Жүзіңнен күлкі кетпесін

b_600_290_16777215_00_images_images_2024_13_132024-10.jpg

1 сәуір – Күлкі күні. Осы күн тосыннан айтылған жаңалықтарға, өтірік әңгімелер мен әзіл аралас әрекеттерге толы. Осылайша, әлемнің көптеген елдерінің тұрғындары бір-бірін алдап, шуақты көктемді күлкімен қарсы алуды әдетке айналдырған.
Ертеректе шынайылықтан алшақ әңгімелер мен оқиғалар, қалжың сөздер халықтың көңілін көтеріп, күйбең тіршіліктің қиындықтарын бір сәтке болса да ұмыту мақсатымен айтылған. Арнайы жиын-тойларда қалжың араласқан айтыстар өтетін. Өтірік өлеңдер де халық арасында танымал болған. Бірақ ол қалжыңдар мән-мағынаға толы еді. Астарлы әзіл айта білу де үлкен өнер ретінде бағаланатын.
Сәуір айында айтылатын әзілдер мен алдаулар зиянсыз әрі шынымен де күлкілі болу керек. Алдап кө­ңілін көтергіңіз келген адам жақын до­сыңыз немесе туы­­сыңыз болса да, барынша абай болуға тырысыңыз. Күлкі өмірді ұзарта­ды. Бірақ алдап немесе қисынсыз әрекеттер жасап, біреуді күлдіремін деп өзіңіз күлкіге қалып жүрмеңіз. Атақты сатирик Сейіт Кенжеахметұлы ағамыздың: «Күлдіре білу - өнер, күле білу - өмір, күлкі болу - өлім» деген сөздерінің жаны бар.
«Думан» Мәдениет үйі бұл күнді де селолық кітапханамен бірлесе отырып, «Күлкі жанның шипасы» атты жыл сайын атап өтеді. Іс – шарада ойындар ойнатылып, қызықты әзілдер айтылады. Күлкі стреске қарсы ең басты құрал екені белгілі. Күлкі-адам өміріндегі ең қызықты сәт десе де болады. Жүзіңнен күлкі кетпесін дейміз ғой, күліп жүрген, жайдарлы адаммен сөйлесу әлдеқайда жақсы. Күлкі — өмірдің кілті. Гелатология (күлкіні зерттейтін ғылым) күлкі адам өміріне айтарлықтай ықпал етеді дейді. Ал Дарвин күлкі жүйке жүйесін емдей алады деген пікір айтқан. Күлкісіне қарап, адамның мінезін, ішкі жан-дүниесін шамалауға болады екен…
Күлкінің төресі - кез келген күйзелісті, жүйкедегі жүкті жеңіп шығатын шынайы күлкі. «Күл! Күлсең, әлем сенімен бірге күлетін болады. Ал жыласаң, сенімен бірге ешкім де жыламайды» депті Элла Уилер Уилкокс. Үнемі жылы жымиып, көңілді жүруге тырысайық…


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане