Ардагер теміржолшы

b_600_290_16777215_00_images_images_2024_14_142024-6.jpg

Еңбек адамына мемлекет тарапынан мәртебе белгілеп, көтермелеу маңызды. Бұл адамдарды сенімділікке, жеке белсенділікке, мақсаттар мен ойлардың бірлігі арқылы тұрақтылық пен үйлесімділікті қамтамасыз етуге атсалысуға үндейді. Кәсібінің шебері болу – әрбір жанның мамандыққа деген жауапкершілігінен бастау алары сөзсіз. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязында қолайсыз жағдайлардың бел ортасында жүретін теміржол қызметкерлерінің жұмысы кәсібилікті талап етеді.
Елге адал еңбек етіп, халық құрметіне ие болу – көптің қолынан келе бермейтін қасиет. Рас, әр адамда алуан түрлі қасиет, мінез-құлық пен болмыс болады. Міне, осылардың барлығы ізгілік жолында үйлесім тапса ғана адам баласы бірдің емес, жүздің ықыласына бөленері анық. Қай кезде де өзінің қарапайымдылығымен, ашықтығымен, жаныңды жадыратар мінезімен көпшіліктің құрметіне бөленіп жүрген жандардың бірі, бұрынғы теміржолшы, қазіргі ардагер теміржолшы атанып отырған Тобыл кентінің тұрғыны – Шайкемелова Ғайша Назарбекқызы. Ғайша Назарбекқызы өмірінің бір бөлшегіне айналып кеткен сала ол – темір жол. Құсмұрын теміржол станциясында дүниеге келген. 10 сынып оқып бітірген соң, жүрек қалауымен сол кездегі Целиноград теміржол техникумына түсіп, сырттай оқып жүріп, 1976 жылы теміржолда белгі беруші (сигналист) болып жұмысқа кірген. 1978 жылы теміржолшы Шайкемелов Ғабдували Баяхметұлына тұрмысқа шығып, отбасылы болған. Теміржолда жол жөндеуші болып еңбек еткен. Шойын жолдың шаруасын ширатамын деп еңбекке араласқан Ғайша Назарбекқызын қадір тұтпайтын жан жоқ. Ұзақ жылдар бойы темір дөңгелікті көліктің кедергісіз жұмыс істеуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Әсіресе көз көрген, өзімен қызметтес болған серіктері оның адалдығын ауыздан тастамайды. Сондай-ақ қайсарлығын, табандылығын жиі айтады. Расында, түсінген адамға темір жолдың қиындығы көп жұмыс.
-Пойыздың қозғалысы уақытпен есептеледі. Уақыттан ауытқымай, межелі жерге көрсетілген мерзімде жету үшін теміржолшылардың тынымсыз еңбек етуіне тура келеді. Кейде тынымсыз еңбек те аздық ететін кездер болады. Сондықтан әр істің асқан жауапкершілікпен орындалуы керек.- дейді зейнеткер теміржолшы ана.
Ғайша Назарбекқызы сол сынақтардың барлығын бастан өткерген тәжірибелі маман. Қызмет бабында жүктелетін міндеттерді ешқашан мынау ауыр немесе жеңіл деп бөлген емес. Орындалуы керек іс пе, орындау міндеті. Тіпті жауапкершілік жүгі артқан сайын ерекше жігерленетін. Өз жұмысынан ләззат алатын. Ал қазірде Ғайша Назарбекқызы ардагер теміржолшы атанып отыр. Маңдай тердің арқасында табысқа, алғысқа ие болған Ғайша Назарбекқызы теміржолда 40 жыл еңбек етіп, 2016 жылы Тобыл теміржол дистанциясынан зейнетке шықты. Бірақ ұзақ жылғы еңбек еленбей қалмады. Бірнеше рет жоғары кәсіби шеберлігі және ерекше сіңірген еңбегі үшін «Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Алғыс хаттарымен марапатталған. Қазірде сол еңбектің зейнетіне бөленіп отырған Ғайша Назарбекқызы балалары мен немерелерін тәрбиелеп отырған ардақты ана. Әркез соларға ақылын айтып, жол сілтеп отырады. Балаларыда, немерелері де әке - ана жолын жалғап, қазір темір жол саласында еңбек етуде.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане