- Подробности
-
Категория: Последний номер
-
Создано 01.08.2024 14:54
-
Автор: Майра Дүзбайқызы
-
Просмотров: 276
Қиындығы мен қызығынан бөлек, үлкен жауапкершілікті талап ететін шойын жол мамандарының еңбегі қашанда жоғары.
Себебі, оларға қойылатын міндет қатал. Ал, олардың басты мақсаты - өз жұмысын жіті қадағалай отырып, қозғалыс қауіпсіздігін басты назарда ұстау болып табылады.Төзімділік пен шыдамдылықты қажет ететін бұл мамандық иелерінің біз білмейтін сырлары көп-ақ. Өйткені, теміржолдың қыр-сырын жетік меңгеру кез келгеннің қолынан келе бермесі анық. Міне, бүгінгі әңгімеміз 39 жыл өзінің еңбекқорлығымен теміржол саласында абыройлы қызмет атқарып жүрген Тобыл мекеннің тұрғыны Бегимбаев Нұржан Қапсағитұлы жөнінде болмақ. Нұржан Қапсағитұлы 1964 жылы 26 шілде Тобыл кентінде дүниеге келген. Мектепті бітіргеннен кейін 1981 жылы Тобыл теміржол станциясына (ПЧ -34) теміржолшы болып орналасқан. Биыл 60 жылдық мерейтойын тойлаған Нұржан Қапсағитұлымен сұхбаттасқан едік.
- Тобыл орта мектебінде білім алып мектепті бітіріп, әскери қызметін өтегеннен кейін, 1985 жылдан Тобыл жол дистанциясы жол жөндеуші болып қызмет атқардым. Қақаған қыстың аязы мен жаздың аптап ыстығына қарамастан болат жолды жөндеп, ондағы кездесетін ақауларды алдын алу біздің басты міндетіміз болды. Зілдей бұрғыштар мен балғаларды алып, рельстердің кем-кетігін жөндеу екінің бірінің қолынан келетін жеңіл жұмыс емес. Тонналанған жүк пен жолаушылардың діттеген жерлеріне аман-есен жетуі біз үшін қашанда маңызды. Сондықтан, теміржол бойындағы тынымсыз жұмыста мүлт кетіп, қателік жіберуге болмайды. Асқан қырағылық пен үлкен жауапкершілік қажет,- дейді кейіпкеріміз.
Иә, экономикасының күретамыры саналатын бұл саланың қиындығы жетерлік. Өз ісінің нағыз маманына айналып, бірнеше жыл теміржол бойында жол машинасының (дрезина) машинисі еңбек етті. 2023 жылы осы саладағы бригадир қызметіне, одан денсаулығына байланысты электрик мамандығына ауысты. Теміржол бойында тер төккен білікті маман иесі отбасында ардақты әке. Жолдасы Лейла Айтпайқызы екеуі 2 қыз тәрбиелеп отырған бақытты жанұя. Қыздары бірі мұғалім, екіншісі студент. Тобыл топырағынан шығып, осы мекенінде абыройлы қызмет атқарып жүрген Нұржан Капсағитұлы бүгінде ұжымда сыйлы маман. Сондай-ақ, ол жауапкершілікті талап ететін жұмыста ұжымның да маңызды рөл атқаратынын айта кетті. «Теміржол саласы - атақ пен абыройды қажет етпейді. Онда қауіпсіздік қашанда бірінші орында тұрады.
Бегімбаев Н. Қ. осы мамандық саласында көптеген жетістіктерге қол жеткізген. Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрінің теміржол көлігінің дамуына сүбелі үлес қосқаны, ұзақ жылдар бойы мол еңбегі мен адал қызметі үшін алғыс хатымен, облыс әкімінің еңбектегі жоғарғы жетістіктері үшін мадақтамамен, Қазақстан темір жолы «Адал еңбегі үшін»медалімен және сыйлықтармен марапатталған және «Құрметті теміржолшы» атағын алды.
Тоғыз жолдың торабы саналатын мекенде таңның атысы мен күннің батысына дейін аянбай еңбек етіп жүрген теміржол саласының әрбір қызметкері қашанда құрметке лайық. Себебі олардың, жүріп өткен жылдары мен жолдарында біз көрмеген қаншама еңбек пен тер жатыр.