- Подробности
-
Категория: №15 (10335) от 12 апреля 2018 года
-
Создано 11.04.2018 15:22
-
Просмотров: 4698
Аудандық ішкі істер бөлімінің мәліметіне сүйенсек, облыстық ІІб-нде 2016-2018 жылдары аралығында ҚР ҚК 273 бабы бойынша жасалған қылмыстардың жиырма төрт фактісі тіркелген, олардың бесеуі кәмелет жасқа толмағандармен жасалған көрінеді. Барлық қылмыстар ашылды, кінәлілер сотталды. Бірақ, кәмелет жасқа толмағандар арасында терроризм актісі туралы жалған хабар беру фактілері әлі де орын алуда.
Мәселен, 2-сәуір күні Қостанай қаласының ішкі істер басқармасына «Орталық әмбебап дүкені» сауда орталығының күзетшісінен сыртқы нышаны жарылғыш затқа ұқсайтын заты бар екі кәмелет жасқа толмағандарды ұстау фактісі туралы хабарлама түсті. Тексеріс барысында жарылғыш құрылғының болмағаны анықталды. Жағдай аталмыш тексерістерді жүргізу үшін ІІД, ҰҚКД, ТЖД және жедел жәрдемнің қаншама күші мен құралдары жұмылдырылады. Оған қоса, қоғамның шырқы бұзылып, халықтың арасында үрей туғызар дүрбелең жағдайы тағы бар. Сот актілерінің талдауы қылмыстарды жасау субъектілері кәмелет жасқа толмағандар болып табылатындығын көрсетеді. Өкінішке орай, жалған хабар беруші жасөспірімдер де, ересек адамдар да жасаған әрекеттерінің қоғамдық қауіпсіздік деңгейін ұғынбайтын секілді.
Мұндай жағдайларды болдырмау үшін, яғни терроризм актісі туралы жалған хабар беру фактілерінің алдын алу үшін ауданымыздың тәртіп сақшылары бірқатар жұмыс атқаруда. Нақтырақ айтсақ, жүйелі және жоспарлы негізде оқу мекемелерінде ескерту-түсіндіру жұмысы ұйымдастырылуда. Осы күнге дейін ювеналды полиция тобы арнайы Таран, Асенкрит, Новоильин ауылдық округтері мен Тобыл ауылының оқу ұйымдарына барып, ата-аналармен және қатысушылармен жолыққан көрінеді. «Орын алған немесе дайындалып жатқан терроризм актісі жөнінде белгілі болған жағдайда дерек құқық қорғау органдарына хабар беру әрқайсымыздың азаматтық міндетіміз болса да, ол жөнінде жалған хабар беру – қылмыс, заңмен жазаланады. Жалған хабар беруші Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 273 бабы бойынша алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатынын біліп жүріңіздер», - дейді топ мүшесі Әсел Агадилова. Осылайша, жасөспірімдер арасында аталған әрекеттер үшін көзделген қылмыстық және материалдық жауапкершіліктер туралы ескертулер мен түсіндірме жұмыстары жүргізілсе, оның өзі келеңсіз жағдайлардың алдын алуға септігін тигізеді деген сенімдеміз. Бұл бағыттағы жұмыс ауданымыздың өзге де ауылдық округтерінде жалғасын табады.