Ән-адам жанымен егіз

b_600_290_16777215_00_images_images_2021_8_8-2021_5.jpgОның әндерінде сыршылдық бар. Сезім қылын шертетін сазды үн бар. Әуезділігі, әуенділігі лирикалық толқыныспен ұштасып жататын мұңлы күй де жоқ емес.


Ел ішінде осынау киелі өнердің туын биікке көтеріп жүрген азамат. Есімі –Әділбек. Тегі – Қуантай. Жанкелдин ауданы, Торғай жерінің тумасы.
- Негізі өнер дегеніміз әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен беріледі. Сондай-ақ, «әркімнің туған жері Мысыр шаһары» демекші, кіндік қаным тамған Торғай жері расымен де қасиетті де киелі. Киелі жердің топырағы да өнерге келуіме арқау болды. Сонымен қатар, бала кезімнен көріп, біліп өскенім де қазақтың төл өнері, музыкасы – күйлері мен әндері. Ән – адам жанымен егіз. Өйткені, оны өмірге әкелетін адам ғой, жан-дүниені шырқыратып, ішке сыймай, жүректі жарып шыққан бейкүнә сәбиіндей. Иә, әнді орындап шығу бір басқа. Себебі, халықтың жүрегіне жеткізе білу, бұл өте қиын дүние. Бірі сезініп айтса, бірі халыққа жеткізу үшін еңбек етеді. Ал, мен әнді жүрекпен сезініп айтуды жөн санаймын,- дейді Әділбек мырза.
Әнші жігітіміздің өзінің үлгі тұтатын сазгері де жетерлік екен. Өнерден кенде қалмаған Әділбек, өзінің үлгі алар жандарымен бөлісе кетті:
- Халқымыздың рухани өмірі мен музыкалық мәдениетіндегі Шәмші Қалдаяқовтың алатын орны орасан екені ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Аты алты алашқа әйгілі, қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналған ұлы композитор – менің идеалым. Ән шамшырағының шығармашылығына ерекше көңіл бөлемін. Қазіргі заманауи сазгерлерде айтатын болсам, Арман Дүйсенов, Жолдасбек Әбдіхан, Ғазизхан Шекербеков деп айта аламын.
Өнер адамы үшін жанын түсінетін жан серік керек. Әділбек мырзаның Қолқанат есімді жұбайы бар. Бүгінде кейіпкерімізді барынша қолдап жүрген серігі де, қолқанаты да жұбайы екен.
- Өнер жолы ауыр екені баршаға аян. Сондықтан өзімді түсінетін болашақ жарымды кезіктірдім. Ата-ананың өнегелі тәрбиесін алған ибалы қыз. 2015 жылы Қолқанат есімді сұлу қызды кезіктіріп, сол жылы шаңырақ құрдық. Қазірде, жанымдағы жалғыз жанашырым, қолдаушым жұбайым десем болады. Жалпы өзім, адамдыққа сай қасиеттің барлығын бағалаймын. Әрине, бірінші – имандылық. Иманы бар адамның бойынан барлық ізгі қасиеттер табылады. Ар-ұят, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, ата-ананы сыйлау, біреудің ақысын жемеу сынды адамгершілікті танытатын қасиеттердің барлығы өз бастауын иманнан алады.Сондықтан шығар, жұбайым екеуміз бір-бірімізге жолыққанымыз. Дәл осы қасиеттерді сол кісінің бойынан байқадым - дейді Әділбек.
Шын мәнінде, шығарманың сөзі мен сазы үйлесіп тұрса, оған орындаушы әншінің шеберлігі қосылса, көпшіліктің көңіл төрінен орын алары сөзсіз! Дәл осындай орынды ойып тұрып аудан сахнасынан алған Әділбек халықтың қуанышына бөленіп жүре бермек!


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане