Болашаққа нық қадаммен

b_600_290_16777215_00_images_images_2019_42_42-2019_13.JPGЕлімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылығын дамыту мәселесі назардан тыс қалған емес. Бүгінде ауданымызда мүгедектер санына қарамастан,олар қоғамның толық мүшесі ретінде белсенділік танытып жүр. Қазан айының екінші жексенбісі- мүмкіндігі шектеулі жандар күні.


Спорт десе, ішкен асын жерге қоятын жанкүйер аз емес. Әсіресе, үстел теннисі мен ұлттық ойындар спорты дегенде делебесі қозып, үйінде байыз тауып отыра алмайтындардың қатары көп
Солардың бірі-Алмас Нұргелдіұлы. Мектеп кезінен үстел теннисімен және ұлттық ойындармен, соның ішінде, асық ату, тоғызқұмалақ сынды ойындардың шебері десек, қателеспегеніміз. Қоғамның толыққанды мүшесі ретінде бар күш-жігерін жұмсап, намысты қолдан бермеуге тырысып жүрген азаматтардың бірі Алмас ағамыз.
- «Шынықсаң – шымыр боласың» демекші, дене жаттығуы адам баласына қашан да пайдалы. Күні бойы өзіңді сергек сезініп жүрудің де бір тәсілі – спорт. Қазіргі таңда спорт саласында көптеген жетістіктерге жетіп жүрмін. Мақтанғаным емес, бірақ та, кішкене болсын ауданымызға спорт саласында өз үлесімді тигізіп жүрмін. Қазіргі таңда, ұлттық ойындарға да әуеспін. Оның ішінде асық ату ойыны мен тоғызқұмалақ жаныма жақын. Болашақта осы ойын түрлерін дамытып, жастарымызға үйрету. Мен өзімді мүмкіндігі шектеулі жанмын деп есептемеймін. Себебі, барлық адамдар секілді өзімнің жұмысым бар, алға қойған мақсаттарым айқын. Болашаққа нық қадаммен келемін. Қолымнан бәрі келеді деп айта алмаймын, десе де, білмегенімнен білгенім көп. Қазір көбіне үстел теннисінен жарыстарға қатысып жүрмін. Облыстық деңгейлерде жүлделі орындарды иемденіп жүрмін. Болашақта Республикалық, халықаралық деңгейге де шығамын деген ойдамын. Алғаш спортты ұлттық ойындар ойын түрінен бастаған болатынмын. Мектепаралық, қалалық, облыстық жарыстарда ойнағанмын. «Егер адам құлаудан кейін тұрса-бұл физика емес. Бұл-мінез» деген сөз бар, осы бір сөздерден кейін мен әрқашан өзімді сабырлыққа шақырып, бәріне төтеп беру керек екенін айтамын,- дейді Алмас ағамыз.
«Осы атаулы мерекелік күні біздің барлық үміттеріміз бен армандарымызды тығыз байланыстыратын күздің алғашқы айының басында келуі, жақсылықтың нышаны болса керек. Барлық адамдарға айтарым, қандай жағдай болсын, еңселеріңізді түсірмеңіздер. Бұл бір сынақ деп қабылдап, оған қарсы тұра біліңіздер. Себебі, Алла тек сүйген құлына ғана сынақ береді емес пе?!»,- деп сөзін аяқтады Алмас Нұргелдіұлы.
Спорттың адам өмірінде алатын орны зор. Біздің ата-бабаларымыз “Тәні саудың – жаны сау” деп бекер айтпаған. Спорттың қай түрімен айналысу да адамның қабілетіне байланысты болады. Алмас ағамыздың болашақта елімізге үлкен үлес қосатынына сенімдіміз.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане