- Подробности
-
Категория: Главное
-
Создано 30.11.2023 08:36
-
Автор: Майра Дүзбайқызы
-
Просмотров: 3667
Ия, өнер адамның құдіреттілігі де осы туа біткен дарынын да, оны қажымай талмай дамытып, елінің игілігіне бағыштай алуында болса керек.
Қамшының сабындай қайран тірлік бір күні шарт сынары әмбеге аян. Өмірдің өзі күшті болғанымен, өтетіні өкінішті… «Тумақ бар жерде, өлмек те бар» дейді шариғат сөзі. Шіркін, бәрі орнымен, бәрі ретімен келсе – өкініштің өзені тасып, қайғының қара жаңбыры жаумас еді ғой.
27 қарашада аудандық Е.Өмірзақов атындағы Мәдениет үйінде «Марат жүрген дара жол» атты Марат Бахытұлы Шонгаловты еске алу кеші өтті. Осы кеште залда мезгілсіз қайтыс болған Марат Бахытұлын білетін және жақсы көретін аудан тұрғындары, шақырылған қонақтар жиналды. Кең пейілді, ақ жарқын Марат Бахытұлының өмірден өткеніне 2 жыл да өте шықты. Ол небәрі 55 жаста еді, оның 25-і сахнаға байланысты болды. Ұстазда,тілші де, әкімде болып, Б.Майлин ауданының мәдениет өнер саласына зор үлес қосқан жан еді. Еске алу кешінде сахнадан Марат Бахытұлы өмірінен өткен естеліктер мен музыкалық шығармалар, оның ішкі әлемін, адамдарға деген көзқарасын бейнелейтін әндер шырқалды. Сахнаға шығып, сөз сөйлеп, еске алушы жерлестері Марат Бақытұлының жан-жақты таланты мен кәсіби қасиеттерін атап өтті. Дарынды адам барлық жағынан талантты болды. Ол тек музыкалық аспаптарда ойнап қана қоймай, ән шырқады, халық театрында керемет рөлдерде ойнады. Достары, әріптестері, пікірлестері, оны білгендердің бәрі ол туралы көптеген жылы сөздер айтты. Көбісі Марат Шонгаловтың өмір жолында кездескеніне қуанышты екендіктерін шын жүректен мойындады. Ол бүгін бізбен бірге емес, бірақ оның қоңыр дауысымен шырқаған өлеңдері, әндері, әркімнің жүрегінде сақталады. Соңынан ерген жастар ісін жалғастыруда. Еске алу кешінде Марат Бахытұлының отбасы мүшелері қатысты.
Шонгалов Марат Бахытұлы жарық жалғаннан Мәңгілік Бақиға аттанды. Артында жары, балалары, ата-анасы, бауырлары, ағайын-туыс, ел-жұрты, достары мен әріптестері қалды. Бұл өмірдің өнер әлеміне өшпестей із тастады. Жатқан жерің жайлы да жарық болсын. Топырағың торқа, жаның жәннаттан орын алсын. Бақұл бол, бауыр!