- Подробности
-
Категория: Рухани жангыру
-
Создано 20.09.2018 05:47
-
Автор: «Таран ауданы әкімдігінің тілдерді оқыту орталығы» КММ Оқытушы Армангүл Түктібаева
-
Просмотров: 44037
Биылғы жылы қоғамдық талқылауға Таран ауданына ұлы жерлесіміз Бейімбет Майлиннің атын беру туралы ұсыныс түсті.
Бейімбет Майлин - қазақтың біртуар ардақты да аяулы азаматы. Ұшқыр ой-зердесімен, аса жүрдек қаламымен алуан түрлі сөз өрнегін салып, рухани бай қазына қалдырып кеткен сан қырлы дарын иесі, шалқар шабыттың биік тұғырынан көрінген алып тұлға.Қазақ әңгімелерінің аса көркем үлгілері Бейімбет Майлиннің өзгеше мұрасынан танылатын.Оның әңгімелерінде терең шыншылдық бар. Адам бейнесі, қарым – қатынастары әрдайым нанымды боп шығады. Үлкен суреткер артына тамаша туындыларын қалдырды. Ол — бүгінде де қазақ оқырмандарының ең көп оқитын, қызығып оқитын жазушыларының бірі. Қазақ қаламгерлерінің көпшілігі сияқты, жазуды ақындықтан бастаған. Оның қазақ поэзиясының тарихында өзіндік орны, үлесі бар.Бейімбеттің қазақ поэзиясындағы орны, үлесі ала бөтен шеберлігі, мінсіз көркемдігінде емес. Оның өзіне ғана тән өзгешелігінде, атап айтқанда, жырлаған тақырыбы мен сомдаған бейнелерінде.Жазушы сол замандағы қазақ ауылының тұрмысын, ауыл адамдарының мінез-құлқын қазақ поэзиясында өзіне дейін болмаған ауқымда, терең білгірлікпен және шыншылдықпен жан-жақты суреттеді. Кедейінің болсын, байы мен орташасының болсын дәл, шынайы, типтік бейнелерін жасады және соның бәрін тарихи даму, өзгеру үстінде суреттеді. Бейімбет жасаған бейнелер, оның прозасы мен драмаларындағы сияқты, оқырманға езу тартқызып, сүйіндіріп отыратын ұтымды да шуақты күлкімен — әзіл-ажуамен даралана, әсерлі де қызықты бола түседі.
Бейімбет қаймағы бұзылмаған (бұрынғы Ақтөбе) қазіргі Майлин атындағы қазақ ауылында Қостанай облысы Таран ауданында туып өсті. Қазақ төңкерісіне дейінгі, Кеңес өкіметі үшін күрес аласапыранында, өзі жазықсыз жазаға ұшырағанға дейінгі кеңестік кезеңде реалист суреткер басқа тақырыптарға алаңдамай, өзіне жақсы таныс, өзі қалың ортасында ғұмыр кешкен сол ауыл тіршілігін өз шығармаларының арқауы етіп алады. Өзі сияқты ауылдан шыққан және ауыл өмірін ешкімнен кем білмейтін біраз қаламдастары қаланы, зауыт пен фабриканы, жұмысшы табын шығармаларына тақырып етіп жатқанда, саясат соған үндеп жатқанда, Бейімбет еліге қойған жоқ. Мұны оның ауылдан ұзап шыға қоймағандығынан деп түсіндіруге болмайды. Бұл оның талантының өзіндік сипатына, шығармашылық бейімділігіне, өзіндік таным-түсінігіне байланысты еді. Осы мәселе жөнінде оның өзі де 1931 жылы: «Менің бұл күнге дейін жазған тақырыбым ауыл туралы ғана болып келеді. Өндіріс өмірін суреттеуге мен әлі күнге шейін кірісе алғаным жоқ. Өйткені әлі күнге өндіріс өмірімен таныстығым жоқ» деп жазған. Ақын өлеңдерінің мазмұны мен өзіндік көркемдік сипаттары оның осы ауыл өмірінің реалистік бейнесін сомдауымен ерекшеленеді.
Сондай зиялы, биік, парасатты және аяулы адамдардың бірі, ұлттық мәдениет пен өнеріміздің жалынды жаршысы, қоғам қайраткері – Бейімбет Майлин.
Майлин шығармашылығы - бүкіл қазақ әдебиетін барлық салада байытқан сан қырлы, салауатты, сарқылмас асыл қазына. Адам баласы ылғи қараумен келеді. Өткен күніне тәуба қыла отырып, ол үнемі жақсылықты ілгеріден күтеді, болашағына сенеді. Әдебиеттің өміршеңдігі де адам табиғатының өмірге деген осы сенімін тани білуімен байланысты. Адамды, оның ісін, рухани биіктігін көркем бейнелей алған әдебиеттің болашағы әрқашанда зор. Ол бүгінгі оқырманына да, кейінгі ұрпақтарға да ой салып, оларды ілгері жетелейді, шындық, әділдік үшін күреске тәрбиелейді. ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыстарынан нәр алған, соның әсерінен жазушылық еңбегін бастаған Бейімбеттің алдан күткен үміті де халық аңсаған бостандық идеясымен үндесті. 1920-21 жылдардағы қазақтың басына түскен аштықты, одан кейін 20-жылдардың аяғынан басталған ұжымдастыру оқиғалары кезінде орын алған асыра сілтеу, сол кездегі шолақ белсенділердің халыққа тигізген зәбір-залалын Бейімбет өз шығармаларында айқын бейнелейді. Өз көзімен көрген сол оқиғалардың бәрі дерлік Б.Майлин шығармаларынан лайықты орын алды.Заманының ірі, саяси, әлеуметтік және экономикалық өзгерістерін көркемсөз арқылы суреттеуге үн қосқан ол аса құнды, мағыналы шығармалар қалдырды.
Бейімбет - қазақ әдебиетінің барлық жанрында тыңнан жол салысқан жазушы. Ол - әдебиет пен журналистика, драматургия саласында белгілі із қалдырған, жүйрік жазушы, абзал азамат. «Майлиннің ілеуде бір адамға ғана боларлық еңбекқорлығы мен іске қабілеттілігі тұстастарын таң-тамаша қалдыратын. Талантпен тізе қосқан еңбек аумағы мол, маңызы баға жетпес қымбат көркем мұраны бізге сый етті»,- Ғабит Мүсірепов айтып өткендей, көп мұра қалды.Қазір жинақтан –жинаққа ауысып жүрген жүзге тарта өлеңдері, ондаған поэмалары, он беске жуық пьесалары, бір жүзден астам журналистік жарияланымдары белгілі.Бейімбеттен қалған қазына –ұлан –байтақ тұтас бір өмір десек, артық болар ма екен. Жазушы қалдырған дүниенің аумағы қандай ірі суреткерге де жеңіл жүк емес. Сол туындылардың бүгінгі күні де маңызы үлкен.
Б.Майлин - өзінің жеке басының азаматтық, адамгершілік қасиеттері жағынан да, шығармашылық, шеберлік үрдістері тарапынан да біздер мен кейінгі ұрапаққа атап айтарлық, мақтанарлық, әркез үлгі - өнеге тұтарлық, тамсандырып ,табындырар тағылымдар қалдырған асқаралы заңғар жазушы.