Алғысқа бөленген дәрігер

b_600_290_16777215_00_images_images_2021_9_9-2021_4.jpg«Еңбексүйгіш елдің-еңсесі биік» дейді халық даналығы. Медицина – жауап­кер­­шілігі мол, жүгі ауыр сала­лардың бірі.
Сондықтан, кез-кел­ген адам біліктілік пен аса шыдамдылықты талап ететін жауапты мамандықты жоғары деңгейде меңгеру оңай емес екендігін мойындайды. Бұл саланың маңыздылығы сол, дәрігердің жұмыс барысында ешқашан қателесуіне болмайды. Сол себепті дәрігерлер үнемі тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз сала­сында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс.


Науқастарға ша­рапат шуағын шашып, біліктілігін белсенділікпен ұш­тастырған дарынды дәрігер, ардақты жан Сауле Коржункеева туралы баяндамақпыз. Ма­мандығына жан дүниесімен бе­рілген білікті дәрігер үшін «ақ ха­латты абзал жан» деген елдің құр­метті атағы ең биік һәм қа­сиетті ұғым болып саналады.
Ауданымыздың ден­саулық саласында жемісті еңбек етіп, халықтың алғысына бөлен­ген білікті дәрігер Сауле Коржункееваның жұмысы төңірегінде сөз қозғағанды жөн көрдік. Сырқат жанның дертіне дауа, еміне шипа таба білген жан еңбек жолын халық денсаулығын сақтап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арнаған. Өз мамандығын жоғары деңгейде меңгерген ақ халатты абзал жанды жұртшылық «алтын қолды дәрігер» деп те атайды. Тіпті, тағдыр салған тауқыметтен енді құтылмаспын деп үмітін үзген жандардың өзін емдеп, дертін жазған білікті дәрігерді антына адал, абыройлы жан десек артық айтқандық емес. Себебі, 2 ай жұқпалы аурулар бөлімшесінде атқарған еңбегінің нәтижесі ретінде, қазіргі таңда біршама науқастар өз алғыстарын біздің редакция арқылы жолдауды жөн санаған.
Сауле Коржункеева Қостанай облысы, Наурызым ауданының тумасы. 2016 жылы Қарағанды Медицина Университетін бітірген соң, өзінің туған жеріне оралып, сонда 1 жыл уақыт көлемінде жұмыс атқарған. 2017 жылдың соңына дейін Қостанай қалалық №3 емханасында еңбек жолын жалғастырып, 2018 жылдан бастап Бейімбет Майлин ауданын да еңбек етіп келеді.
- «Жақсымын деп мақтанба, халық айтпай, батырмын деп баптанба, жауға шаппай» демек­ші, халықтың алғысы мен үшін бірінші орында. Әрбір науқастың дерті, менің жауаптылығымда екенін сезініп, әрбір науқасқа бар күшімді саламын. Аудандық орталық ауруханада 2018 жылдан бастап жұмыс істеп жатырмын. Осы уақыт аралығында біршама тәжірбие алдым десем болады. Ал, ең маңыздысы, есте қалғаны бұл 2 ай бойы жұқпалы аурулар бөлімшесінде дәрігер болып жалғыз өзім жұмыс атқарғаным. Бұл мен үшін ең жауапты, қиын сәттер болды десем болады. Мұндай сәттерде әрбір науқастың психологы бола білу керек деп есептеймін. Бірі вирустың жеңіл түрімен емделіп жатса, бірі өте ауыр жағдайда түсіп жатты. Расыменде, басында маған өте қиын болды. Психологиялық тұрғыдан қорқыныш болды. Өз өмірім мен отбасымды ойладым. Бірақ, біраз уақыт өткеннен кейін мен үшін науқастардың құрметінен асқан мадақ жоқ екенін түсініп, өз қорқынышымды жеңіп, жұмысымды сенімді түрде жалғастырдым деп айта аламын. Барлық науқастардың емделіп шыққаны мен үшін үлкен бақыт еді. Барлығының айтқан алғыстары еселеніп, көңіліме нұр себетін. Мұғалім үшін шәкірттерінің нәтиже көрсеткені бақыт болса, дәрігер үшін науқастарының жанын сақтап қалғаны бақыт деп ойлаймын - деп көзіне жас алды Сауле ханым.
- Мен дәрігерлерге өзімнің алғысымды білдіргім келеді. Сауле ханым өз ісінің маманы десем қателеспегенім. Аты жаман дерттің ықпалы маған қатты тиді. Сол сәтте өзінің білгірлігімен менің жанымды сақтап қалды десем артық айтпағаным. Отбасының алдын аман болып, жұмысына сәттілік тілеймін,- дейді емделушісі Айман Зыбалева.
Расында, өзінің тәжірбиесі арқылы барлық науқастың емін тауып жүрген дәрігер үшін осыдан асан алғыс та марапатта жоқ.
-Атқарылған жұмыс тек менің ғана жемісім емес. Сол сәтте маған қол ұшын созып, көмек көрсеткен әріптестеріме зор алғысымды айтамын. Сол кісілердің біліктілігінің арқасында осындай қиын сәтті жеңіп шықтым деп айта аламын. Әрбір қиындықта көмек қолын созатын әріптестерімнің әрбірінің тәжірбиесі мен үшін маңызды болды. Және де аудан тұрғындарына айтарым, емнің алдын алыңыздар. Қазіргі вирустың емі вакцинаны алып, өз денсаулықтарыңызды кепілдендіргендеріңіз абзал,- дейді Сауле.
Халықтың құрметіне бөлену – елге ерінбей еңбек еткен адамға ғана тән нәрсе емес пе? Бұл жерде, ең алдымен, айналаға адам­гершілік қасиет әсер ететіні ақиқат. Өйткені адал еңбек ету қажеттіліктен тумайды, ол үлкен азаматтық жауапкершіліктен туындайды. Ел сенімін ақтаудың қаншалықты маңыздылығын қолынан іс келетін азаматтардың мойнына алған жауапкершілік жүгінен аңғаруға болады.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане