- Подробности
-
Категория: Последний номер
-
Создано 14.11.2024 08:31
-
Автор: Майра Дүзбайқызы
-
Просмотров: 144
Рахат Іңкәр - №2 Тобыл жалпы білім беретін мектебінің оқушысы
Атақты жазушы, ақын, қазақ әдебиетінің қалыптасуына зор үлесін қосқан Бейімбет Майлиннің туғанына биыл 130 жыл толады. Оның шығармашылық жолы жарқын оқиғалар, терең әлеуметтік идеялар және әлі күнге дейін оқырмандар мен зерттеушілерді шабыттандыратын мәңгілік шындыққа толы.
Бейімбет Майлин — қазақ әдебиетінің ұлы тұлғаларының бірі, қазақ халқының шынайы өмірін суреттеген жазушы, ақын. Бейімбет атамыздың шығармалары әлі күнге дейін ел аузында. Сондықтан да бұл күн біз үшін ерекше. Майлин әр кез өз елінің, халқының қамын ойлаған және өзінің шығармаларында қазақ ауылындағы адамдардың тұрмысын, олардың мәселелерін өте шынайы және терең көрсеткен. Оның жазған шығармаларында тек жеке адамдардың ғана емес, жалпы қоғамның қайғысы мен қуанышы, арман-мақсаттары бейнеленген. Бейімбет Майлиннің өмірде болған шынайы оқиғаларды жазғанын байқауға болады.
Атамыздың шығармаларын оқи отырып, халқының болашағы үшін алаңдаған, қам жеген нағыз ер азаматтың бейнесін көре алдым. Жазушы әңгімелерінде өз заманының шындығын мәлімдеп, қоғам тіршілігінің көрінісін реалистік тұрғыда көрсеткен дара тұлға. Шығармалары мен өлеңдерінің кейіпкерлері арқылы халықтың мұңын, өмірін суреттеп қана қоймай, өз терең ойлары мен ұстанымдарын жеткізе алған.
Қазіргі таңда мен кітапханадан немесе ғаламтор желісінен онлайн-кітаптар оқимын. Әр оқыған шығарма мазмұны, бейнесі мен үшін өте маңызды. Бейімбет Майлиннің шығармалары ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Оның жазған шығармаларының тәрбиелік мәні зор. Себебі, ұлттық мәдениетімізді, болмысымызды, тарихымызды білуге, оны құрметтеуге шақырады. Мен де ізімнен еріп келе жатқан іні-қарындастарымды қазақ әдебиетінің шығармаларын оқуды, олардың тәрбиелік мәнінің зор екенін айтып, насихаттаймын. Қазақ әдебиетінің дамуына зор үлесін қосқан жазушымыздың 130 жылдығын атап өту біз үшін үлкен мақтаныш.
Бейімбет Майлин – тек жазушы ғана емес, әдебиеттегі шындық, әділдік, адамгершілік үшін күрестің символы. Оның еңбегін ұрпақтарымызға даналық, өнеге ретінде ұлықтап, қазақ елі үшін жасалған құрбанын бағалайық.