- Подробности
-
Категория: №25 (10345) от 21 июня 2018 года
-
Создано 21.06.2018 06:39
-
Просмотров: 5766
Еліміздегі құқық қорғау қызметкерлерінің қызметі мен міндетін айқындайтын тәртіп сақшыларының күні жыл сайын аталып өтіледі. Осы орайда, полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекелерінің қарсаңында елдің тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін сақтауда аянбай етіп жүрген жауапты мамандық иелерінің жұмысы жайлы аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Мұратбек Сейітқұловпен сұхбаттасуды жөн көрдік.
- Мұратбек Тілектесұлы, бірінші жартыжылдықтағы криминогендік ахуал жайлы не айтасыз?
- Биылғы жылдың бес айлық қорытындысы бойынша аудан аумағында 150-ге жуық қылмыстық іс тіркелген, олардың 70 пайызы ашылды. Ауыр қылмыстардың саны төмендесе, аса ауыр қылмыстар мүлдем тіркелген жоқ. Өкінішке орай, мал ұрлау, үй тонау, ұялы телефондарды, автокөліктерді ұрлау сынды басқа да ұрлық жасау фактілері жиі орын алады. Ұрлықтардың басым бөлігі қолайсыз отбасылармен жасалады. Біз әрдайым жасалатын қылмыстарға талдау жүргізіп отырамыз. Талдаудың нәтижелері мен өзімнің жеке практикам көбінесе тұрмыстық қылмыстардың жасалатынын көрсетеді. Ал, мұндай қылмыстар алкогольдік ішімдік кесірінен, яғни, мастықпен жасалады. Бейсауат малдар да аудандық деңгейде мәселе туғызып тұр. Тұрғындар бақташы жалдағысы келмей, малдарын жайылымға жібере салады. Мал ұрлығы қалалық жерге жақын, облыстық, республикалық жолдың бойында орналасқан елді-мекендерде жиі тіркеледі. Нәтижесінде малдары ұрланады, келеңсіз жағдайларға тап болады. Ауданымыз бойынша қылмыстардың басым бөлігі Тобыл кентінде, Новоильин ауылдық округінде жасалады. Әрине, біз өз тарапымыздан бұл бағыттағы жұмысымызды жеделдетуге барынша тырысамыз. Полиция қызметкерлері ауылдық округ әкімдерімен, мал дәрігерлерімен біріге отырып, ұрлық пен тонау мәселесін шешуде қол қусырып отырмайды.
- Қылмыстардың санын азайту мақсатымен қандай іс-шаралар жүргізіледі?
- Аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері бұрында сотталғандармен, жұмыссыздармен, кәмелет жасқа толмағандармен, есепте тұрғандармен қылмыстарды ескерту және олардың алдын алу шараларын ай сайын тиісті жұмыстарын жүргізіп отырады. Түнгі уақыттағы сатылыммен, маскүнемдікпен күресу мақсатында жүйелі түрде рейдтер өткізеді. Қызметкерлеріміз алдын алу жұмысын және әкімшілік тәжірибені жақсарту үшін нақты іс-шаралар жоспарын құрады, күн сайын қылмыстардың талдауын жасап, жедел кеңесте есеп береді. Алдын алу шараларының арқасында қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың саны төмендеді, бірақ жол-көлік оқиғалары 40 пайызға артқан. Жылдың басынан бері жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты үш жүзден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
- Әрбір адам өзінің тұрғылықты мекен-жайы бойынша бекітілген учаске инспекторларын тануы тиіс. Сондай-ақ учаскелік полицейлер де өзіне бекітілген әкімшілік аумағындағы тұрғындарды жақсы біліп, олардың әрқайсысы туралы мағлұматтардан хабардар болуы міндетті. Бірақ, білуімізше, учаскелік инспекторлар өздерінің әкімшілік аумақтарында тұрмайды ғой.
- Иә, учаскелік инспекторлардың барлығы да өздерінің әкімшілік аумағында тұрмайды, себебі олар қызметтік пәтерлермен қамтамасыз етілмеген. Аталған кемшілік учаскелік инспекторлардың жоспарлы алдын алу шараларын өткізуге кедергі жасайды. Қазіргі таңда ауылдық әкімдермен, жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп, тәртіп сақшыларын баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешудеміз. Аталмыш мәселенің шешілуі ауданымыздағы криминогендік ахуалдың бірқалыпты болуына ықпалын тигізері хақ.
- Мұратбек Тілектесұлы, маусымның 23-ші жұлдызында қазақстандық полиция қызметкерлерінің күнін атап өтесіздер. Ішкі істер органдарының ардагерлері мен әріптестеріне айтар тілегіңіз...
- Полицияда қызмет істеу – маңызды, әрі жауапкершілігі мол жұмыс. Сіздерге қоғамдық тәртіпті қорғау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету және қылмыспен күресу, оның алдын алу бойынша күрделі міндеттер жүктеледі. Халық көп жағдайда биліктің демократиялығы мен пәрменділігін сіздердің іс-әрекеттеріңізге қарап бағалайды. Ел-жұрттың амандығын сақтау мен Отанымыздың өркендеуіне қосып жатқан үлестеріңіз аз емес, еңбектеріңіз әрқашан жемісті де, табысты болғай. Мен шын жүректен сала ардагерлеріне және қызметкерлеріне мықты денсаулық, отбастарына амандық және құт-береке тілеймін!
- Әңгімеңізге көп-көп рақмет! Сізді де кәсіби мерекеңізбен құттықтаймыз! Ел қорғаны деген атаққа абыройлы қызмет ете беріңіздер!