Әскери борыш – парыз және міндет

b_600_290_16777215_00_images_images_2024_34_342024-6.jpg

Отан қорғаушы! Қандай қасиетті де құдіретті сөз. Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті. Туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны.
Қай дәуірде болсын, Отан қорғау әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы болып келген. Өзін ер азаматпын деп санайтын кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы. Былтыр әскерге аттанған Тобыл тұрғыны Джанабаев Алибек Мұратұлы өз міндетін абыроймен аяқтап, қазір нағыз ер азамат, ер жүрек патриот сарбаз болып оралды. Халқымыздың қаһарман ұлы ­Бауыржан Момышұлы: «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деген өшпес өсиет қалдырды. Бұл өсиет әр сарбаздың көкейге түйетін қағидасына айналуы тиіс. Елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнауы, көк аспанымыздың көк туымыздың жарқырауы да – осы сарбаздарға байланысты. Әскери міндетті адал орындау арқылы олар кейінгі жастарға үлгі болуда. Әскери борышты өтеу –үлкен сын. Сол сыннан сынбай, ел қауіпсіздігі үшін қызмет етіп, абыроймен оралған сарбаз Алибек Мұратұлы Тобыл кентінде еңбек етуде. Джанабаев Алибек Мұратұлы Тобыл жалпы білім беретін мектептің 9 сыныбынан кейін, Қостанай жоғары политехникалық колледжінің «Сандық ақпарат бойынша маман» грантына түсті. Қосымша «Тарату құрылғылары жөніндегі электр монтаждаушы» мамандығын оқыған. Колледж бітірген жылы, яғни 2023 жылы әскер қатарына алынған. 6697 әскери бөлімде әскери борышын өтеді. 2024 жылы маусым айында елге оралып, дипломы бойынша теміржолдың электр жүйесінде жұмыс жасады. Одан жүргізуші куәлігін алды. Сонымен қатар биыл «Электровоз машинисінің көмекшісі» курсын бітіріп, Тобыл станциясындағы «D-RaiL» теміржолына «Электровоз машинисі көмекшісі» болып, еңбек етуде. Алибек Мұратұлы «Халықаралық көліктік- гуманитарлық университетінің «Көлік, көлік техникасы және технологиялары» мамандығына түсіп қашықтықта оқуын жалғастыруда.
– Қазақстан Республикасы Конституция­сындағы маңызды міндеттердің бірі – Отан алдындағы борышты өтеу. Қазіргі таңда әскери бөлімшелер жаңа киімдермен, жаңа әскери техникалармен қамтамасыз етілген. Жылы казармалар, спортпен шұғылдануға, демалыс күндерін тиімді өткізуге мүмкіндіктер қарастырылған. Қазақ «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» деген жақсы сөз бар. Бір әулеттің ғана емес, халықтың ұлы болу – кез келген ер азаматтың арманы. Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі. Мұны жүрегі қазақ деп соққан әрбір жастың түсінері анық. Алға қойған арманым көп. Соның бірі – өз еркіммен Отан алдындағы борышымды адал өтедім. Әскер – бізді шынықтырады, шыңдайды. Әскери тәртіптің адам баласына әсер ету маңыздылығы жоғары. Біріншіден жеке тұлғаның өзіне-өзі жауап бере алуы. Екіншіден – тазалық мәселесі. Адамның өзіне ғана ұқыпты болуы аздық етеді. Әскерге барып борышын өтеген әрбір азаматтың бойында жігітке тән сабырлы мінезбен қатар, адами құндылыққа сай жақсы қасиеттер қалыптасады.
Үшіншіден – сөзден іске көшу. Патриоттық тәрбие жолында жасақталған әрбір сарбаздың бойында қалыптасатын тағы бір қасиет – іске көшу. Сөздің бос екенін түсіну, әрекет болмай қарекет болмайтынын сезіну. - дейді Алибек Мұратұлы.
Ефрейтор Джанабаев Алибек Мұратұлы Отан алдындағы борышын адал және абыроймен атқарғаны үшін, қызметке адал көзқарасы, жауынгерлік қызметті атқару кезінде қырағылық, табандылық және шеберлік іс-қимылдары үшін әскери бөлім атынан Мадақтама, Алғыс хатпен марапатталған. Су тасқыны кезінде, төтенше жағдайлардың алдын алу және ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аянбай еңбек еткен Джанабаев Алибек Құрмет Грамотасымен марапатталған.
Әскери борыш – ардың ісі. Отан қорғау, ел мен жерді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай болашаққа жеткізу – ерлердің ісі. Ал, нағыз ер азамат ел алдындағы міндетін абыроймен атқарып, кез-келген уақытта қасқайып тұруы қажет. «Мен барша азаматтарды Отан алдындағы борышын өтеуге шақырамын. Отан қорғау - әр азаматтың міндеті әрі борышы», - дейді Алибек Мұратұлы.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане