- Подробности
-
Категория: №22 (10342) от 31 мая 2018 г.
-
Создано 31.05.2018 06:07
-
Просмотров: 6182
Қиындығы мен қызығы мол тағы бір оқу жылы аяқталып, білім ұяларын соңғы қоңыраудың сыңғыры күмбірлетіп әкетті. 25-мамыр күні «Соңғы қоңырау» мерекесіне соңғы рет жиналған С.Ерғалиев атындағы орта мектептің 11-сынып түлектері үшін мәңгі есте қаларлық ерекше күн болғаны сөзсіз.
«Сыңғырла, соңғы қоңырау!» атты салтанатты іс-шараның алғашқы минуттарынан-ақ аталмыш мектептің қабырғасында өткен күндердің бәрін тәтті естелікке айналдырған түлектердің де, ата-аналар мен ұстаздардың да бойында қобалжумен қатар, қимастық сезімінің болғаны бірден байқалды. Түлектер демекші, бұл күні, әдеттегідей, 11-сыныптың ғана емес, 9-сынып оқушылары да түлек атанды.
Кеше ғана тарыдай боп кірген, бүгін таудай боп шыққан қарлығаштарды арнайы шақырылған қонақтар да, мектеп директоры мен 9,11-сыныптардың сынып жетекшілері де, ата-аналар да құттықтады. Аудандық мәслихаттың хатшысы Сүндетбай Сапабеков лебізін білдірген соң, 2017-2018 оқу жылында жақсы табысты жетістіктері үшін аудан әкімінің атынан жаңа өмірге қадам басқалы тұрған 9-сыныптың түлектері Диас Балтабайұлына, Ақбота Берікке, Дана Хусаиноваға алғыс хат тапсырса, 1-сынып оқушылары түлектердің әрқайсысына арналған өлең шумақтарын тарту етті. Айтпақшы, соңғы қоңырау мерекесіне арналған осынау айтулы іс-шарада білімімен оза шапқан, дарынымен дараланған оқу озаттары да назардан тыс қалған жоқ. Мектеп директоры Аслан Мәдібаев 1 мен 11-сынып аралығындағы үздік оқыған және мектеп намысын халықаралық, республикалық, аудандық деңгейде қорғауда зор үлесін қосқан оқушылардың барлығын да мақтау қағаздарымен марапаттады. Жыл бойы мектептің қоғамдық өміріне белсене қатысқан ата-аналарға да лайықты құрмет көрсетіліп, арнайы алғыс хаттар табысталды.
Салтанатты жиында білім ордасымен қоштасқалы тұрған түлектерге ерекше көңіл бөлінді. Мерекелік бағдарламаның марапаттауларға, әрі оқушылардың тамаша музыкалық тосын сыйларына толы болғанын айта кету керек. Түлектер де құр қол қалған жоқ. Шыны керек, олар жиналғандарды креативті әндерімен, билерімен таңқалдырып, «Сыңғырла, соңғы қоңырау!» салтанатты іс-шарасының сәнін аша түсті. 11-сынып түлегі Эльенора Әбдірахманова мен 9-сыныптың түлегі Владислав Вакуленко да сөз алып, ақ жарма тілектерін, ризашылықтарын білдірді. Соңғы қоңырау соғылғаннан кейін, салтанатты жиын өз мәресіне жетті.