- Подробности
-
Категория: №47 (10367) от 22 ноября 2018 года
-
Создано 21.11.2018 14:32
-
Автор: Жанар Қасымова
-
Просмотров: 4689
Қарашаның 15-і күні Таран ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Е.Өмірзақов атындағы аудандық мәдениет үйінің қабырғасында көрермендердің назарына халық театрының «Әр бейнеден өзіңді көр» қойылымы ұсынылды. Би ағаның 124 жылдығына орай қандай қойылымдар қойылды?
Бірнеше әңгімелердің, повестердің, поэмалардың, фельетондар мен очерктердің, пьесалардың, либретто мен сценарийлердің авторы Бейімбет Майлиннің өз туындыларында кедей өмірін толықтай ашып, заман шындығын көрсетумен қатар, адамгершілік, әлеуметтік мәселелерді қозғап, қамтығанын білетін боларсыздар. «Атақты жазушы, публицист, драматург жерлесіміздің туған күнінде театрымыздың асыға күткен «Әр бейнеден өзіңді көр» алғашқы қойылымын паш еттік. Бейімбет шығармалары бойынша қойылған спектаклімізде образдарды біздің театрымыздың әртістері сомдады. Бұл қойылымға біз бір жылдай үлкен жауапкершілікпен дайындалдық. Көрермендеріміздің жылы пікірлеріне қарағанда бірінші қойылымымыз көңілдерінен шықты деп ойлаймын», - дейді «Раушан коммунист», «Ауыл мектебі», «Неке қияр» шығармалары бойынша қойылған қойылымның басы-қасында жүрген режиссер Нина Луценко.
Би ағамыздың шығармаларындағы кеңінен орын алған тақырып – әйел теңдігі. «Раушан коммунист» атты туындысында ол кеңес өкіметіне дейін де, кеңес дәуірінің алғашқы жылдарында да қазақ әйелдерінің өз сүйгеніне бара алмай, тіпті, алпыстан асқан ересек еркектерге тоқалдыққа барғаны көркем тілмен жан-жақты ой сала білген. Сол заманда өткір, өз пікірін дәлелдеп шыға алатын білімді қарапайым Раушандай қыздардың қоғамдағы әйел адамдардың да өз орны бар екенін ашық та, айқын суреттеген. Қысқасы, айтары бар сүбелі «Раушан коммунист» шығармасының талдап-таратып айтылар тұстары жетерлік. Драмашының «Ауыл мектебі» пьесасында да сауатсыздықты жою, әйел теңдігін жүзеге асыру жолындағы кедергілер сыналады. Ал, «Неке қияр» пьесасының мазмұны қыз айттырудан неке қию төңірегіндегі ырым-жырымдарымен қоса алынған көне салттың көлеңкелі жақтары десек, соның бәрін, атынан да көрініп тұрғандай, Ылаңбайдың (бас кейіпкер) іс-әрекеті, сойқанды қылықтары арқылы көрсетеді.
«Біз өз күшімізбен сахна төрінде тамаша қойылым қойып, кәсіби әртіс болмасақ та, әр образды сомдауда барынша тырыстық. Шығармашылық ізденістің арқасында Бейімбет атамыздың мәдени мұралары жадымызда сақталып қалсын», - деген тілек білдірген театр ұжымы Бейімбет Майлиннің шығармаларына үңілуге шақырады. Әр қойылымның сырын аша түсуге тырысқан әртістер үшін көрермендердің қошеметінен артық ешнәрсе керек жоқ. Бірақ, залда ине шаншар орын болмақ түгілі, залдың жартысы да толы болмағаны көңілге қаяу түсірді. Себебі, көрермені жоқ әртіс жетім, халайық!...