- Подробности
-
Категория: Последний номер
-
Создано 19.11.2020 06:16
-
Автор: Балзина Атимтаева
-
Просмотров: 590
Жыл басында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «еріктілік» деген ұғымға кеңінен түсіндірме берген еді. «Еріктілік» – біреудің тапсырмасымен емес, өз еркімен қандай да бір пайдалы іс атқару.
Осы орайда аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Еркен Назаровпен сұхбаттасқан болатынбыз.
- Еркен мырза, биылғы жыл еріктілерге де айтарлықтай ауыр тигені рас. Жұмыстарыңыз жайында айтсаңыз?
- Биылғы жылы барлықтарымызға әсер етпей қойған жоқ. Өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің қатары жыл санап артып келеді. «Ерікті болу – ерлікпен тең» деп айтып жатамыз, осындай ерлікпен сыналып жүрген жастарымыз ауданда ауыз толтырып айтарлықтай көп. Биылғы жылы айтарлықтай қарқынды іс-шаралар өткізе алмадық. Десе де, алдағы жылға деген жоспарлар мен мақсаттарымыз көп десек болады. 2020 жылы жастармен өткізген іс-шарамыздың бірі ол жақында өткен жастардың «Алтын кітабы». Бұл атаулы күн есімдері ауданымыздың «Алтын кітабында» қалатын жастар үшін шын мәнінде "алтын күн" ретінде қалады. Биылғы жылы 13 жас іріктелініп алынды. Олар өздерін түрлі салалар мен бағыттарда көрсете білді. Білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, спорт, мәдениет, өнеркәсіп... Үздіктерді таңдау оңай болған жоқ, бірақ, құзыретті қазылар алқасы мәлімделген 40-тан астам номинанттың ішінен лауреаттарды таңдап алып, марапаттаған болатынбыз.
- «Covid-19» пандемиясымен күресу кезінде жергілікті еріктілер өздерін қалай көрсетті?
- Біз еріктілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырыстық. Ол, әрине, медициналық бетперде, қауіпсіздік киімдері, қолғаптар және т.б. Карантин кезінде біздің еріктілерге өте көп өтініштер келіп түсті. Түрлі жағдайға байланысты жалғыз қалып қойған қарт кісілер, мүгедектер, жалғызбасты аналарға еріктілер азық-түлік пен тұрмыстық қажеттілерді апарып беріп отырды. Жұмыс барысында біздің қыз-жігіттер барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтады. Еріктілер басқа уақытта да өзге адамдармен байланыста болатынын да естен шығармау керектігін білді. Бірі бетперде тігіп халыққа көмектесіп жатса, енді бірі «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қарттарымызға қол ұштарын созып жүрді. Осы сәтте, тек қана ерікті жастарға емес, жеке кәсіпкерлерге де мақтау айту керек сияқты. Өйткені, азық-түлікпенде көмектесіп, жомарттық танытқандар жетерлік.
- Еркен мырза, жастар орталығының алдында қандай міндеттер тұр? Және олардың қайсысы сіз үшін бірінші кезекте болып табылады?
- Жалпы біздің орталықта 5 қызметкер бар. Бәріміздің міндетіміз бір. Жастармен бірлесіп жұмыс атқару, белсенді жастарды еріктеп, қоғам жұмысына араластыру керек. Біздің барлық іс-шараларымыз бен акцияларымыз ұзақ уақыт есте қалуы үшін біз жайлылық пен қызықты дүниелерді сақтауымыз керек.
- Келесі жылға қандай іс-шаралар жоспарланған?
- Биылғы жылы еліміздегі індетке байланысты көптеген іс-шараларды онлайн өткізуімізге туралы келді. Қазір нақты айта алмаймыз. Себебі, алдағы жылы не болатыны белгісіз, десе де, егер аман-есен індеттен шықсақ, әрине, осы жылы онлайн форматта өткізілген бағдарламалар қарқынды түрде өткізетін боламыз. Біздің мақсат аудан жастарын белсенді ету, республикалық деңгейде көру.
- Әрине, келесі жылы қалай болатынын ешкім кесіп айта алмайды. Дегенмен, келесі жылы жастармен бірлесіп атқаратын жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.