Аймақаралық оқушылар айтысы өтті

b_600_290_16777215_00_images_images_2021_28_28-2021_2.jpg«Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші Тобыл кенті «Думан» Мәдениет үйі ұйымдастыруымен, мектеп оқушылары арасында аймақаралық онлайн ақындар айтысы өтті. «Тәуелсіз ел - ұланымыз!» деп аталатын шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналды.


Жергілікті айтыскер ақын Мамай Ізтілеудің бастамасы аудандық Е.Өмірзақов атындағы Мәдениет үйінен қолдау тауып, «Думан» Мәдениет үйі ұйымдастыруымен жүзеге асты. Айтыстың мақсаты - өткеннен мирас болып жеткен айтыс өнерін жастар арасында қазіргі заманға сай сипатта кеңінен өріс алуына жол ашу, одан әрі дамыту болатын. Сонымен қатар өнер әлеміне қадам басқан жас айтыскерлер мен жазба ақындар есімін айқындап, халық алдына танымал ету. Облысымыздың әр аймағынан келген Саят Саянұлы Әуезханов- Амангелді ауданы, Таңжарық Байбатырұлы Ниязбек- Жангелді ауданы, Ғанимат Мұратұлы Нағашыбай - Қостанай қаласы, Ерқанат Айбатырұлы Ниязбек Бейімбет Майлин аудандарының намысын қорғаған жұптар айтысты қыздыра түсті. Оқушылар ірі тақырыптарға ден қойғаны байқалды. Қоғамдық, әлеуметтік мәселелерді қозғауды ұмытпады. Сондай-ақ, ойнақы әзілдері, қағытпа қалжыңға толы болды. Тәуелсіздікті арқау еткен жас ақын оқушылар қарсыластарын сөзбен түйреп, орамды ойлардың орайын келтіріп, өз тыңдаушыларының жүрегіне жеткізе білді. Сүбелі сөздің мағынасына мән берген қазылар қатысушыларын арнайы жүлдемен марапаттады. Жас ақын-оқушылар Амангелді ауданының Әуезханов Саят Саянұлы Жамбыл Жабаев атындағы жүлдемен, Жангелді ауданынан Ниязбек Таңжарық Байбатырұлы Ыбырай Алтынсарин атындағы жүлдемен, Қостанай қаласынан келген Нағашыбай Ғанимат Мұратұлы Бейімбет Майлин атындағы арнайы жүлдемен, жергілікті ауданымыздың жас ақыны Ниязбек Ерқанат Айбатырұлы Абай Құнанбаев атындағы жүлдемен және сыйлықтармен марапатталды. Оқушы жас ақындардың жетекшілері Ахмет Айнұр, Әуезхан Ернұр, Ахметбек Байбатыр, Нағашыбай Мұрат жақсы шәкірт дайындағаны үшін алғыс хаттармен марапатталды.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане