Ұстаздық - ұлы құрмет

b_600_290_16777215_00_images_images_2019_41_41-2019_10.jpgҰстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор.


Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. «Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып!» – демекші, Мәнсия апай өмірінің бар саналы ғұмырын білім ордасының оқушыларына арнаған, ілім мен білімді меңгерткен, кәсіптік тұрғыдан дамытуға үлкен үлес қосып, мыңдаған түлектерді тәрбиелеп шығарған. Артына өшпестей із қалдырған ардагерлерімізді бүгінде біз, жастар ізін жалғастырушы шәкірттері мақтан тұтамыз. Үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбек. Ұстаздықтың ұлы жолын таңдаған әрбір адам осы қасиеттерге ие болуы керек дейді Мәнсия апай. Жүзінен шуақ, әр сөзінен жылылық төгіліп тұратын ұлағат иесі жайлы айтатын боламыз.
Мәнсия апайымыздың еңбек еткен мамандығы қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі. 1980 жылдан бастап ұстаздық жолын бастаған Мәнсия апай 40-жыл бойы мұғалім болып жұмыс істеген. Оның 14 жылдан аса уақытын мектепте директордың оқу ісі меңгерушісі болып та жұмыс атқарған. Тіршіліктің толқындары мен жосындарында, өрлері мен төрлерінде, асулары мен белдерінде Мәнсия апайымызға жұбайы Файзолла ақсақал әрдайым дем беріп, қолдау көрсетіп келеді. Шаңырақ құрғандарына жарты ғасыр уақыт болған жандар бүгінде төрт баладан тоғыз немере, төрт шөбере сүйіп отыр.
Ұстаз – өмірдің тұтқасы. Мәнсия апай өнегелі өмірі мен еселі еңбегінің арқасында айналасына қадірлі жан. Бейнеттің зейнетін көріп отырған абзал ұстаз білгенін, өмірден түйгенін үйретуден әлі де болса жалыққан емес. Мәнсия апайымыздың анасы да талай жылдар бойы ұстаздық жолда еңбек еткен жан. Балкен анамыздың ізін Мәнсия апайымыз жалғастырса, бүгінде өзінің балалары мен немерелері де апайымыздың ізін жалғастырып келеді. 2 немересі Лисаковск қаласында еңбек жолын жалғастырып жатса, ал, енді бірі Красносельский орта мектебінде мұғалім болып жұмыс жасап отыр. Атап айтатын болсақ, Шыңғыс Ерланұлы денешынықтыру пәні мұғалімі, Дания Берікқызы бастауыш сынып мұғалімі, Индира Ерланқызы химия және биология пәні мұғалімі, Дана Қуанышқызы математика пәні мұғалімі болып қызмет атқарып жатыр. Ал, Мәнсия апайымыздың қызы Әлия Файзоллақызы Байканова бүгінде білдей бір білім ордасының басшысы болып отыр. Бұл, Мәнсия апайымыздың еңбегі мен тәлім-тәрбиесінің арқасы деп білеміз.
«Анамыз өлместің емес, өшпестің, құлқынның емес, құндылықтың күйін күйттеуге үйретті. Қай уақытта болмасын аспандағы жар­қыраған жұлдыз сияқты нұр шашып, күн сәулесі сияқты жылу төгіп жү­­ретін адамдар болады. Анамыз дәл сондай адамдардың қатарынан»,- дейді балалары.
Адам баласының ғұмыры жасаған жасымен емес, атқарған ізгі амалдарымен мәнді, - десек, Мәнсия апайымыздың оқу-ағарту саласына сіңірген ұшан-теңіз еңбегі ауданымыздың алдында еленіп те келеді. Ұлағатты ұстаздың өмір жолы мен ізгі қасиеттері соңғы толқынға үлгі болып, әлі де жасай беруіне біз де тілек білдірдік.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане