- Подробности
-
Категория: №25 (10345) от 21 июня 2018 года
-
Создано 21.06.2018 06:34
-
Просмотров: 4584
«Сен де бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та, бар қалан» деп Абай атамыз айтып кеткендей, қазақ қыздарына қайсарлық, өжеттілік қасиеттері бұрыннан тән, олар парасаттылығы мен төзімділігі арқасында талай асуларды бағындыра алады. Арамызда қыз мінезіне тән емес мамандықтарды игеріп, сол жолда табандылықпен қызмет етіп жүрген арулар аз емес. Құқық қорғау саласын таңдағандар – солардың бірі.
Аға лейтенант Әсел Умирзакова бұл салаға өзінің жүрек қалауымен келді. Жаны нәзік болса да, ол күн сайын рухы мықты екенін дәлелдеп келеді. Күні-түні демей, халықтың сеніміне селкеу түсірмей, қызмет етіп жүрген арудың ерен еңбегін атап өтпеске болмайды. Набережный ауылдық округіне қарасты Елизаветинка ауылындағы мектепті тәмамдаған Әсел Ішкі істер министрлігінің академиясына оқуға түсуге шешім қабылдайды. Жоғарғы оқу орнынан лейтенант шенін алып шыққаннан кейін еңбек жолын Таран аудандық ішкі істер бөлімінде бастапты. Бүгінде лейтенант емес, аға лейтенант шені бар жұмсақ та, ержүрек, мінезді Әсел тергеуші қызметін атқарып келеді. Әріптестерінің айтуынша, ол ішкі істер органдарында жұмыс атқаруға лайықты және өз міндеттерін адал атқарады.
«Менің осы саланы таңдауыма туғандарымның құқық қорғау органдарында жұмыс істегені ықпалын тигізген де шығар. Туа біткен мінезім мен жеке қасиеттерім де академияға түсуге түрткі болды деп есептеймін. Қуантарлығы, ана-аналарым, жақындарым да қарсы болған жоқ, қазір, тіпті, полиция қызметкерлерінің қатарын толықтырғаныма мақтанышпен қарайды десем болады.Әрине, алғашқы кезде оқуда оңай болған жоқ.Қойылған талап бойынша спорттық нормативтерді жігіттерден қалыспай тапсыратыбыз. Заңдылық пен қызметтік тәртіпті әуелі полиция қызметкерлерінің өздері қатаң сақтауы тиіс қой. Сондықтан, академияда да, жұмыста да тәртіптің сақталуына аса мән береді», - дейді аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері Әсел Умирзакова. Полиция қызметкерлерінің тірлігі қашан да қарбаласқа толы, үнемі қауырт жүреді ғой. Асқан қырағылық пен табандылықты талап ететін бұл қызметтің жауапкершілік жүгін арқалау оңай емес. Тынымсыз еңбек ететін тергеуші Әсел Әуезқызының міндеті - куәгерлерден, күдіктілерден жауап алып, заттай айғақтарды, істің-мән жайын зерттеу. Ашығын айтқанда, бір іс – бір емес, бірнеше адамның тағдыры. Сондықтан, тергеуде шалалық кетсе, біреудің тағдырына балта шаптың деген сөз. Жас маманға іске жүйелі талдау жасап, ақиқатына көз жеткізуімен қатар, істің алға басуы үшін Әселге көмектескен, әлі де бағыт-бағдар беретін Раушан Бекетаева, Андрей Пастушенко, Олег Сердюк, Сұлтанбек Ищанов пен Настя Нургалиева есімдерін атап өткеніміз жөн. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Әселді де, ауданымыздың тәртіп сақшыларын да төл меркелерімен құттықтаймыз! Қызметте толағай табыстар тілейміз!