Құтқарушы болу – ердің ісі

b_600_290_16777215_00_images_images_2020_42_5486465.jpgЖедел-құтқару қызметтеріне оңай жатталып, тез терілетін телефон нөмірлері берілген. Солардың ішінде өрт сөндіру қызметі «101» (бұрынғы «01») болып бірінші тұр. Бұл демде лаулап, дес бермей кететін қызыл жалынның қауіптілігін ғана емес, өмірі өрт өтінде жүретін жандардың жұмысы қаншалықты қиын екендігін де айғақтаса керек.
Ғаламдағы ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші қызметі. Нағыз ер азаматтарға тән мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Күнде өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүрген батырлардың құрал-саймандары сақадай сай, дайындықтары жоғары болуы керек. Себебі, бұл іс сәл мүлт кетуді кешірмеуі мүмкін. Өрт сөндіруші мамандығы – өте маңызды және қауіпті. Өрттерді шебер әрі тез сөндіру үшін, ержүрек адам болу кемшілік етеді, өрт қауіпсіздігі ережелерін, өрт сөндіру техникасын және отпен күресу амалдарын білу қажет. Өрт сөндіруші епті әрі күшті болуы міндет.
Бәрімізге мәлім, 19-шы қазан құтқарушылар мерекесі. Биыл бұл мамандық иелеріне 25 жыл толып отыр. Адал еңбегімен қатар жеткен жетістіктерімен, абыройлы міндеттерін лайықты атқарғандары үшін ҚР Ішкі істер министрілігінің III дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен №16 өрт сөндіру бекетінің бастығы, азаматтық қорғау капитаны Рашид Берікұлы Кущугулов, №16 өрт сөндіру бекетінің инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Жәнібек Қуандықұлы Ибраев, II дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен Тобыл кентінің № 17 өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Марат Өрікбайұлы Кожбанов марапатталды. Абыройлы еңбектерінің арқасында осындай биік белестерден көрініп отырған құрметті азаматтар қауіпті жұмыста әлі талай жыл еңбектерін жалғастырмақ. Рашид Берікұлы мен Жәнібек Қуандықұлының осы салада еңбек еткен жұмыс өтілдері 10 жылдан астам уақыт, ал, 2-ші дәрежелі медалімен марапатталған Марат Өрікбайұлының биылғы жылы осы салады еңбек етіп келе жатқанына 15 жыл толып отыр. Қиындығы мен жауапкершілігі жоғары бұл мамандық иелері «Халықтың амандығы, еліміздің тыныштығы, қандай жағдай болмасын абыройлы қызмет етуіміз ең басты парызымыз» деп, атап өтті.
Қиындыққа қарамастан, олар зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетеді. Лаулаған оттың ортасына кіреді, қансыраған адамды құтқарып, қатыгез қыстың аязында қалғандарға қолұшын созады. Алайда, олар мұны ерлік деп есептемейді. Күнделікті қызметіміз деп қарайды…
Бір қызығы, құтқарушылардың өздері бұл ауыр да абыройлы жұмыстарымен жар салып,мақтанбайды.
– Төтенше жағдай кезінде жұмыстың дұрыс үйлестірілуі және ұжымның ауызбіршілігі аса маңызды. Батыл мамандар елдің кез-келген жеріне жедел көмекке келуге дайын. Адам өміріне қауіп төнген уақытта еш кідіруге болмайды, – дейді №16 өрт сөндіру бекетінің бастығы, азаматтық қорғау капитаны Рашид Берікұлы Кущугулов.
Оқыс жағдайға ұшырағандарға алғашқы болып жететін құтқарушы еңбегі қандай құрметке де лайық болуы тиіс деп есептейміз.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане