- Подробности
-
Категория: №44 (10364) от 1 ноября 2018 года
-
Создано 01.11.2018 07:47
-
Автор: Жанар Қасымова
-
Просмотров: 5167
Қазанның 30-ы күні Тобыл кенті әкімдігінің қабырғасында мүмкіндігі шектеулі жандармен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың аясында өткізілген кездесуге қатысқан аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, медицина саласының мамандарының, мүгедектер қоғамдық бірлестігінің өкілдері қандай мақсатпен жиналды?
«Біз бүгін мүмкіндігі шектеулі адамдардың бейімделуі және бірігуі мәселелері бойынша дөңгелек үстел басында басқосудамыз. Мүгедектер қоғамдық бірлестігімен және аудан әкімдігімен бірлесіп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың шеңберінде аудандық спартакиада, шығармашылық фестиваль өткіздік. Ал, енді, келесі жылғы шаралар жоспарын құрып, көкейтесті мәселелердің шешімін табу үшін жиналдық», - дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Галина Филиппова.
Аталмыш жиында медицинаға, спортқа, мәдени-жаппай іс-шараларға қатысты бірқатар мәселелер көтерілді. Мысалы, мүгедектерге жедел жәрдем уақытылы келмейді, қараша айында республикалық жарысқа барғалы жүрген Азамат есімді азаматқа протез керек, білместіктің кесірінен кейбіреулер шипажайлық-курорттық емделуге бара алмай жүр. Ал, мәдени-жаппай іс-шаралар жайлы айтар болсақ, жиналғандар спортқа екпін жасау керек деп ұйғарды. Мысалы, спорттық жарыстарды залда емес, табиғат аясында өткізсе деген тілек білдірді. Сондай-ақ, «инватакси», яғни мүгедектерге арналған такси мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ. «Мемлекеттің қолдауымен, қаржыландырудың арқасында арнайы такси жұмысын аяғына дейін жеткіземіз деген ойдамын», - дейді аудандық мүгедектер қауымының төрағасы Павел Абрамов.
Жиын барысында көтерілген мәселелердің барлығы да қаперге алынды. Жақын арада тиісті шаралар қабылданып, әкімдік пен басқармаға өтініштер жазылып, күрделі мәселелер шешімін табады деп күтілуде.