- Подробности
-
Категория: №47 (10367) от 22 ноября 2018 года
-
Создано 21.11.2018 14:47
-
Автор: Жанар Қасымова
-
Просмотров: 4827
Елбасымыздың «Қазастандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «...Біз әрдайым бизнеске көмек көрсетеміз, бірақ адам, оның құқықтары мен денсаулығы маңыздырақ», - деген болатын. Осы орайда, тұтынушылық құқықты талап ету мәдениеті артады деген үміттеміз.
Неге десеңіз... Осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздің бірқатар қалаларында техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін ойыншықтардың сынамалары анықталған. Олардың кейбірінде балалар денсаулығына қауіпті заттар табылған-ды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, ойыншықтардың арасынан улы заттардың да табылғанын мәлімдеді. Зертханалық зерттеулердің негізінде допта, кішкене текшелерде, пирамидаларда, сылдырмақтарда, әуенді ойыншықтарда улану қаупін тудыруы мүмкін фенол және формальдегид табылған көрінеді. Ойыншықтардың біразы иістері бойынша талаптарға сәйкес келмейді екен. Өндірушілер ұсынылатын тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі үшін жауап беретінін білмей ме екен? Мемлекет басшысы айтқандай, бизнес пайда табуды ғана емес, сондай-ақ мемлекетпен бірлесіп, азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен жайлы тұрмысын қамтамасыз етуді де ойлауы керек.
Біз бұл тақырыпты халықты дүрліктіру үшін алған жоқпыз, керісінше, келеңсіз жағдайларды болдырмақшымыз. Қазіргі таңда әрбір ата-ана өз баласына қуаныш сыйлау үшін ештеңеден аянбайды. Баланың ермегі ойыншық болғандықтан, баласына оның түр-түрін әперуден ата-ана жалықпайды. Алайда, осы ойыншықтардың қаншалықты бала ағзасына қауіпті екенінен хабарсыз болғандықтан, осы жансыз заттың балаға қаншалықты қатерлі екендігін біле бермейміз, білсек те, немқұрайлық танытамыз. Кедендік одақтың техникалық регламенті бойынша ойыншықтардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірқатар талаптар қойылады. Бұл талаптар ойыншықтың құрылымы мен жасалған материалдарына қойылады, мысалы, материалдар пайдалануға рұқсат етілуі тиіс, модельді ортаға зиян химиялық заттардың сиграциялануының көзі болмауы керек, құрамында ауыр металдар аз мөлшерде болуы керек. Естеріңізде болсын, ойыншықтардың маркерленуі өнім туралы ақпарат беруі тиіс. Сондықтан, ойыншықты таңдау кезінде мұқият болыңыз, қаптамаларға назар аударыңыз. Ойыншық таңдау кезінде оның иісіне мән беріңіз, өткір, жағымсыз иіс болмауы керек. Жергілікті қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Баймухамбетовтың айтуынша, әрқайсымыз жүргізілген зерттеулерге негізделген сәйкестік сертификаттарды, яғни олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжатты талап етуге құқылымыз. Тұтынушы ретінде өз құқығыңызды біліп, балаңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіңіз!