- Подробности
-
Категория: Главное
-
Создано 07.12.2023 06:20
-
Автор: Майра Дүзбайқызы
-
Просмотров: 3653
Бала – бәріміз үшін өмірімізді жалғайтын ұрпағымыз, тіпті елдің даму көшін бастайтын ертеңгі текті тұлғаларымыз. Осы бүгінгі буын халықтың тектілігінен ажырап қалмауында қазіргі қоғамның сіңіретін еңбегі зор.
Тобыл өңірде осымен үшінші балалар ойын алаңы пайдалануға беріліп, балалардың қуанышын еселеді. Иә, бұл шағын ойын алаңдары балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануына мол мүмкіндік береді. Балалар алаңы «DAR RAIL» ЖШС теміржол ұйымының қаржылай қолдауының арқасында іске асты. Жаңадан көрік берген ойын алаңындағы «әткеншек», «айналмақ», «сырғанақ» және тағы да басқа ойын орындар заманауи үлгіде сапалы материалдардан жасалған.
– Еліміздің келешегі – бүгінгі ойын балалары. Сондықтан да біз көп жағдайда олардың талап-тілегімен санасып, сұранысын қанағаттандыруға тиіспіз. Бала қуанса, әлем қуанады. Олардың қуаныштан бал-бұл жанған жүздерін көру үшін қандай еңбектің де артықтығы жоқ. Өйткені бала бауыр етің, жүрегіңнің бөлшегі, көңілдің нұры, көздің қуанышы, өміріңнің жалғасы деп білетін қазақпыз. Жүзі басқа жүрегі бір, мынау дүниені тек жақсылықтан тұратын кішкене жүрек көзімен көретін бүлдіршіндер өмірдің мәні. Осы жаннан артық, балдан тәтті перзентімізді салиқалы ұрпақ етіп тәрбиелеу ата-ананың міндеті,- дейді Тобыл кенті әкімі Б.Есмағамбетов. Ашылу барысына Б.Майлин аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы О.Нұрғалиева қатысты. Ал Тобыл әкімі Б.Есмағамбетов елді мекеннің дамып, көркеюіне үлес қосқан ТОО «DAR RAIL» мекемесінің басшысы Дюсенов Ринат Тасбулатұлына алғыс айтты.
Жаңадан бой көтерген ойын алаңы ауылымыздағы көрнекті орындардың бірі болатыны сөзсіз. Осы алаңнан балаларға деген шынайы қамқорлықты сезінген ауыл тұрғындары ризашылықтарын жасырмауда. Ойын кезінде баланың психикалық қасиеттері мен жеке басының ерекшеліктері неғұрлым тез қалыптасатыны дәлелденген. «Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» деген нақылға айналған тамаша сөз бар. Таза ауада емін-еркін ойнап өскен баланың артықшылығы көп. Сондықтан да бүлдіршіндерге жасалған тартудың барлық жағынан тиімді деп есептейміз. Бастысы балалар қуанышты, ата-ананың көңілі тоқ. Ата-ана үшін баласының қуанышты жүзін көруден, олардың шаттанған әрбір сәтіне куә болудан асқан қандай бақыт бар?! Жалпы, «барлық жақсылық – балаларға» деген қағиданы ұстанған ауылымызда қыруар шаралар атқарылып жатқаны қуантады.