Ал, сіз латын әліпбиімен жаза аласыз ба?

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_46_46-2018_5.JPGҚарашаның 14-і күні бүкіл Республика бойынша 2025 жылға дейін қазақ тілі әліпбиін латын графикасына біртіндеп көшіру бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес латын әліпбиіндегі жалпыхалықтық диктант жүргізілді.

Диктант жұртшылықтың қазақ тілі ережелерінің Жобасын латынша негізде қабылдауын талдауға бағытталған. Жалпыхалықтық диктантқа ауданымыздың мың бес жүз елу тұрғыны қатысты. Отыз минутқа созылған диктант халықтың әліпбиге деген қызығушылығын арттырып, латын қарпінде хат таныту үшін қолға алынған.
«Ауданымыз бойынша ауылдық округтерде, мектептерде, аудандық орталық ауруханада, кітапханада бас қосқан түрлі сала қызметкерлері латын графикасында «Рухани жаңғыру» тақырыбында диктант жазып, жақсы нәтиже көрсетті», - дейді тілдерді оқыту орталығының директорының міндетін атқарушы Айдана Есенғазы. Жиналғандар тарапынан «Латын әліпбиін үйрену үшін алдын ала дайындық жұмысын жүргізуге болмас па еді?» деген сұрақтар қойылды. Осы орайда, айта кету керек, мекемелер мен ұйымдарға 12-қараша күні тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінің жобасын түсіндіру, практикалық тұрғыда меңгерілуін нақтылай түсу мақсатында Жаңа латын графикасына негізделген дөңгелек үстел өткізілетіндігі туралы хаттар жіберілгенімен, өкінішке орай, негізгі ережелер жобасын талқылауда белсенділік танытқандар қатары аз болды. Десек те, көмекші құралдар ретінде таратылған дидактикалық материалдардың көмегімен мәтінді жазу оңайырақ болды.
Айтпақшы, диктант жазғандардың арасында өзге ұлт өкілдері де болды. «Диктант мәтіні аудиоқұрылғыдан үш рет дыбысталды. Дыбысталу жылдамдығы тіл меңгеру деңгейінің талабына сай деп айта аламын. Мәтінді бірінші рет оқығанда мұқият тыңдадық, екінші рет оқығанда жаздық, үшінші рет оқығанда орындалған жұмысымыздың орфографиялық дұрыстығын тексердік. Әрбір дыбысталу аралығында үзіліс болды. Латын графикасында жазу айтарлықтай қиын емес екен», - дейді диктант жазғандардың бірі Марина Разуваева.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане