«Мәңгі сөнбес жарық жұлдыз»

b_600_290_16777215_00_images_images_2024_16_162024-7.jpg

Биыл қазақ даласының ұлы перзенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толып отыр. Қ.И.Сәтбаев – алгебрадан мектеп оқулығының алғашқы құрастырушысы, тұңғыш кәсіби тау-кен инженері, ғалым-геолог, Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалаушы және тұңғыш президенті, Қазақстандағы алғашқы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, еліміздегі ғылымның негізін салушылардың бірі, мемлекет және қоғам қайраткері.
Сондықтан да ұлы ғалымның есімі қазақ халқының тарихында алтын әріппен жазылған. Ой-өрісі кең, ғылымның көптеген саласында энциклопедиялық білімі бар, ғылыми қызметті шебер ұйымдастырушы және алдыңғы қатарлы кадрларды тарта білетін адам ретінде Қ.Сәтбаевтың ұлылығы алдымен еліміздің интеллектуалды, ғылыми дамуына бағыт беруінде, қазақстандық қоғамды ағартушылықтан интеллектуалды ғылыми және кәсіби деңгейге көтеруінде. Қ.Сәтбаев басшылығымен жасалған қадамдар халқымыздың, жастарымыз бен еліміздің бүгінгі инновациялық және ғылыми әлеуетінің іргетасын қалады. Оның ғылыми түйсігі, жекелеген ғылыми фактілерден аналитикалық қорытынды жасауы ғалымды ұлы тұлғаға айналдырды. Қаныш Сәтбаев – ақиқат жолында биік тұлға. Өнегелі өмір сүріп, өшпес із қалдырған, аялы алақанды, ыстық ықыласты сирек тұлғамыз еді. «Ұлағаты мол азаматты аспандатқан ел азбайды» дейді халық даналығы. Өнегелі адамдармен ғана өміріміз мәнді болатынын естен шығаруға болмайды. Аллаға шүкір, ондай асылдарымыз біздің тарихымызда аз болмаған. Солардың біреуі де бірегейі – тұңғыш академик ғалымымыз Қаныш Имантайұлы Сәтбаев.
«Думан» Мәдениет үйі мен Тобыл селолық кітапханасының ұйымдастыруымен «Мәңгі сөнбес жарық жұлдыз» атты ғалым Қаныш Сатпаевтың туғанына 125 жылдығына арналған патриоттық әдеби интелектуалды кеш өтті. Бүкіл саналы да салихалы ғұмырын туған елі мен туған жерінің өсіп-өркендеуіне, гүлденуіне арнап, сол жолда аянбай еңбек еткен, өз бақытын сол адал еңбегінен тапқан өнегелі өмір иесі Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың жүріп өткен жолы, атқарған игі істері, бойындағы адами болмыс-бітімі, бекзаттығы, азаматтығы, адамгершілігі, әділдігі мен адалдығы, парасат- пайымы мен қайраткерлігі тәуелсіз еліміздің жас ұрпағына үлгі-өнеге болып қала бермек. Ұйымдастырушылар жер байлығының қайнар көзін, оны кәдеге асыру жолдарын ғылыми түрде анықтап, кейінгі ұрпаққа аманат етіп табыстаған ғұлама ғалым Қаныш Сатпаевқа арнап жырлаған ақындардың өлеңдері оқып, таныстырды. Қатысушы жастар өз білімділіктерін көрсетіп, интелектуалды сұрақтар жауап берді.

 

b_600_290_16777215_00_images_images_2024_16_162024-9.jpg

 

Қаныш Сәтбаевтың Қазақстан елі мен халқының алдындағы басты еңбегі – геологиялық зерттеулердің дамуына қосқан зор үлесі. Оның тікелей басшылығымен елімізде ірі мыс және марганец кендерін өндіру жұмыстары басталғаны белгілі. Алайда ең бастысы – Қазақстанның аграрлы-ағартушылықтан сапалы индустриалды-ғылыми интеллектуалды елге айналуына ғалымның қосқан рөлі зор. 1979 жылы Марс пен Есекқырған (Юпитер) аралығындағы астероид белдеуінде Күнді айналып қозғалатын ғаламшарға Академик Қаныш Сәтбаевтың есімі берілді. Мәңгі сөнбес жарық жұлдыз – Қаныш жұлдызы тек бізге төбеден жол сілтеп тұрса екен.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане