Біз үшін бұл - үлкен мәртебе!

Ел егемендігін алып, етек-жеңімізді жиған сәттен бастап Елбасы жалынды жастарға жанашырлық танытып, қажетті сәтте қамқорлық көрсетіп келеді.


Мол мүмкіндіктерді мүлт жібермей, мемлекет мейіріміне бөленген жастар да аз емес. Дейтұрғанмен, жастар арасында күрмеуі күні бүгінге дейін шешімін таппай келе жатқан күрделі мәселелерді де жоққа шығара алмаймыз. Осыны ескерген Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауында келер жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл Ұлы Дала ұрпағының жүрегіне жігер сыйлағаны, айтпасақ та түсінікті. Бірақ, келер жылдың жауапкершілігі әрбір жасты алаңдатып отырғаны жасырын емес. Сыннан басқа дымға жетелемейтін семинар-тренингтер мен форум, флешмобтардан әбден ығыры шыққан жастар бұл атаулы жылдан ауқымды өзгерістерді күтуде.
Азаттықтың алғашқы жылдарынан Елбасы мән беруге мұқтаж мәселелерді саралап, әрбір жылдың салмағын сала-салаға бөліп қарастырып келеді. Мәселен, 2000 жыл жоғымызды түгендеп, барымызды бағалау мақсатында Мәдениетті қолдау жылы аталса, 2002 жыл Президенттің Жарлығымен Денсаулық жылы болып жарияланды. Бүл халықтың денсаулық сақтау мәдениетін, медицина саласындағы қызмет көрсету деңгейін жоғарылатуға арналған маңызды шешім болды. Бұл уақытта аталмыш салаларда сүбелі серпілістер болғанын көзіміз көрді. Ал, биылғы жаңа Жолдауында Елбасы өскелең ұрпақ өзеуреп күткен қолдауға ие болғандай. Себебі, онда Ұлт Көшбасшысы келер 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынып, жастарға үлкен сенім артатындығының дәлелін нақтылай түсті.
«Біз Қазақстанның болашағы саналатын жастарды қолдауымыз керек. Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясатының басымдылығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек», — деді Мемлекет басшысы бұл орайда.
Яғни, жастардың түрлі жобаларды жүзеге асыруына, жоғары оқу орнын бітіріп, жұмысқа орналасуына, кәсіпкерлікпен айналысуға, сондай-ақ, салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған жұмыстар жан-жақты жетіледі деген сенімі зор. Бұл тұрғыда көптен күткен жыл тек ұрандатқан ұсақ-түйек, іліп аларлығы жоқ ілкімсіз іс-шаралармен өтіп кетпеуі керек. Осы орайда біз «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Александр Корякиннің ой-пікірін білген едік.
Осыған дейінгі Елбасының қай Жолдауын алсақ та, жастарға ерекше көңіл бөліп келген. Биыл жастар мәселесі тағы да ескерусіз қалмады. Жастардың білім алуы, әлеуметтік жағдайы ерекше аталып өтіп, келер 2019 жыл – «Жастар жылы» деп жарияланды. Біз үшін бұл – үлкен мәртебе! Алдағы уақытта Президент Жолдауы аясында Жастар жылына арналған Жастар ұйымдарының бірыңғай шаралары жоспары жасалатын болады. Елбасының жастарды ерекше атап өтуі, жастардың бойында жауапкершілікті арттырады. Себебі, бұл жолғы көтерілген мәселелер де Қазақстанда өмір сүріп жатқан азаматтардың қарапайым өз ауласында спортпен шұғылдануынан бастап қауіпсіздігіне дейінгі сұрақтарды қамтыды. Бюджеттік қызметкерлер мен ұстаздарымызға арналған бастамалар бүгінгі қоғамға қажетті өзгерістердің бірі де бірегейі, бұл тапсырмаларды Елбасы жеке назарына алды.
Мемлекет басшысының «Табысыңның өскенін қаласаң, еңбекқор болуың қажет!» — деген сөзі бар. Сондықтан да қоғамда еңбекқорлықты дәріптеу маңызды. Қоғамның әр азаматы өз жұмысын еліміздің дамуына апарар маңызды істің бөлігі деп білсе, зайырлы мемлекет ретінде көздеген мақсаттарымыз алыс емес. Елбасының халыққа Жолдауы – тәлімгердің оқушыға деген ақылы, жаттықтырушының спортшыға деген бағыты, әкенің баласына өсиеті. Яғни, қазақстандықтардың әл-ауқатының өсу алгоритмі Жолдауда анық көрсетілген, бастысы – оны дұрыс орындау. Жауапкершілікті алу — діттеген мақсатқа қол жеткізу үшін бәріне де дайын болу дегенді білдіреді. Жастарға артылған сенім мен жаңа мүмкіндіктер үшін алғыс білдіреміз», — дейді А.Корякин.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане