- Подробности
-
Категория: №25 (10345) от 21 июня 2018 года
-
Создано 21.06.2018 06:26
-
Просмотров: 5361
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен күні кеше ғана шілденің бірінші жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» болып бекітілді. Осы ретте, рухани жаңғырудың керемет көрінісі болған айтулы күннің қарсаңында ауданымыздың жас та болса, үміт арттыратын домбырашылары жайлы сөз қозғамақпыз.
Аудан орталығындағы өнер мектебіндегі домбыра сыныбының ашылғанына біраз жыл болды. Ұлттық мәдениетті дәріптеп, өнердің кәусар бұлағымен жас жеткіншектерді сусындатып жүрген Арғынбек Бейбітхан мен Әлия Мажиттің ұлттық өнерден терең білім берудегі еңбегі зор. Бүгінде мектеп қабырғасындағы бір емес, екі домбыра сыныбында талаптарын жиырмаға жуық бала ұштауда. Оған қоса, жазғы уақытта бүлдіршіндерге арналған үйірме жұмыс істейді. Домбырада ойнау үшін, ең алдымен, ынта, жігер және талпыныс керек екені айтпаса да түсінікті.
Шәкірт тәрбиелеп жүрген Арғынбек Бейбітханның айтуынша, домбыра оңай игеріле салатын аспап емес. Оны үйренудің өзіндік тәсілі, әдісі бар. Осы материалды жинау барысында біз бүлдіршіндердің үйірмесіне қатысып, олардың аспапты дұрыс ұстап, қақтығыстарды үйренуіне куә болдық. «Төмен қағыс бес саусақты жинақтау арқылы, сұқ саусақтың тырнағымен, білектің салмағымен төмен қарай қағумен жүзеге асса, жоғары қағыс ішекті бес бармақтың көмегімен қағумен өзгешеленеді. Алғашқы сабақтарда мен әр оқушымен жеке-жеке қағыс түрлерін қолдары әбден жаттыққанша қайталап, кейін шағын туындыларды үйрете бастаймын. Қазақтың қара домбырасын жетік меңгеруге құлшыныстары болса, жазғы уақытта үйірмеге қатысып жүрген балалар өнер мектебінің домбыра сыныбына жазылуына болады», - дейді домбырашы, күйші, дәстүрлі әндерді орындаушы Арғынбек Бейбітхан. Сабақтан тыс уақытта қатысушылар қағыс және нота түрлерін білумен қатар, кез-келген әнді домбыраға салып орындай алатын болады. Ең бастысы, балалар бастаған ісін орта жолдан тастамаса болғаны. Оқырман қауым, өнер мектебінде бес-жеті жылдай балалардың талабын тәжірибе жүзінде де, теориялық тұрғыдан да ұштайтынын ескерсеңіз дейміз. Айта кету керек, домбыра сыныбы Тобыл кентіндегі өнер мектебінің филиалында да ашылды. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп бекер айтылмаса керек-ті. Басқаша айтқанда, «домбыра» мен «қазақ» егіз ұғым. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, ата-аналар қауымы балаларының халқымыздың киелі аспабының қыр-сырын меңгеруіне мұрындық болса, қандай керемет болар еді!
Өнер мектебінде білім мен тәрбие алып жүрген шәкірттердің нәтижелері де қуантады. Бүгінде қабілетті ұл-қыздардан құралған домбырашылар ансамблі ауданымыздың сахнасында өнер көрсетіп жүр. Оған қоса, оқушылардың бойындағы дарындылықты тани білетін Арғынбек Бейбітхан мен Әлия Мажиттің шәкірттерін өнер додаларына қосып келеді. Осы орайда, ұстаздардың төккен тері зая кеткен жоқ. Ұлттық аспаптар ансамблі бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болды. Ал, С. Ерғалиев атындағы орта мектептің оқушысы Мерей Оңайбекова республикалық домбырашылар сайысында бірінші дәрежелі лауреат атанды. Мектептің есігін үкілеген үмітпен ашып, өнерге бір қадам болсын жақындаған талапты өрендердің жұлдызы биік боларына сеніміміз мол. Тек өнері бар баланың көкірегіндегі сәулені өшірмесек болғаны.