Отбасы-мемлекеттің негізгі буыны

b_600_290_16777215_00_images_images_2023_37_372023-14.jpg

Бірмағанбетова Әсел Қайыржанқызы – көп балалы ана:
Тәрбие – отбасынан басталады, болашақ ұрпақтың еліне, Отанына деген сүйіспеншілігі алдымен ата-ананың ықпалы мен қалыптасады. «Дәулет есіктен, ақыл бесіктен кіреді» демекші білім бесігі мектептен, тәрбие бесігі отбасынан бастау алады. Отбасының екі тірегі-әлпештеген әке мен аялаған ана. Отбасы-адам баласының түп қазығы, алтын ұясы. Ата-аналар балалардың жеке ерекшеліктерін неғұрлым ертерек байқау керек. Сонда ғана балалар өздерінің ішкі қабілеті мен дарынын тез дамытады. Әке-шеше балаларына жақсы тәрбие беруге қоғам алдында жауапкер.
Отбасы тәрбиесі – бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Бұған баланың қажеттігін толық қанағаттандыру, оны дене және ой еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеуге , салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйретуге, жамандықтан жиренуге үйрету, бойында жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жатады.
Отбасы құндылықтарын дәріптейтін Мәдениет үйі мен кітапханаларда, мектептерде іс шаралар өтіп тұрады. Сондай-ақ аудандық, облыстық «Мерейлі отбасы» байқауыда отбасылардың маңыздылығын насихаттап отырады.
Президентіміз ұрпақ тәрбиесіне қажетті, маңызды ұлттық тәрбиеге мән беру керектігі туралы: «Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы. Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды. Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын Адал азамат болса, әділдік орнайды» деп, елдің әрбір азаматының патриоттық сезімін нығайтып, адал болуын меңзейді.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане