- Подробности
-
Категория: №10 (10330) от 7 марта 2018 года
-
Создано 07.03.2018 11:31
-
Просмотров: 4295
Таран АІІБ-ң жергілікті полиция қызметінің Тобыл кенттік полиция бөлімшесінің учаскелік инспекторы, полиция майоры Қонқас Жұмабай Серікұлының біркүндік жұмысы жайлы бір үзік әңгіме.
Ақпан айының жиырма сегізі, таң енді білінген шақ. Жұмабай алдыменен кенттің қалтарыстау жерлерін жеңіл көлігімен сүзіп өтті. Бұл оның күндегі әдеті.
Қарапайым отбасы тәрбиесін көріп өскен ол жауапкершілік атты қасиетті ардақ тұтты. Дархан Торғай елінің топырағы баласына ізгілік, іске жауапкершілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты ұлттық құндылықтарды дарытыпты. Ауыл қарияларының: «Ұлым, қайда жүрсең де адамдығыңа селкеу, үлкендердің бетіне шіркеу түсірме, намысыңды жоғалтпа, қиянатқа барма, қызметтік бабың қанша талап етіп тұрса да мәселеге екінші қырынан қарауды есіңнен шығарма», – деген өсиетке бергісіз сөздері жадында күн сайын жаңғыратын болды. Үйден ерте шығып жұмысқа дейін төңіректі бір шолып шығатын әдет сол аға буынның сенімін ақтауға деген үлкен ұмтылыстан туындаған еді. Содан да болар әдеттегі таңғы жиында бастық сұрай қалса қашанда жауабы дайын.
Жұмабай Серікұлы бұл салаға алғаш рет 2003 жылы Әулиекөл ауданында қадам басқан еді. Содан бері 14 жыл өтіпті. Бүгінде Тобыл кентінде. Осы саланың әртүрлі қызметтерін атқарды. Тәжірибе жинады. Әріптестерінің жақсы үлгілерін үйренді. Бастысы жауапкершілікті темірқазық қып ұстады. Сосын, заңға адал болуы басты шарт болып табылады», – дегені де есінен шыққан емес. Учаскелік полиция инспекторы – қияметі көп қызмет. Тұрғындарды тұрақты қадағалап тұру, күдіктілерді іздеу, тергеуге алу, тіпті, көшенің тазалығы да соның мойнында. Белгілі жазушы-журналист, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза журналистердің бейнетіне қатысты «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп баға берсе, осы бағаны полицейге бұратын болса, учаскелік инспекторға дәл келмек.
Сонымен таңертеңгі уақыт. Жұмабайдың көлігінде келеміз.
— Сіз жергілікті полиция қызметінде жұмыс істегендіктен, күнбе-күн халық алдында жүресіз. Халықтың сеніміне ие болу қаншалықты қиын?
— Әрине, халықтың сенімі — бұл полиция жұмысының басты көрсеткіші. Егер тұрғындар полицияға сенсе, онда полиция өз жұмысын дұрыс атқарып жатыр деген сөз. Халық бізді сыйлау үшін біз, ең алдымен, өзімізге жоғары талаптар қоя білуіміз қажет. Полицейлердің өзі әрбір азаматқа құрметпен, сыйластықпен қарауы тиіс. Полиция қызметкерінің сыртқы кейпі, мінез-құлқынан бастап, білімі, психологиялық дайындығы, жауынгерлік әзірлігі жоғары деңгейде болуы қажет.
Тоғыз жолдың торабы болып саналатын Тобыл кенті қашан да келімді-кетімді адамдардан арылмайды. Сондықтан әр бұрышты, әр қуысты жиі бақылауда ұстап отыру керек. Бұл кент тынымсыз жұмысты қажет етеді,- дейді жан-жағына көз жүгіртіп келе жатқан Жүкең.
Иә, учаскелік пунктерінде де демалыс деген жоқ. Күнделікті жұмыстан кеш кеткеннің өзінде ертеңіне ерте келу олардың дағдысына айналған екен. Жұмыс орнындағы құжаттарды ретке келтіріп отырғаны сол еді, қоңырау соғылып, шағым түсті. Ішімдік ішкен З. есімді азамат отбасына кикілжін салып жатыр екен. Тобылдық «бұзықтарды» жақсы білетін Жүкең жол бойы ол туралы қысқаша айтып өтті.
-Негізі З. есімді бұл азаматтың қалпы жаман емес. Ішімдік ішсе, отбасының берекесін алады. Сосын сөзге тоқтай қоймайды,- деді.
Ақыры айтқандай әлгі азамат ақылға келмеді, Жүкең тиісті қағаздарын жинап, аудандық ІІБ-не апарып қамады.
Әлгі азаматтың шаруасын тындыра бергені сол еді, ұялы телефонға тағы да қоңырау шалынды. Н. есімді орыс азаматы спирттік ішімдіккке сылқия тойып алған, анасы мен қарындастарына қол көтеріп, бұзақылық жасап жатыр екен. Жұмабай 60 жастан асқан Н.мен біраз әңгіме жүргізді. Ол кешірім сұрап, тыныш жатуға уәде еткендей болды. Жүкең сыртқа шығып, оны бәрібір 10-15 минуттай бақылап тұрды. Сөйткенше болған жоқ, әлгі үйден қайта қоңырау соғылды. Н. азаматты қамаудан басқа шара қалмады. Тағы да ауданға шабу. Сол күні осы тектес тағы да екі шағым түсті.
Сағат түнгі 23.50. Мен өз жұмысымды осы жерден тоқтатайын деп ұсыныс айтып, үйді бетке алдым. Қонқас Жұмабай Серікұлының жұмысы әрі қарай жалғасып кетті.