- Подробности
-
Категория: Последний номер
-
Создано 14.01.2021 06:09
-
Автор: Балзина Атимтаева
-
Просмотров: 647
«Аттың жақсысы – бозы, иттің жақсысы – тазы» деп ата-бабаларымыз бекер айтпаса керек. Соданда шығар қазақ қашаннан тазыны жеті қазынаның бірі санап, ерекше қадірлеген.
Ит тұқымдарының ішінде тазы – аң аулауға жаралған жануар. Қашқан қоян-түлкіні қалт жібермейтін, алғыры ақ бөкен алатын, қажет десе қабан қуатын, мықтысы қасқырдан тайсалмайтын құмай тазыға сұраныс мол. Алайда, ұлттық құндылығымызды жоғалтпай, ит баптауды жанына серік еткен азаматтарымыз аз. Дəл бүгін текті өнерді үзбей, өрге сүйреп келе жатқан кейіпкеріміз Ерболат Орақбайұлы тазы иттерін баптаушылардың бірі.
- Ақын Свет Оразаев өзінің ит жайлы өлеңін: «Ит адамның досы ғой, талас бар ма? Ортамыздан хақың жоқ аластауға. Компасың боп үйіңе алып келер, Борандарда, түндерде адасқанда», – деп бастаған екен. Қазіргі таңда менде осы киелі жануардың 2 бар. Ата-бабамыздан қалған бұл жануарларды жас кезімізден көріп өстік. Жалпы тазы туралы айтатын болсам, тазы – иттердің ішінде талғампазы, ол басқалар секілді кез келген тамақты жей бермейді. Қарны аш болса да, аштығын білдірмейтін төзімді жануар. Оны баулудың қатып қалған қағидасы жоқ. Нақты мұнша келі ет кетеді деп айта алмаймын, дегенмен, зиянсыз тағамдарды беруге тырысамын. Сондай-ақ, ертеректен қойлы ауылдың адамдары тазыны күшік кезінен малға үйірсек еткен. Және де алдына жеңсігін қояр кезде орынсыз айқайлап, дауыс көтеруге болмайды. Тағы бір айта кетерлігі, тазыны аң қағуға салмас бұрын бірнеше күн дала бастырып, жүгіртіп, тынысын ашу қажет. Егер де тазы жүгіріп келген соң табаны ысып тұрса жақсы емес. Бұл тазының іш майы әлі кетпеді деген сөз. Ондай жағдайда итті күн аралата жүгіртіп, майын кетіреді. Күн райы тым суық болмаса даланың ағынды суына шомылдырған дұрыс,- деп, Ерболат бөлісе кетті.
Тазы ит баптау – ұрпаққа өнеге. Бір жылдары көмескі тартып, жоғалуға айналған ұлттық өнердің жыл санап өміршеңденіп келе жатқанына қуанамыз.
- Бүгінгі күні тазы асырау ісі кенжелеп келе жатқаны жасырын емес. Басқа иттерден қай жағынан болса да, оқ бойы озық тұратын ақылды тіршілік иесінің қазаққа тигізген еңбегі орасан. Халық жеті қазынасының біріне теңейтіні де сондықтан болса керек. Иттің бұл тұқымын бар жан-тәнімен жақсы көретін жандармен қатар тазы баптауды бос әурешілік дейтіндердің де бары өкінішті. «Ат жақсысы — бозы, ит жақсысы — тазы» деген екен атам қазақ. Міне, сондықтан да ағайын, сөздің түйінінде айтқым келгені ата – бабаларымыздан қалған мұрамызды жоғалтпауға тырысайық,- дейді тазы баптаушы жігіт.
Ерболат Орақбайұлы секілді ұлтжанды азаматтарымыз құмай тазының қасиетін қашан да арттыра түспек. Өйткені, тазы ұстау – еріккеннің ермегі емес, ол – елдігіміз бен ертеңіміздің жарқын көрінісі, дәстүріміздің алтын діңгегі.