Газет оқу бұл - зиялылықтың белгісі

b_600_290_16777215_00_images_images_2023_5_242.jpg

Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі», – дейді. Иә, жаңалықтың жаршысына айналған басылымдардан қай саланың маманы болса да, өзіне керектіні табады. Сондықтан, халық қажетті дүниелерін жылдам алу үшін газет дер кезінде қолына түсуі керек.
Тобыл кенті тұрғыны, теміржолға еңбегі сіңген ардагер, Б.Майлин ауданының құрметті азаматы Қашқымбаев Мұңайтпас Батырбекұлымен аудандық «Aiet shamshyragy» гезеті туралы пікірін біліп, сұхбаттасқан едік.
- Қазір айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған ғаламтордың дамыған заманы. Десе де, газет туралы не айтар едіңіз?
- Бұл күнде газеттен гаджет озған заман болып тұрғаны рас. Алайда, ақпарат айдынында мерзімді басылымның өзіндік алар орны орасан, мүлдем бөлек. Шынайы ақпарат. Байыпты сараптама. Нақты тұжырым.Таңбаланған тарих. Секунд сайын жаңарып тұратын сайттардан, айрықшалап тұратын негізгі басымдық – газет. Аудандық газет шығаруды табысты жүзеге асырып отырған «Aiet shamshyragy» газет ұжымының межелі міндеттері, жаңашыл бастамалары аз емес. Тарихы тереңнен тамыр тартатын аудандық газет өңір өмірінің айнасы. Газетте аймақ өмірінің барлық саласын қамтуды да қалыс қалдырмауға тырысады. Қазір қоғамда ақпараттық технологиялардың дамуымен қатар басылымдардың рөліне де ерекше мән берілуі керек.
- Газетке деген көзқарасыңыз қалай? Газет көп оқисыз ба?
- Өз басым, бос уақытымды әлеуметтік желіге арнағаннан гөрі, газет-журналмен дос болуды артық санаймын және мұны әдетке айналдырдым. Ғалам­тормен жұмыс істеу тиімді әрі жедел болғанымен, ондағы ақпараттың дәлдігі мен шынайы­лығына ешкім кепілдік бере алмайды. Ал баспасөз беттерінде нақты мәліметтер ғана жарияланады. Елдегі болып жатқан елеулі оқиғаларды жұртшылыққа жеткізіп, жан дүниеңді байытып, ой-өрісіңді өсіретін, сезімге сезім, ойға ой қосып, таным көкжиегін кеңейтетін де газет емес пе? Қажет ақпаратты экраннан оқығаннан гөрі газетті қолмен ұстап, сезініп оқыған көңілге де қонымды, жүрекке жақын. Өзіме солай. Газет – қаншама адамның үздіксіз ізденісі, табанды еңбегі. Ел азаматтары­ның ізгі істері, қоғамдағы өзекті мәселелер жайын айтқан жур­налистердің мірдің оғындай өткір сөздерін газет бетінен ғана табатын сияқтымын. Сол үшін газет оқырмандарының көп болғанын қалаймын.
Баспасөзге жазылу – ерікті. Бүгін оқырманды газетпен емес, газетті оқырманмен қамтамасыз ету қажеттілігі туған кезеңде сенімді, әрі шынайы ақпарат алғысы келген, елінің ғана емес, өзінің де тағдырына бей-жай қарай алмаған кез келген азаматтың газет оқып, жазылудан қалыс қалмасы анық.
Сөз соңында айтарымыз, газет оқу бұл – зиялылықтың белгісі.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане