«Менің туған жерім»

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_44_44-201813.JPGЕлбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында ұлттық мақтаныш ретінде әрбір қазақстандық білуі үшін оқу-ағарту дайындығын жүргізу қажеттігі туралы айтылған.

Осы орайда, оқу-ағарту жұмысында ауданымыздың Б.Майлин атындағы өлкетану музейінің орны ерекше.
Өткен аптада жергілікті музейдің ұйымдастыруымен «Менің туған жерім» атты ХІ балалар өлкетану оқулары өтті. Бұл іс-шара оқушылардың өз өлкесінің тарихын, оның ескерткіштерін білуге ғана емес, оларды сақтауға, қорғауға, насихаттауға мол септігін тигізеді. Өйткені, өткеннен қалған зор тарихи-мәдени құндылықтарымыз жас ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзіне айналуы тиіс. Ең бастысы, тәрбие құралы ретінде жас зерттеушілеріміздің жұмыстарын қолдануға болады.Бұл тұрғыда музейіміз тарихқа деген қызығушылықты туғызып, бұрынғының естелігін сақтауға ұмтылдырады.
Жыл сайынғы өлкетану оқуларының салтанатты бөлімін ашқан аудандық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Светлана Рудик те оқу мен тәжірибені, өткен мен бүгінгіні ұштастырып, оқу- тәрбие жұмысында ұстаздар мен оқушыларға септігін тигізетін бірден-бір көпір болып табылатын музей қызметінің маңыздылығын айтып өтті. «Рухани жаңғырудың» басты міндеттерінің бірі – балалардың өз өлкесінің бай тарихын зерттеп, танымал жерлестерінің жетістіктерін мақтан етуі. Өйткені, өз халқының рухани құндылықтарын білмейтін адам тамыры жоқ ағаш секілді. Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің және кіші Отанның өткенін зерттеуді, білуді басым бағыт ретінде белгілеуі бекер емес. Міне, сондықтан да, музейіміздің қабырғасында «Менің туған жерім» тақырыбында өлкетану оқулары өткізілуде», - дейді Светлана Алексеевна.
Айта кету керек, аталмыш іс-шараға ауылдық округтердің 8-11-сынып оқушылары қатысты. Красносельск, Новоильинов, Апанов, Тобыл, Набережный, Таран білім мекемелерінің қатысушыларының бірі өз елді-мекендерінің тарихына шолу жасап, бүгінгі тұрмысын, бүгінгі жетістіктерін презентация түрінде жеткізсе, енді бірі өңіріміздің ұлы тұлғаларының, таңдаулы ардагер ұстаздарының, жаттықтырушыларының өмірбаяны мен сіңірген еңбектері, шаруа қожалығының қалыптасуы жайлы баяндамаларын ұсынды. Екі тілде өткен үш сағаттық шарада іздестіру жұмысының өткеннің іздерін сараптап, зерттеуге машықтандыратынына еріксіз көз жеткізесің. Олардың зерттеу жұмыстарын қорғау үшін тыңғылықты, үлкен жауапкершілікпен дайындалғаны байқалды. Қатысушылардың дайындықтары жайлы сөз қозғай келе, оларға жетекшілік еткен мұғалімдерінің еңбегін де атап өту керек.
Ұйымдастырушылар ХІ балалар өлкетану оқуларының қатысушылары мен мұғалімдер қауымына салтанатты түрде арнайы мадақтамалар, мектептерге музейдің әзірлеген жинақтарын табыстап, алғыстарын білдірді. Барлық материалдар музей қорында сақталатын болады. «Жаста оқыған оқуың - тасқа жазғанмен бірдей, егде тартқанда оқыған оқуың – мұзға жазғанмен бірдей» демекші, аталмыш аудандық деңгейдегі іс-шара келешек ұрпақтың рухани-мәдени санасы мен елжандылығын қалыптастыруда өзіндік рөл атқарады деген сенімдеміз.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане