- Подробности
-
Категория: №25 (10345) от 21 июня 2018 года
-
Создано 21.06.2018 06:42
-
Просмотров: 5187
Гиппократ антын қабылдап, қай кезде болмасын әрдайым сенімділікті сақтайтын, асқан шеберліктің иелерінің кәсіби мерекелерінің қарсаңында «Ұшқын» мәдениет үйінің қабырғасында ұйымдастырылған мерекелік концертте ақ халатты абзал жандар құрмет пен алғысқа бөленді.
Әр адам өз өмір жолында ақ халатты абзал жандармен кездесіп, олардың ыстық ықыласы мен алақандарын сезінеді. Бұның бәрін медицина қызметкерлері ғана бере алады. Олардың көмегімен тоқтаған жүрек қайта соғып, үмітімізді жалғап, балтырымыздың сыздағаны тоқтатылады. Сондықтан, адамгершіліктің асылы болып табылатын медицина саласының қызметкерлерін аудан әкімі Қуандық Испергеновтың өзі құттықтап, салтанатты түрде терапевт Жайылған Дүйсекеновты, акушер-гинеколог Ольга Тарасованы, фельдшер Наталья Саенконы, аурухана экономисі Злиха Ибраеваны, медбике Гүлсара Успанованы, санитар Саят Тулейбаеваны, слесарь Александр Гвозденконы, жүргізуші Андрей Ткаченконы, шаруашылық бикесі Жамал Сулькееваны алғыс хатымен марапаттады.
Мансаптың да, қызметтің де, атақтың да, байлықтың да дәрігер үшін құны көк тиын. Дәрігерге ең қажеті - адамның денсаулығы, оның тағдыры. Науқас адам жанына дәру іздеп, дәрігерге барары хақ. Білім мен мейірімділікті ұштастыра білетін осындай мамандардан тұратын ұжымды басқаратын бас дәрігер Бекболат Уәлиевтің де әріптестерін құттықтап, ізгі көңілінен шыққан ақ тілегін жолдағаны орынды болды. Әдеттегідей, салтанатты шара ауданымызға танымал өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты. Ең қызығы, мерекелік іс-шара барысында сала қызметкерлерін және ардагерлерін жергілікті әншілер мен бишілер ғана емес, әрдайым креативті де, ынталы аурухана ұжымы да құттықтады. Денсаулық сақтау саласының жастар орталығы «Стиляги» биін, Людмила Клец әдемі әнін тарту етсе, орталық аурухананың жалпы бөлімшесі әзіл-қалжыңға толы шағын қойылымдарымен көрермендерді күлкіге қарық қылды (фотосуретте). Мерекелік бағдарлама ақ халатты жандардан құралған хордың орындауындағы «Атамекен» әнімен аяқталды.