Наурызға сай есім

b_600_290_16777215_00_images_images_2023_11_112023-11.jpg

Наурыз мейрамы көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының атаулы күндер арасында алатын орны ерекше.
Көктемнің жаршысы мен жанашыры болған Наурыз айы кімге болса да ыстық. Айнала құлпырып, мамыражай көңіл-күй мен қонақжай мейірім орнайтын бұл айды қазақ халқы ерекше құрметтеп, дүниеге келген сәбиге наурызды ырымдап, жақсы ат қоюға тырысқан. Әсіресе, наурыз мерекесіне қарсы туған балалардың өмірі құт-берекеге толсын деп Наурыз атауымен байланысты есімдер қойған. Наурыз күні туылғандарды халық бақытты, ерекше адамдар деп санаған. Сондай себеппен оларға Наурыз есімін беретін болған. Мысалы қазақ халқында Наурызбай Құтпанбайұлы (1700-1781), Наурызбай Қасымұлы (1822-1847) атты әйгілі батырлар болған. Алтын ордада Наурыз есімді хан (1359-60) болғаны тарихтан белгілі. Наурызгүл, Наурызбек, Наурызәлі деген адам аттары да жиі кездесетіні белгілі. Наурыз парсы тілінен аударғанда «жаңа күн», «жылдың басы» деген мағынаны білдіреді.
Ата-ананың перзенті алдындағы міндеттерінің бірі азан шақырып, шыр етіп дүниеге келген сәбиге сауатты һәм мағыналы есім таңдау ислам дінінде де ерекше маңызға ие. Қазақ халқы ежелден ат қою рәсіміне бейжай қарамаған. Нәресте туған шақта әке-шешесі ғана емес, ағайын-туыс түгел жиналып есім таңдауға кіріседі. Ал, наурыз айында туғандарға Наурыз, Наурызбай деп есім беру жазылмаған заңдылық іспетті. Әсіресе, ақ жаулықты әжелер мен ақсақалдылар үшін. Наурыз айымен аттас бүгінгі кейіпкерлеріміздің есімін ата-аналары қойған. Тобыл тұрғыны, есімі ерекше Бисенов Наурызбек Жұмағалиұлы көктемнің 19 наурыз күні дүниеге келген. Ата- анасы баласының көктем күніндей күлімдеп, жайнап, жадырап жүргенін қалағандықтан айымен аттас Наурызбек атауды жөн санаған. Наурызбек Жұмағалиұлы – Тобыл станциясы теміржол желілік полиция бөлімінің басшысы, Тобыл кенті тұрғыны, отбасылы, сүйікті жары Жұмабаева Сәулемен 2 ұл тәрбиелеп отырған жан.
Биыл туған күні 19 наурыз – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау күнімен дәл келіп отыр. Наурызбек Жұмағалиұлы отбасын көктемнің жарқын мерекесі Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймыз. Наурыз күні ойға алған барлық арман-мұраттарыңыз орындалсын! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, деп тілейміз!


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане