«Бақытты отбасы» сайысы өтті

b_600_290_16777215_00_images_images_2019_25_25-2019-2.jpgӨткен аптада Е.Өмірзақов атындағы мәдениет үйінде жастар жылы аясында «Бақытты отбасы» атты жас отбасылардың аудандық байқауы өтті. Таран ауданының белсенді жастары, яғни «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырған сайысқа 4 жанұя мүшелері, атап айтсақ, Тобыл кентінен Бостанбаевтар, Мөжебаевтар, Приозерный ауылынан Ильсовтар, Юбилейный ауылынан Абакумовтар отбасы қатысты.
Қатысушылар байқау барысында көпшілікке өнегелі отбасында ғана үлгілі ұрпақ өсетінін жеткізуге тырысты. Отбасылық сайыс 3 кезеңді қамтыды. Байқауда отбасы – Отанның бір бөлшегі екендігін ұғындырып, жанұяны ынтымақ пен бірлікке,татулық пен ұйымшылдыққа шақырды.
«Негізгі мақсатымыз - отбасындағы ынтымақ, бірлік, құндылықтар, татулық, сыйластықты дамыту, үздік отбасылық дәстүрлерді жаңғырту және нығайту арқылы отбасы институтының адамгершілік-рухани құндылықтарын нығайту болды. Әр жанұя өз отауында орнаған шаттық сырымен бөлісті»,-дейді аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлбарам Жұмағалиевна.
Аталмыш байқаудың шымылдығын Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж. Калимова ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқауға аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Р.Овчарова, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы С.Құлжанова, аудандық «Маяк» газетінің редакторы А.Ахметбеков қазылық жасады.
Өзара тартысты өткен сайыста әрбір қатысушы командасы үшін барын салды. Қай отбасының бірлігі бекем, ырысы тасқан, мерейі асқаны да жарыс барысында белгілі болды. Тағылымды шарада отбасы мүшелерінің шығармашылық өнерімен бірге, бала тәрбиелеудегі біліктілігі де бағаланды.
«Балаларды сахнаға шыңдап, өнерге бейімдеп, отбасылық жылулықты жастайынан сезініп өссе дейміз. Елбасымыз мақаласында айтқандай, балаларды білімді, білікті, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, жеке тұлғаны даярлау мақсатында жұмыс жасап жатырмыз»,-дейді Бостанбаевтар отбасы.
Байқау нәтижесі бойынша бірінші орынды, яғни бас жүлдені Бостанбаевтар отбасы жеңіп алды. Ал, екінші орынды Абакумовтар жанұясы иеленсе, үшінші орынды Ильясовтар шаңырағы місе тұтты. Ал, Мөжебаевтар отбасы арнайы марапатқа ие болды.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане