Жастар елдің тірегі, үкілі үміті

b_600_290_16777215_00_images_images_2023_33_332023-111.jpg

Биыл Тобыл кентінде «12 тамыз – Халықаралық жастар күні» мерекесі Тобылда кең көлемде аталып өтті. Аталған шараны «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырды. Халықаралық жастар күніне орай жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, саламатты ұрпақ қалыптастыру мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды.
Жастар – қай заманда, қай елде болсын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекеттің жаңа келбетін қалыптастырады. Олардың жаңа белес­терге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына себепші болады. Жастар – қашанда белсенді буын өкілдері. Елімізде жастардың білімді, қабілетті болуына әрдайым үлкен мән беріліп келеді. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей болашағын ойлаған мемлекет бүгінгі жастарының жағдайын тасада қалдырмаса керек. Жастарға ерекше көңіл бөлініп, бірқатар әлеуметтік қолдау жасалуда. Білімге, өнерге, спортқа, кәсіпкерлікке ұмтылған жалынды жас­тарды қолдайтын көптеген мемлекеттік бағдарлама жүзеге асты. Жас ұрпақты қолдау үздіксіз жалғаса бермек.

 

b_600_290_16777215_00_images_images_2023_33_332023-13.jpg

 

Тобыл «Altyn jastar» жастар ресурстық орталығы тарапынан жасалып жатқан нәтижелі жұмыстар да жетерлік. Жыл басынан бері Тобыл жастар орталығы Байдрахманов Айбек Байғабылұлы ұйымдастыруымен әртүрлі санаттағы жастарға бағытталған көптеген шаралар өтті. Өткен шараның басым бөлігі қайырымдылық пен тазалыққа бағытталса, денсаулықты сақтауға арналған, рухани-танымдық, мәдени шаралар да назардан тыс қалмады. Егемен елдің жастары баянды болашақтың байрағын көтеріп, жарқын келешектің желкенін керіп келеді. «Мен жастарға сенемiн!» деп үкілі үміт, салқар сенім артқан Мағжанның жауһар жырына арқау болған ел ертеңі жастар қашанда елдің ертеңі үшін аянбақ емес. Тобылдағы Жастар мерекесі волейбол, футбол, арқан тартыс, армреслинг, тир спорттық ойындарымен басталды. Түстен кейін балаларға арналған көңілді мерекеге ұласты. Балалар аниматорлармен бірге қызықты ойындар ойнап, викторина сұрақтарына жауап берді. Лотерея билеті ойнатылып, ұтысқа велисопед, скейтборд және тәтті сыйлықтар болды. Ал кешке Жастар күніне ашылу салтанатында Б.Майлин ауданы әкімінің орынбасары Оразтаев Төлепберген Асаубайұлы, Тобыл кенті әкімі Есмағамбетов Аманжол Бауыржанұлы, аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Назаров Еркен Аушханұлы қатысып, жастарды мерекемен құттықтады. Сонымен бірге белсенділігімен дараланып жүрген бірқатар жас буын өкілдеріне аудан әкімінің және Тобыл кенті әкімінің алғыс хатын табыстады. Мерекелік кешті Қостанайдан келген жас әнші қонақтар ән салып, жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Аталмыш кеште сегіз қырлы, бір сырлы, жалындаған жастардың өнеріне толы болды. Кеш барысында көрермендер арасынан лотерея ойын ойнатылып, ұтысқа екінші рет велисопед ойнатылды. Лотерея ұтысына «Үміт» ЖС демеушілік жасады. Кеш соңы дискотекаға ұласты. Мұндай шара Тобыл жастарына жиі ұйымдастырылуы қажет. Жастардың келешегі кемел болсын, әрқашан биік белестен көрінсін. Туған жеріміз Тобыл өңірінің айбынын асқақтатар, жалынды жастарымыз көп болсын. Өресі биік, рухы мықты өңір жастарын мерекемен шын жүректен құттықтаймыз.
Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған мерекелік кеш жоғары деңгейде өтіп, Тобыл жастары мен қонақтарының көңілдерінен шықты.
Осындай мәдени, ұлттық санамыз мен рухымызды тәрбиелейтін шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса, жастардың қолындағы болашағымыз жарқын бола­ры сөзсіз.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане