Тобылдағы Наурыз мейрамы

b_600_290_16777215_00_images_images_2023_12_122023-11.jpg

Наурыз мерекесі – күн мен түннің теңелуін, табиғаттың жаңаруын, сондай-ақ халықтар достығын бейнелейді. Барлық ел үшін маңызды көктем мейрамы «Наурыз» дәстүрлі іс-шараларының бірі болып табылады.
Тобыл кенті «Думан» Мәдениет үйі жанына құрылған сәнді киіз үй мен жеке-жеке палаткалар мен мұндалап мерекеге шақырғандай көңілді көтеріп тұр. Наурыз мейрамы күні таңертеңнен ерте жеке кәсіпкерлердің ет, сүт, жұмыртқа тағы басқа да өнімдерімен жәрмеңке ұйымдастырылды. Ауа райының таңғы ызғарлығына қарамастан халық көп жиналды.
Наурыз мерекесі дастархансыз өткізілмейтіндігі белгілі. Сондықтан да барлық Тобыл мекемелері дәстүрлі байқауға қатысып, түрлі тағамдар дайындады. Ал тобылдықтар мен қонақтар қазақтың бауырсағынан бастап, табақ- табақ ет пен палау және тағы да басқа дәмдерден ауыз тиді. Биылғы жылы мекемелермен бірге жеке кәсіпкерлер де қатысып, ерекше көзге түсті. Сонымен бірге спорт жарыстары өткізілді, оның ішінде, гір тасын көтеру, қол күресі, бақанға міну және тағы басқа ойындар өтті. Жарысқа қатысушылар ептілік пен күш жарыстырудан басқа тоғызқұмалақ үстел ойындарын ойнады. «Altyn jastar» жастар орталығының ұйымдастырған флешмобы жиналған қауымның көңіл күйіне ерекше әсер қалдырды.
Наурыз мерекесі бағдарлама бойынша «Думан» Мәдениет үйі көркемөнерпаздары мен аудандық Е.Өмірзақов атындағы Мәдениет үйі өнерпаздары өнер көрсетуімен жалғасты. Шашу шашылып, Қадыр ата батасын берген той -думан өнер сүйер қауымның көңілін керемет көтеріп тастады. Тобыл әкімі Б.Есмағамбетов жиналған қауымды Наурыз- Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, еңбектерімен белсенділігімен алда болған азаматтарға мадақтама мен сыйлықтар табыстады. Мереке жоғары деңгейде сәтті өтті! Әрбір адам үшін Наурыз мейрамы-жылдың ұмытылмас оқиғасына айналды деген сенімдеміз!


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане