- Подробности
-
Категория: Последний номер
-
Создано 30.06.2023 06:36
-
Автор: Майра Дүзбайқызы
-
Просмотров: 539
Ұлттық аспабымыздың ұлықталып жатқаны, ең алдымен, қасиетті Тәуелсіздігіміздің арқасы деп білуіміз керек.
Домбырадан тарайтын ұлттық рухтың кереметтілігі ол ата-баба дәстүрін, тарихыңды, салт-дәстүріңді ұмыттырмай, ұлттық жадыңды сақтай білуге үндейді. Домбыра ғасырдан-ғасырға жетіп, бүгінгі уақытқа дейін сақталып келді. Жастайынан домбыра тартып өскен баланың бойында өз тіліне деген құрметтің де ерекше болатыны содан. Себебі қос ішек арқылы берілген дыбыс ұлттық сана-сезімді қалыптастырып, дүниетанымды айшықтап тұрады. «Әр қазақтың үйінде бір домбыра аспабы болуы тиіс» деген ұстанымды жүзеге асыра білсек, біз мықты ұлтқа айналамыз. Себебі домбырада бәрі бар. Жоғарыда айтқанымыздай, ол жай ғана аспап емес, домбыраның бойындағы энергетика, ұлттық рух, мінез, намыс, қайрат, жігер, т.б. қасиеттер баланың бойына сіңіп, көкейіне қонақтайды. Шынтуайтына келгенде, біз домбыра арқылы қазақтығымызды сақтаймыз. Ұлттық белгімізді, сипатымызды жоғалтпаймыз. Ұлттық мәдениетіміздің бастауында тұрған аспабымыз да домбыра екенін білуіміз керек. Демек, оған деген құрмет, ықылас пен ниет әр қазақтың жүрегінде, жан дүниесінде ерекше сезіліп тұруы керек.
Тобыл кенті Өнер мектебінде домбыра сыныбында оқитын Махамбетова Асемнің алғашқы ұстазы Бейбіт Арғынбек болды. Қазір Әнуарбеков Асан ұстаздық еткен Асем 8 жаста болса да бірнеше күй үйренген.
- Домбыра ойнауды үйрету бағытында ұстаз көп еңбек жасайды. Ұстазым Асан Болатұлы шәкіртін домбыраға үйретуде дұрыс отырғызу, қолдарын дұрыс қою, оңтайлы аспап, әп дегеннен ойлы, ізденісті домбырашы қалыптастыру, әр оқушының жеке қабілетіне байланысты сабақ ұйымдастырады. Оқушыны өнерге, білімге ынталандырады. Мен алдағы күні болатын ауданда болатын Домбырашылар фестиваліне қатыспақшымын. Домбыра тартуды өте қатты ұнатамын. - дейді Асем.
Тобыл балалар кітапханасында Домбыра күніне орай және Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойына арналып, балалармен іс шара өтті. Балалар кітапханашысы Бірмағанбетова Әсем Құрманғазының өмірбаяны мен шығармалары таныстырып, кітап көрмесін ұйымдастырды.
Домбыра тарту, домбыраны құрметтеу, домбыраны жақсы көру қанымызда бар. Сол биік сезімді аласартып алмауымыз керек. Ол үшін, әрине, әрбір қазақ төл аспапқа жанашырлықпен қарап, жас балалар аспапқа құмартып, меңгере білсе, нұр үстіне нұр болар еді.