- Подробности
-
Категория: №23 (10343) от 7 июня 2018 года
-
Создано 07.06.2018 07:56
-
Просмотров: 4666
Мамырдың 31-ші жұлдызында «Ұшқын» мәдениет үйінде өскелең ұрпақты тәрбиелеудің бірегей жүйесін құру бойынша барлық құрылымдар мен ата-аналар қоғамдастығын біріктіру мақсатымен аудандық ата-аналар жиналысы өтті. Аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен өткен жиында қандай мәселелер көтерілді?
Мәдениет үйінің фойесінде қатысушылардың назарына «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында және Астананың 20 жылдық мерейтойына орайластырылған тамаша көрме ұсынылды. Аталмыш көрменің әрқайсысын көріп шыққан аудан әкімі Қуандық Испергеновты қызықтырған сұрақтарға мамандар толық та, тұшымды жауап беруге барынша тырысты. Айта кетейік, бұл көрмені білім беру және мәдениет салаларының қызметкерлері паш етті.
Облыстық мәслихат депутатының, аудан әкімі орынбасарының, ауылдық округ әкімдерінің, мемлекеттік мекеме басшыларының, мектеп директорларының, ата-аналар қауымдастығының, түлектердің қатысуымен өткен жиынды аудан әкімі ашты. Қуандық Испергенов қысқаша ғана бала тәрбиесі тақырыбын тілге тиек етіп, ол: «Біз бүгін аудандық ата-аналар жиналысында мектеп пен отбасының, қоғамның оқушыларды тәрбиелеу, дамыту бойынша бірлескен жұмыстарының түрлері мен әдістерін жасап, өскелең ұрпақты тәрбиелеудің бірегей жүйесін құру бойынша барлық құрылымдардың, педагогтар мен ата-аналар қоғамдастығының күшін біріктіру үшін жиналдық», - дей келе, сөзді аталмыш жиналыстың модераторы Айгүл Алимбаеваға берді. Жиналғандарды күн тәртібіндегі негізгі тақырыптармен таныстырып өткен білім беру бөлімінің басшысы баяндамашыларды уақыт тәртібін сақтауға шақырды. Аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинетінің әдіскері М.Ю.Новикова қорытынды аттестация мен 2018 жылғы ҰБТ-ге дайындық бойынша талдау жасаса, екінші әдіскер Ғ.Ж. Ибраева «Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтарды ескерту мен алдын алудағы отбасының рөлі» тақырыбындағы баяндамасын ұсынды. 2017-2018 ж.ж. кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс жағдайы туралы ақпаратты жергілікті полиция қызметінің басшысы А.М. Байзаков ұсынса, №116 Тобыл орта мектебінің әлеуметтік педагогы Л.И. Тынгес балалардың оқу процесін ұйымдастыру мен тәрбиелеу процесіндегі педагогтар мен ата-аналардың өзара қарым-қатынас жасау қажеттілігі жайлы сөз қозғады. Май орта мектебінің психологы Л.Г. Халецкая баяндамаға үңілмей-ақ, қарапайы тілмен мысалдар келтіре отырып, кәмелетке толмағандардың өзін-өзі ұстауы, психологиясы төңірегіндегі тақырыпты аша түсті. Жұмыспен қамту бағдарламаларының аясында кәмелет жасқа толмағандарды жұмысқа орналастыру жөнінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Г.В. Филиппова баяндап берді. Негізгі тақырыпты жан-жақты зерделеген баяндамашыларға қосымша сұрақтар қойылмағанмен, кейін жазғы демалысты ұйымдастыруға қатысты бір сұрақ та қойылды, жауап та қайтарылды. Соңында модератор Айгүл Алимбаева қатысушыларды жиналыстың қарарымен қорытындылады.