандық мәдениет үйінде ізетті, кішіпейіл, сәлемі түзу, дайындаған тамағының дәмі тіл үйіретін, он саусағынан өнер тамған келіндер сынға түсті. «Пай-пай, қазақтың келіндері-ай!..» атты сайысқа Мақпал Қабылдина, Әлия Мәжіт, Эльмира Карибаева, Кенжегүл Ахметжанова сынды отбасының инабатты да ибалы келіндері сынға түсті. Сайыстың әділ төрелігін беру, қатысушыларға әділ баға беру үшін әділқазы алқасының төрағасы ауданымыздың құрметті ақсақалы Нұрғали атамыз, және де аудандық Өнер мектебінің басшысы Ирина Васильевна Гавриленко болды. «Жүздің түсін танығанша, бірдің атын біл» демекші, «Сәлем – сөздің анасы» атты алғашқы айналымда сайысқа қатысушы келіндер өз-өздерін таныстырды. Төрт үміткер келіннің әрқайсысы өздерін жөн-жоралғыларды жасай отырып, өлең-жырларымен жиылған қауыммен танысып-табысты.
«Саусағынан бал тамған келіндер-ай!» дегендей, екінші кезең тапсырмасында әр келін арнайы әзірлеген дастарқанға баға беру үшін қазылар алқасына дайындаған дәмді тағамдарын ұсынды. Сайысқа қатысушы өзінің ұжымымен, отбасымен бірлесе отырып дайындаған дастарқанды таныстырып, ұлттық дәмдердің әрқайсысына тоқталып, кейбірінің қалай жасалу жолдарын айтып берді. Сайыскер келіндер дастарқандағы дәмнен залдағы көрермендерге, сайысты тамашалауға арнайы келген әжелерге дәм татырды.
Үшінші кезең,келіндерімізге ертеден келе жатқан салт-дәстүрлерден сұрақтар қойылды. «Білгенге маржан» демекші, бұл сайыста бар білгендерімен бөлісіп, білімдері сынға түсер сәт болды. Бұл сыннан да мүдірместен өткен сайыскерлер келесі кезеңге жолдама алды. Сайысқа жанкүйер болып келген көрермен де білмегенін біліп, өздерінің «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, білгендерінің үстіне тағы білімдерін толықтыра түсті.Қойылған сауалдарға мүдірместен жауап берген білгір келіндер қазылар тарапынан жоғары бағаға ие болды. «Өнерлінің өрісі кең» атты келесі кезеңде сайысқа қатысушы келіндер өздерінің бар өнерлерін ортаға салып, жыр жолдарын, әсем әндер орындап, қол өнерлерімен көрермендерді таңдандырды. Соңғы кезең қазақи киімді үлгі тұтып, халықтың алдына қазақша оюлармен әсемделген, көздің жауын алатын көйлектерді ұсынды. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» дегендей, соңғы шешуші кезеңде қазақтың келіндері ұлттық нақышқа негізделген қазіргі заманғы киім үлгілерін көрсетті. «.«Қылығына сай екен киімдері-ай!»» атты бұл соңғы кезеңде де сайысқа қатысушылар қазақ келіні деген атқа лайық екендерін тағы бір мәрте дәлелдеді. Шара соңында қазылар алқасы әділ баға беру үшін қорытынды шығарғанша, мәдениет үйінің өнерпаздары көрермендерге ән мен күйден шашу шашты. Барлық келіндеріміз әділқазы алқасының шешуімен мақтау қағаздарымен марапатталды. Бір шаңырақтың берекесін келтіріп отырған қазақтың келіндерінің мәртебесі арта берсін демекпіз!