- Подробности
-
Категория: Главное
-
Создано 21.11.2024 12:50
-
Автор: Сералы МЫРЗАБАЙ, суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ мерейтойға арналған айтыс туралы мақаланы газеттің келесі санында толық оқи аласыздар.
-
Просмотров: 941
Рудный қаласында қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі, драматург, ақын, жазушы Бейімбет Майлиннің құрметіне арналған мурал ашылды. Қала орталығындағы Ленин көшесі, 215 мекен жайында орналасқан бұл мурал Б.Майлиннің 130 жылдық мерейтойына орай жасалып, қоғам назарын ұлы тұлғаның әдеби мұрасына аударуға бағытталған.
Кеншілер қаласындағы босап қалған тұрғын үйді бұдан бірер жыл бұрын «QС Holding» компаниясы қайта жаңғыртудан өткізіп, тұрғындар игілігіне берген. Компания өкілдері осы үйге Би-ағаның мерейтойы қарсаңында муралын салуды жөн көріп, оған «Майлин» тұрғын үй кешені деп атапты. Муралдың ашылуына Би-ағаның ұрпақтары, жергілікті зиялы қауым өкілдері, мектеп оқушылары мен қала тұрғындары қатысты. Шөбересі Салтанат Мұстафина муралды салған «QС Holding» компаниясының өкілдеріне алғысын жеткізді.
«Атамыздың мерейтойына еліміздің әр түкпірінен ұрпақтары келіп отырмыз. Муралдың ашылу салтанатына қатыстық. Көрсең көз тоятын әдемі бейнеленген. Суретші шебер салып шыққан. Компания өкілдеріне рахмет айтамын. Мурал Бейімбет Майлин ауданынан Рудныйға кіріп келе жатқанда жарқырап көрініп тұрады. Рудныйда атамыздың атымен аталатын мектеп-гимназия бар, осы оқу ошағының басшылығымен біз өте тығыз байланыстамыз. Тұлғаның рухына тағзым етіп, құрмет көрсетіп жатқан жерлестеріне мың алғыс. Атамыздың ұрпақ үшін жасаған еңбегі, қалдырған мұрасы ұшан-теңіз. Соны әр қазақ баласына оқытып өсірсе, ол мәдениетке жақын болады, ұлттық мүдде үшін аянбай қызмет етеді», – дейді «Майлин қорының» директоры Салтанат Мұстафина.
Ол Тобыл-Торғай өңірінде өткізілетін іс-шараларға қатысуға Алматыдан арнайы келген. Мурал «QС Holding» компаниясының осы мерейтой қарсаңындағы Рудный қаласына тартуы. Алматыдан алдырған суретшілер классик жазушының бейнесін бір аптада салып шыққан.
«Осы үйді алдыңғы жылы жаңартып берген де біз едік. Бұл мекенжайдағы үйді біз Бейімбет Майлин үйі деп атап, мурал салдық. Туынды жазушы шығармашылығының өзгермейтін өзектілігін, оның қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына қосқан үлесін бейнелейді. Сондай-ақ, 13-14 қараша аралығында бұл қалада Бейімбет оқулары өтті. Одан жүлделі орын алған балаларға бағалы сыйлықтарымызды табыстадық. Оқушылар жазушының сегіз шығармасын оқып, сынға түсті. Бәрі компания басшысы Нұралхан Әмірханұлының идеясы. Муралды салуға да сол кісі бастамашы болды», – дейді аталған компанияның PR бөлімінің жетекшісі Айза Әбіләкім.
Муралдың ашылуынан соң, іс-шара легі Б.Майлин атындағы мектеп-гимназияда жалғасын тапты. Мектепте қонақтарға экскурсия ұйымдастырылып, оқу орнының кітапханасы мен музейі таныстырылды. Мәжіліс залында өткен ауқымды іс-шараның шымылдығы мектеп ішінен ашылған «Шабыт» театр үйірмесінің «Би-ағаның биігі» атты қойылыммен түрілді. Мектеп оқушылары Бейімбеттің әдебиетке деген адалдығын, халқына деген сүйіспеншілігін шебер жеткізе білді. Ақырында нақақ жаланың құрбаны болып, ату жазасы кесілгенін сахналық көрініспен жеткізді. Әсерлі қойылымда жанарына жас үйірілмеген жан кемде-кем. Сахнаға Би-ағаның шөбересі көтеріліп, мектеп оқушыларына алғысын білдірді.
«Көптеген жерде атамызға байланысты іс-шараларға қатысып жүрміз. Бейімбет Майлиннің 130 жылдығы туған өңірінде кеңінен аталып өтіп жатыр. Мектеп басшысына, ұжымға іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс айтамын. Мектеп оқушылары болса да тәжірибелі актерлер тәрізді шебер сомдап шықты. Бұндай көріністер жүрегімізді тілімдеп, көзімізге еріксіз жас әкеледі. Бірақ тек қойылым ғой деп өзімізді сабырға шақырамыз. Шын мәнінде атамыздың тағдыры ауыр болды. Қиын кезеңді басынан өткерді. Десек те, артында біздей туыстары барда, шығармаларын насихаттайтын сіздердей ізбасарлары, ұрпағы барда Бейімбеттің биігі ешқашан төмендемейді», – деді Бейімбет Майлиннің шөбересі Салтанат Мұстафина.
Би-ағаның шөбересі атасына арналған іс-шаралардың басы-қасында жүріп, қолдау көрсеткен бірқатар азаматқа алғыс хат табыстап, мерекелік төсбелгі тақты. Бұл мерейтойға Би-аға атындағы мектептің ұжымы мен оқушыларының ерекше әзірленгені байқалды. Қонақтарды күймен қарсы алып, оқушылар өнерлерін паш етті. Бұл мектептің еңбегі ерекше атап өтуге тұрарлық. Мектеп Би-ағаның есімін 2019 жылы иеленген. Бұл ұстаздар мен ата-ана қауымының жемісі.
«Бейімбет Майлиннің 130 жылдығына орай Би-аға атындағы №7 мектеп-гимназиясы айлық өткізіп жатыр. Айлық шеңберінде қаламгердің шығармаларына арналған әдеби сынып сағаттары, зияткерлік сайыстар өткіздік. Енді әдеби бағытта ЮНЕСКО көлемінде оқушылар арасында Би-ағаның шығармалары бойынша буктрейлер сайысы өтеді. Бүгінгі таңда мектеп ЮНЕСКО клубының мүшелігінде. Сондай-ақ, Қостанай облысы бойынша өкілеттілігі біздің мектепке берілген. Бұл мектеп тарапынан жасалып жатқан іс-шаралардың бір бөлігі. Облыстық ғылыми-практикалық конференция өтті. Мектеп қабырғасында «QС Holding» компаниясының демеушілігімен «Бейімбет оқулары» болды. Мұндай іс-шаралар жалғасын табады. Би-аға мектебінде «Бейімбеттану» кабинеті бар. Білім ошағында 1-11 сынып аралығында «Бейімбеттану» сабақтары жүргізіледі. Мұражай жасақталған. Сонымен қатар, шөбересі Салтанат Мұстафинаның үй кітапханасынан 25-ке жуық кітап алдыртып, көшпелі көрме ұйымдастырдық. Көрме қараша айының соңына дейін келушілерге таныстырылатын болады. Құнды, асыл мұраны дәріптеп жатқанымызды мақтан етеміз. Би-ағаның шығармасын, өмір жолын насихаттау жолында әрі қарай қызмет ететін боламыз», – дейді Рудный қаласындағы Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясының директоры Қымбат Бірманова.
Сахналық көріністен соң «Бейімбет оқулары» байқауының марапаттау рәсімі өтті. Байқауға бас-аяғы 172 оқушы тіркелген. Олардың барлығы алғашқы кезеңнің сұрақтарына жауап беріп, екінші кезеңге 45 оқушы жолдама алыпты. Олар жеребе арқылы таңдалған тақырыпқа эссе жазды. Кезеңдер барысында балалар Майлин өмірінен қойылымды тамашалап, қызықты ойындар мен әңгімелер өткізілді. Байқау қорытындысы бойынша бес қатысушыға жүлде табысталды. Үш балаға үшінші орын бұйырған. Оның біреуін №13 мектептің 10 «Ә» сыныбының оқушысы Маржан Насир иеленді. Екеуін Бейімбет Майлин ауданының оқушылары Айзере Алтай мен Ерқанат Ниязбек жеңіп алды. Ал екінші орын кеншілер қаласындағы №7 Бейімбет Майлин атындағы мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы Ділназ Әбдірахмановаға бұйырды. Байқауда топ жарып, бірінші орынды Рудныйдағы Міржақып Дулатұлы атындағы білім ордасының 9 «Б» сынып оқушысы Назкен Жарқынбаева жеңіп алды.
«Дайындығым жоғары деңгейде болды. Бейімбет оқулары өтеді деген күннен бастап қатысуға қамданып, ізденісті бастадым. Байқау барысында тіпті науқастанып, пневманиямен ауруханаға түсіп қалдым. Бірақ сонда да дайындығымды тоқтатпадым. Бейімбет шығармаларын оқып қана қоймай, жаттап алуға да тырыстым. Маған таңсық сөздерді қайта қарап, мағынасын түсінуге, сырын ашуға талпындым. Байқаудың маңыздылығы жоғары. Талаптарына тоқталсам, Бейімбет Майлиннің тоғыз шығармасын оқып, түсіндіру және тест тапсырмасын орындап, эссе жаздық», – дейді Міржақып Дулатұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушысы, байқаудың жеңімпазы Назкен Жарқынбаева.
Айта кетейік, Би-ағаның 130 жылдығына арналған негізгі іс-шаралар легі туған жері Бейімбет Майлин ауданында өтті. Ғылыми конференция ұйымдастырылып, айтыс ақындары Би-ағаны жырының арқауы етті.