Медбике - мәртебелі мамандық

b_600_290_16777215_00_images_images_2023_35_352023-12.jpg

Адам жанына араша түсіп, денсаулық түзеу ісінде дәрігерлерден кем орын алмайтын аса жауап­ты мамандық иелері – медбикелер.
Науқас жанына инесімен де, ақ көңілімен де шипа сыйлайтын жандар. Мейірімі мен жан жылуы, төзімділігі мен ісіне беріктігі арқылы емделушінің дертінен айығуына себепкер жанның бірі – медбике. Әрине, халықпен жұмыс істеу қызық әрі қиын. Оған жүктелетін жауапкершілік те көп. Осындай жауапкершілігі жоғары жұмысты абыроймен алып жүргендердің бірі – Кульмуханбетова Гүлсім Тұрғынқызы. Гүлсім Тұрғынқызының мерейлі медбике қызметін атқарып келе жатқанына биыл 36 жыл 8 ай. Өзінің жан қалауы, жүрек таңдауымен осы саланы меңгерген бі­лікті маман өзінің жұмысына үлкен жа­уапкершілікпен қарайды. 1962 жылы Жангелдин ауданында дүниеге келген, орта мектеп­те білім алған. Өзі де өскенде осы саланың қыры мен сырын меңгеруді арман еткен. Осы орайда Арқалық медициналық училищесіне оқуға түсіп, 1982 жылы аяқтап шыққан. Алғашқы еңбек жолын бастап, күні бүгінге дейін медицина саласында абыройлы еңбек етіп келеді. Біреуге сырлас құрбы, біреуге ақылшы әпке болып жүрген жан әріптестерінің арасында да үлкен беделге ие. 1995 жылы Павловка ауылына көшіп келіп, жұмысын жалғастырды. Қазір Павловка ауылымен бірге Апановка мен Евгеньевка ауылдарында қызмет көрсетеді. Жақында еңбек демалысына шыққан. Медбикелерінің жұмысын Гүлсім Тұрғынқызы ұтымды ұйымдастырып, жүйе­лі жүргізіп отырады. Көпшілікке бас болып, шаруаны оңтайлы үйлестіру ерік-жігері мықты болмаса, нәзік жандылар үшін оңай болмасы анық. Осындай қызы­ғы мен қиыншылығы мол қызметті атқарып жүрген ақ халатты абзал жан ем іздеп келген адам­дардың ауруынан айығып, аяғына тік тұрғанын көруді бір бақыт деп біледі.
– Осы саланы өзіміз таңдап, өзіміз қа­лап келдік. Қиындығы да, қуанышы да қатар жүреді деп айта аламын. Күн-түн деп жатпай, уақытпен санаспай жұмыс істейміз. Кейде жұмыстан басқаға уақыт таппай қалатын кездер болады. Бірақ мамандыққа деген адалдық бірінші орында. Себебі біз таңдаған жұмыстың ар жағында қаншама халықтың тағдыры, денсаулығы, өмірі тұр. Оған бей-жай қа­рауға болмайды. Мамандығымды мақ­тан тұтамын. Ауыр жағдайда келген нау­қастардың жүзіне қан жүгіріп, тәуір болғанын көргенде құлшынысымыз артып, бірге қуанамыз, – дейді Гүлсім Тұрғынқызы. - Мейірбикелер науқастың күтім процесіне толығымен жауапты, сол үшін де басты міндеті – мейірім көрсету. Біз емделушіге толық күтім қамтамасыз ету үшін кәсіби психологиялық және рухани қасиетімізді іске қосамыз. Ауырып келген адамдарды шын көңілмен, мейірімді жүрекпен қарсы аламыз. Оның ішінде жүкті әйелдердің шағымын тыңдаймыз. Әрине, болашақ ананың күтімі, денсаулық жағдайы туралы үнемі кеңес беріп отырамыз. Адам еңбегінен қуаныш таба білсе, бойына жаңа күш қосылады. Осындай зор шабытпен жасап жүрген қызметім мені биікке жеткізіп отыр – дейді кейіпкеріміз. Расымен де, қарапайым ғана жұмыс болып көрінгенімен, мейірбике­лер атқаратын жұмыс асқан жауапкер­ші­лікті қажет етеді.
Қазіргі заманда әлем бір орында тұр­ған жоқ. Күн сайын жаңашылдық, жаңа техника. Қай салада болмасын ұдайы дамып, жетіліп, өсу маңызды. Осы ретте, медицина саласы да дамудың дара жолына бағыт алып келеді. Ал білікті мамандарға жаңашылдықты уақытылы игеріп, оны тәжірибеде қолдана алу маңызды. 36 жыл бойы аталған салада абыройлы еңбек етіп келе жатқан медбике бірнеше мадақтамалар және алғыс хаттармен марапатталған. Қызметтегі жеткен жетістіктері үшін ұдайы басшылық тараптың алғысы мен марапатына ие болып, мәртебесі артқан маман отбасы деген шағын мемлекеттің де аяулысы болып отырған жайы бар. Отағасы Кульмуханбетов Маулен Каримұлы ауылдық әкімдікте бас маман болып қызмет етеді.
Бүгінде ұл, қыз тәрбиелеп, одан 5 немере сүйген асыл әже, ардақты жар, аяулы ана әр ісіне жауапкершілікпен қарайды. Гүлсім Тұрғынқызы бүгінде отба­сының берекесін ұйытып, балаларын өсіріп, жарының да қас-қабағын бағып отырған ардақты жан, аяулы әже.
Білікті, жан-жақты адам қашан да айналасындағылардың тілін та­уып, жылы шырай танытады, қолынан келген көмегін аянып қалмайды. Кейіпкеріміз де дәл сондай жанның бірі. Жұмыста да, үйде де ауызбіршілікті, бірлікті алдыңғы орынға қояды. Ақ халатты жандардың сенімді серігіне айналған медбикелердің жұмысы қашанда үлкен жауапкер­шілікті қажет етеді. Дәрігер емінің нәтиже беруі де ең алдымен медбикенің ұқыптылығына байланыс­ты. Осы салада ұзақ жыл еңбек еткен кейіпкеріміз алдына келген науқастан көмегін аяған емес.Негізі медицина саласында «ерліктің көбін медбикелер жасайды» деген тәмсіл бар. Әсілі бұл сөздің айтылуы да тегін емес.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане