- Подробности
-
Категория: Последний номер
-
Создано 14.12.2023 06:31
-
Автор: Super User
-
Просмотров: 495
Сабира Таева - көп балалы ана, №2 Тобыл жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сыныбының мұғалімі
Тәуелсіздік – кез келген адамның, ұлттың, халықтың, елдің еркіндігі. Өзінің алдында дербестігі. Тәуелсіздік – біз тыныстап отырған, еркін әрі бақытты күн кешіп жатқан Отанымыз. Әлемде екі жүзге тарта тәуелсіз мемлекет бар. Олардың өзі тілі, діні, ділі, салты мен дәстүрі, ғұрпы, мәдениеті дамыған. Оған қоса ішкі және сыртқы экономикасы да қалыптасқан. Қазақстан – өз әнұраны, елтаңбасы, көк байрағы мен ұстанымы бар зайырлы мемлекет. ТМД елдері арасында тәуелсіздігін 1991 жылы 16 желтоқсанда жариялаған күннен бастап бұл елдің өз халқы, өзіне тән ұлты мен тілі бар.
Тарихтың тереңіне үңіліп, әрбір тас бетінде қалған таңбаларға қарап, бабаларымыз жасап келе жатқан дәуірлердің есебінде кеткен шайқастар, аштық, жау тылында қалған жұрттың әрбір қаны мен көз жасына қарап тәуелсіздіктің қандай керемет ұғым екенін сезінесіз. Бізге дейінгі осынау ұлан-байтақ киелі жерді, елді аманаттап келе жатқан батырлар мен ұлы тұлғалардың төккен тері өз алдында бір төбе. «Кие» деген сөздің өзі үлкен мәнге ие. Оның астарында тоғысып кететін бүкіл бір тағдырдың тауқыметі мен қасиеті жатыр. Сондықтан да еркіндікті аңсап өткен бабаларымыз үшін, біз үшін тәуелсіздікке баға жетпейді.
Елдің еркіндігін аңсау бар, оған жету бар және оны ұстап қалу деген жауапкершілік бар. Үш түрлі кезеңнің үш түрлі тарихы бар. Біз дәл осы кезеңнің үшіншісіндеміз. Яғни, келешекке бастаушы, келешекті жасаушы ұрпақпыз. Ендеше қолда бар алтынның қадірін білу, оны келесі бір дәуірге аманаттау және жеткізу – мойнымыздағы парыз.