Тағдыры туған жерінің тарихымен теңдес, шежіресімен шендес тұлғалар болады. Өскен өңірге кіндігінен байланып, атақоныстан табан аудармай еңбек еткен Шайзада ата Түгелбаев сол санаттан. Ол Бейімбет Майлин ауданымен бірге өсіп-өнді, бейнет те көрді, құрметке де бөленді. Сын-сынаққа сынбай, қиындыққа қыңбай, өмір-жолда адамдық болмысын жоғалтпай өткен ақсақалдың өскелеңге айтар өсиеті де көп. Қастерлі қарияның әсерлі әңгімесін тыңдап қайтқан едік.
Бейнетке толы бала шақ
Тоқсанға таяған қазынакеуде қарт ауданмен құрдас, тағдыр-талайы ұқсас. Балалық кезі жоқшылық пен ауыр еңбекке, жастық шағы маңдай тер мен мехнатқа толы болды. Қара жұмысқа ерте араласып, трактор мен бульдозердің тізгінін ұстап, ауылдың талай шаруасын арқалаған еңбек адамы бүгінде өткеніне өкінішпен емес, шүкіршілікпен қарайды.
«Өкен жерім – Майлин ауданының бұрынғы Қараоба, қазіргі Красносельский ауылы. Атауы тың игеру жылдарында орысша өзгертілді. Әке-шешеміз осы өңірге 1937 жылы Қызылордадан қашып келген екен. Әкемді байдың баласы деп қуғындаған болуы керек. Мені шешем жолда, Атбасар стансасында босаныпты. Содан кейінгі табан тіреген осы тұрағымыз мәңгілік мекеніме айналды», – деп бастады әңгімесін ақсақал.
Ол кезде елдің жағдайы қиын болғаны мәлім. Зұлматтан-зұлмат айдап, алашапқын аласапыран ұлт басына үсті-үстіне төнді еме пе. Тарихтың ең бір тақсіретті тарауы – екінші дүниежүзілік соғыс қарияның балалық кезіне тұспа-тұс келіп, шырын шағының шырқын бұзды. Жоқшылық жан қысқан кезең. Әкесі соғыста жүрді. Сталинградта «Красный партизан» деген жерде майдандасты. Қолынан жарақат алған соң 1945 жылы елге оралыпты. Бірақ әкесіз өткен төрт-бес жылдың ауыр бейнеті сол кездегі қарасирақ ұлдың әлі күнге көз алдында. Анасы бес баланы бейнет өткелегінен жалғыз алып өтті. Екі ұл, үш қыздың тұңғышы – Шайзада қарт сонау тұста шаңырақтың естияры еді.
«Қиыншылық қанша жерден қыспаққа алып, жоқшылық сүйектен өтсе де шешем бізді далаға лақтырып тастаған жоқ. Өзі аш жүрсе де, бес баланы асырады. Үш пар өгіз жегіп, соқа айдады. Ол кезде техника атауымен жоқ. Азаптың өзінен, тозақтың тезінен өткендей болдық. Қара жұмысқа жегілдік. Тойып нан да жей алмадық. Біріміздің кебісімізді біріміз киіп өстік. Ашөзек, қамкөңіл болып жүріп, мектеп те оқымадым. Заман соған мәжбүрледі ғой», – деді ол дауысы дірілдеп.
«Басқа түссе – баспақшыл», нәмәрт тағдыр, зобалаң замана «баласың» деп аяды ма. Сегіз жасында-ақ, әкесі майданнан оралғанша, «үйдің үлкені» деген жауапкершілікті арқалап, талғаусыз жұмыс істеді. Ертелі-кеш тыл төсінде, мал соңында жүрді. Он бір-он екі жасында жазғытұрым Торғай даласына мал айдады. Бұзау-торпақты жайылымға жеткізу мойнына міндет болып ілінді.
« Қайсыбірін айтайын, қарағым? Өлместің күнін кештік қой. Тұстасымыздың бәрінің тағдыры ұқсас болды. Бірақ сол кездің адамдары сондай бір тату еді. Ізгілік, рақым, қайырым деген алғы орында болатын. Бір тілім нанды бөліп жейтін. Жоқшылық бар, бірақ алауыздық жоқ. Қара халық солайша бір-біріне сүйеніп өмір сүрді, – дейді ақсақал.
Елге ардақты
еңбекторы
Шайзада атамыз бозбала болып, әскер қатарына алынған күнді әлі жатқа біледі. 1958 жылдың 11 қарашасы. Үш жылын Саратов, Сызрань, Мәскеу және Сталинградта өткізді. Әскерде де еселі еңбегімен көзге түсіп, құрылыс саласындағы қызметі үшін марапатқа кенелді. Ашық мінезді, қос тілге жетік жігіт сол кезде-ақ жан-жағын доспен қалап, жақсы аттанып, басшылардың көзіне түсті.
«Қостанай облысынан әскерде жүрген жалғыз қазақ мен болдым. Екі тілге де жүйрік едім. Айналама сыйым жақсы болды. Тіпті мені басшылық сол жақта алып қалғысы келді. Бірақ келісім бермей, елге қайттым», – дейді ол.
Туған жерге келген соң ауыл шаруашылығына араласып, трактор мен бульдозердің тізгінін ұстады. ДТ-74, ДТ-75 сияқты ауыр техникалар оның ғұмырының ажырамас бөлігіне айналады. Қазіргідей кабинасы жылы, жайлы емес, ол кездің техникасының машақаты мүлде бөлек еді.
«Қысы-жазы жауын-шашынды елемей жұмыс істедік. Елең-алаңнан тұрып, боран сайын оқушыларға жол салатынбыз. Таңнан кешке дейін дамыл жоқ. Кейде уақыттан жаңылып, түннің бір уағында үйге келетінбіз. Қазіргідей жылы тұрақ та, қыстық солярка да жоқ. Дәнекерлеуші лампамен техниканы қыздырып, әуре-сарсаңға түсесің. Жалақы да қазіргі сияқты емес. Сағатына аз-мұз пұл төлейді. Жалғыз мақсатымыз – совхозға еңбек сіңіру», – деп ескі күнді еске алды ол.
Трактор тізгініндегі ол шошқаның қи-тезегін де итерді, баздардың алдын да тазалады. Зааятскийдегі шошқа кешенінде бір корпуста мың жарымға дейін «талпақ танау» болған кездерді де көрді.
«Басында «сен мұсылмансың ғой» деп бұл жұмысқа араластырғысы келмеді. Кейін «ол да Құдайдың жаратқан мақұлығы ғой, совхоздың бағымындағы жануар» деп кірістім де кеттім. Жұмыстың аты – жұмыс қой. Одан жаман болып қалған жоқпыз», – деп жымиып қойды ол.
«Достық қайда –
жеңіс сонда»
Шайзада ақсақалдың өмір жолы ауыл шаруашылығының тарихымен ғана емес, осы өңірдегі демографиялық өзгерістермен де астасып жатыр. Тың игеру жылдары бұл өңірге вагон-вагон техникамен бірге сырттан мыңдаған адам келді. Ал оған дейін атырапта қазақ ауылдары көп болған.
«Өзге ұлт өкілдері келгенге дейін бұл атырапта кілең қазақ тұрды. Өзім тұрған Қараобада, Аятскийде соқа жыртып, жеркепе салып өмір кештік. Жалшы, Орынбор, қазіргі Журавлев ауылдарында да қазақтар шоғырланды. Тың игеру келген соң жағдай өзгерді ғой, жергілікті қазақтың үлес салмағы әлдеқайда азайды», – дейді ол.
Алайда өзгерген орта адамдардың арасындағы татулыққа сызат түсірген жоқ. Қайта бір ауылдың берекесін түрлі ұлт өкілдері бірге қалыптастырды.
«Достық қайда – жеңіс сонда» дейтінмін үнемі. Ұлтқа, текке бөлінбей, тату өмір кештік. Жұтқан ауа, ішкен су, жеген нанымыз бір. Сондықтан алауыздық дейтінді сезініп көргеніміз жоқ», – дейді атамыз.
Қағидасына адал қария өзге өңірге ірге аудармай, туған жерінің түлеуіне өмір бойы ақадал қызмет еткені үшін өзін бақытты сезінеді. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды, басқа да мерейтойлық төсбелгілерге өңірін толтырды. Ол зейнетке шыққан соң да қол қусырып отырмай, бұрынғы ет комбинатында жұмыс істепті. Кейінгіге айтар жалғыз өсиеті де сол – ел мүддесіне талмай еңбек ету.
Адалдықтың
жығылмаған ақ туы
Шайзада Түгелбаевтың еңбек жолында атақтан гөрі абыройдың орны бөлек. Жауапкершілік, адалдық, тәртіп, тиянақтылық оның бұлжымас қағидасы болды. Осынысымен де көпке жағып, айналасына сый-құрметі жоғары болды. Басшылығы сенімді маман ретінде арқасынан қағып, үнемі қолдау-демеу көрсетіп отырды.
«Мақтанғаным емес, қай жұмысты істесем де өз шаруама мығым болдым. Бірде-бір бригадир, зоотехник сын айтып көрген емес. «Шәке, қәне, оянып жұмысыңа бар» деп ешкім есігімді қаққан жоқ. Керісінше, «Шәкең қолға алған іске алаңдамаса да болады» деп, сыртымнан лебіз ертетін. Өзімнің арнаулы білімім де болмады. Бірақ еңбегіме қарап, басшылық сол кезде механизаторлар дайындайтын учидищеден «тракторшы» дипломын өздері әкеліп қолыма ұстатты. Бұл да бір үлкен сенімнің белгісі шығар», – дейді ол.
Ауданның түлеген, тоқыраған, жанданып-жаңарған алмағайып кезеңдеріне куә болып, туған өлке тарихының бір бөлшегіне айналған ақсақал өткен шаққа бүгіннің биігінен баға беріп, аузынан тәубесін тастамай отыр. Тәуелсіздік алған жылдардағы өзгерістер, ауданның еңсе түзей бастаған кезіндегі оқиғаларды қолға ұстатқандай тізбектеп айтады.
«Ахуал бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда озық қой. Ауданға қайта жан кіріп, бойына қан жүріп, даму қадамы қарқындап келеді. Басшылыққа келген азаматтардың жанқиярлық еңбегінің жарқын нәтижесі көргісі келген көзге анық түседі. Кезінде тоқыраған шаруа, тұралаған тіршілік қуат алып, аудан жарқырап-жайнай түсті. Осыған шүкір-тәуба!» – дейді ақсақал.
Бүгінде ақсақал ауданның елеулі іс-шараларына арнайы шақырылып, елдің алдына шығып, ақтарылып ақ батасын беріп жүреді. Бұл да оның ел алдындағы еңбегінің, абыройының белгісі.
Шайзада атамыздың құтты-берекелі отбасы да тұтас бір әулеттің шежіресіне айналған. Өзі 1964 жылы Дәреже әжеймен шаңырақ көтеріпті. Әлі күнге бір шәй деспей, тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Айтқандай, атамыз Бейімбет Майлин, Елубай Өмірзақовтарға күйеу бала болады екен. Осы бір тұста әжеміз әңгімеге араласып, әулеттің тарихынан аз-кем сыр шертті.
«Бейімбет – менің әкем Бақыт Бәйкеновтің туған нағашысы. Ал Елубай – әкемнің ағасы. Өзі Жалшыда туған. Соғыстан оралған соң 1947 жылы Журавлевте мен дүниеге келдім. Кейін тоғыз ағайынды болдық. Осы кісімен дәм-тұзымыз жарасып, бір шаңырақ астында алпыс жылдан астам уақыт ғұмыр кешіп келеміз. Үш ұл, екі қыздың ата-анасы атандық», – дейді Дәреже әжей.
Отбасы тағдырдың кермек дәмін де аз татпапты. Бір қыздан кішкентайында айырылса, екінші қызы кейін өмірден озған екен. Бертінде екі немереден де көз жазғанын айтып отыр әжей. Соған қарамастан, бүгінде әулеттің дәулеті тасып, өсіп-өніп, өркен жайып келеді. Бұл кісілердің бүгінде он үш шөбересі бар. Өз балалары да абыройсыз емес. Үйдің үлкені Сағынтай егін шаруашылығымен айналысады. Тағы бір бала аудан орталығындағы «Сабина» кафесін ұстап, мал шаруашылығын да мандытып отыр. Немерелері түрлі салада еңбек етеді. Прокуратурада қызмет етіп жүрген Бауыржан есімді жиен немересі де бар. Қария үшін осының бәрі – өмірдің ең үлкен сыйы.
«Жасарымды жасадым, асарымды асадым. Осы бақытты күйімде, ұрпағымның алдында ақ жанымды Аллама аманаттасам, арман жоқ. Құдай мені темірден де мықты етіп жаратқан екен деймін. Қаншама қиындық пешенеге жазылса да өмір сүріп келе жатырмын әлі, – деп бір күрсініп алды атамыз. – Бала күнімнен бойыма сіңген бір өсиет бар. Аталарымыз жүректі таза ұстауға үйретті. «Ақ жіп пен қара жіпті шатастырма. Ақ жағында бол. Әділдікті жақта. Ел-жерге қызмет ет» деп отыратын. Сол менің өмірлік темірқазығым болды-ау деп ойлаймын».
Шайзада ақсақалдың бүкіл ғұмыры осы бір аталы сөздің мағынасын ашып тұрған сыңайлы. Оның тағдыр-талайы тұтас бір дәуірдің суреті іспетті. Қандай құқай-қиындық көрсе де адамдықтан айнымай өткен қарттың өзі де бүгін жас ұрпаққа сол өсиетті аманаттап отырғандай: ақ жағында бол, әділдікті жақта, елге қызмет ет!
03.09.2026 14:34

Астана, 2026 жылғы 3 қыркүйек. Astana Hub алаңында Qazaq AI Research University (QAIRU) — Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша жасанды интеллект...
03.09.2026 14:31

Астана, 3 сентября 2026 года. На площадке Astana Hub прошла пресс-конференция Qazaq AI Research University (QAIRU) — первого в Центральной...
03.09.2026 12:52

Тәуелсіздік сарайында елімізге ресми сапармен келген Лаос Президенті Тхонглун Сисулитті салтанатты қарсы алу рәсімі өтті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тхонглун Сисулит бір-біріне...
02.09.2026 15:26

1 қыркүйек - Білім күні «Сапар Ерғалиев атындағы жалпы білім беретін мектебі» КММ-де «Ыбырайдың қоңырауы - болашаққа аманат» атты салтанатты...
02.09.2026 15:25

Жаңа оқу жылы – әр бала үшін жаңа білімге, жаңа мүмкіндіктерге бастайтын ерекше кезең. Әсіресе мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер...
02.09.2026 15:24

В районном центре появилась ещё одна точка быстрого питания. Её открыла многодетная семья Ертаса Днекешова, переехавшая в наш район из...
02.09.2026 15:22

История районного отдела полиции - это, прежде всего, история людей, которые в разные годы здесь служили. За девять десятилетий многое...
02.09.2026 15:21

1 сентября в Нагорненской основной средней школе состоялась торжественная линейка, посвящённая началу нового учебного года и Дню знаний. В этот праздничный...
02.09.2026 15:20

В ТОО «Варваринское» выявили лучших горняков во время конкурса профессионального мастерства, приуроченном к Дню шахтера. Праздник отмечают в последнее воскресенье...
02.09.2026 15:18

Семья Горбенко из района Беимбета Майлина стала одной из победительниц областного этапа конкурса «Мерейлі отбасы». В этом году в областном этапе...
01.09.2026 13:54

В районе продолжается работа по укреплению семьи и поддержке женщин В районе Беимбета Майлина действует рабочая группа по делам женщин и...
01.09.2026 13:53

Касым-Жомарт Токаев полагает, что стратегическое значение имеет наращивание торгово-экономического и инвестиционного партнерства Он сообщил, что совместными усилиями взаимный товарооборот стран ШОС...
01.09.2026 13:51

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты Мемлекет басшысы қонақжайлық танытып, жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін...
01.09.2026 13:48

Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 26-отырысына және «ШЫҰ+» форматындағы кездесуге қатысу үшін Бішкектегі «Ырыс Ордо» конгресс-холына...
28.08.2026 10:45

Глава государства: «В целом, на первый состав Курултая возлагается исключительная ответственность. Депутаты должны следовать наказам избирателей и служить интересам государства. Это непреложная...
28.08.2026 10:44

Мемлекет басшысы: «Жалпы, Құрылтайдың алғашқы құрамына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Депутаттар халықтың аманатына адал болып, мемлекет мүддесіне қызмет етуі керек. Бұл – анық...
28.08.2026 10:42

Президент: «Жалпы, бұл сайлаудың мәні де, мазмұны да өзгеше болды. Себебі өткен сайлау ең алдымен Қазақстандағы саяси алуандықтың жаңа сапалы деңгейге...
28.08.2026 10:40

Касым-Жомарт Токаев: «Граждане всецело поддерживают масштабные преобразования, реализуемые в Казахстане. Выборы в Курултай убедительно это доказали. В голосовании приняли участие более 74...