- Подробности
-
Категория: №46 (10366) от 15 ноября 2018 года
-
Создано 15.11.2018 06:21
-
Автор: Super User
-
Просмотров: 6372
Қарашаның 15-і күні ұлтымыздың аяулы ұлы Би ағаның туғанына 124 жыл толады. Осыған орай, оқырмандарымыздың назарына Бейімбет Майлин қорының директоры Жұмабек Табынның 2014 жылы «Жас алаш» газетінде жарияланған мақаласын ұсынамыз.
Өздеріңізге де жақсы мәлім, үш арыстың шығармашылығы азды-көпті зерттелді. Зерттелетін дүние әлі де баршылық. Бұл-уақыт еншісіндегі шаруа. Біз бүгін «Жас Алаш» газеті редакциясының сұрауы бойынша газет оқырмандарына сол зұлмат жылдары «халық жауы» аталып, қуғын-сүргінге ұшыраған ақтаңдақ қаламгер Бейімбет Майлиннің ұрпақтары туралы әңгімелекпіз.
Сол бір зауалды, тауқыметті жылдар ұсталып кеткендердің ұрпақтарына оңайға соққан жоқ. Әкелері, ағайын-туыстары жазықсыз «халық жауы» аталып, ұсталып кеткен кезде артында қалған отбасының, бала-шағасының тоз-тозы шыққаны кімге болса да аян. Әркім өз амандығын ойлап, бас сауғалап кетті. Біз, кейінгі ұрпақ, мұны түсінуге тиіспіз. Тіпті, туыстықтан бас тартқан оқиғаларды да естідік. Ол жөнінде айтып берген куәгерлерді де көрдік. Бірақ, оларға да кінә таға алмайсың. «Халық жауы» аталып ұсталған мемлекет, қоғам, әдебиет, өнер қайраткерлерін қамап, атып-асып жатқанда, ең алдымен, олардың басындағы баспанасы тартылып алынды. Баспанасыз қалғандардың күні белгілі, аш-жалаңаш торығу, көше кезу, қаңғып қалу. Ұсталып кеткен ерінің артынан кезек олардың қосағына жеткенде, бала-шаға мүлде тентіреп, далада қалған. Кейбірінің жаны ашыған тума-туысы оларды балалар үйіне өткізген, өтпегені аштан, суықтан өлген. Бұл ешкімге таңсық жағдай емес. Бұған тарих куә.
Сондай қанқұйлы ахуал қазақтың Биағасына айналған, атақты қаламгеріміз Бейімбет Майлиннің де отбасын айналып өткен жоқ. 1937-жылы Биағаңды «халық жауы» ұстап әкеткенде оның артында 3 ұл, 2 қызы қалған еді. Ұлдары – Әукен, Мереке, Еділ, 2 қызы Рәзия мен Гүлсім еді. Қалың оқырман олардың аты-жөнін білгенімен, тағдырынан бейхабар. Осы жерде біз сәл шегініс жасап, Биағамыздың бір атадан тараған туыс-тумалары жөнінде айтып өткенді жөн көріп отырмыз. Жасыратын түк те жоқ, Б.Майлиннің ата-тегі, өніп-өскен ортасы, ұрпағы туралы әлі жазылған жоқ десек те болады. «Жазылған жоқ десек те болады» деуіміздің мәнісі мынада: Рас, мұның бәрі тиіп-қашты түрде аталып өтіледі, бірақ арнайы зерттеу жүргізілген емес.
Бейімбет өзінің атасы Майлының атына жазылған. Осы Майлы атамыздан тараған ұрпақ – қазіргі күні бір қауым ел. Майлының бәйбішесінен Аман деген ұл туады. Әмеңгерлік жолмен алған Бойдас анамыздан Жармағамбет дүниеге келген. Сонымен Майлыдан Аман мен Жармағамбет атты екі ұл қалған. Үлкен ұлы Аманнан – Бақберген мен Байжан. Бақбергеннен – Қалихан. Қалиханнан – Қуанышбек, Болат, Қуаныш, Сәрсенбай деген ұлдары, Бахытжамал, Кенжегүл деген екі қызы болған. Бұлардың Болат, Сәрсенбайдан басқалары қазір Қостанай облысының Таран ауданында тұрып жатыр. Олардың әкелері де сол кездегі солақай саясаттың зардабын бір кісідей тартуын тартқан. Енді тікелей Биағаңның өзіне келер болсақ, ата-тегі былай өрбиді: Майлы – Жармағамбет – Бимұхамбет. Бейімбеттің азан шақырып қойған аты Бимұхамбет екен. Әжесі Бойдас пен шешесі Күлғизар еркелетіп Бейімбет атап кеткен. Биағамыздың өз кіндігінен тараған балалары, олардың ұрпағы жөнінде айтатын болсақ, Бейімбет пен Күлжамал апайдың ең үлкені – Әукен. Әукеннің тағдыры сол кездегі қазақ зиялыларының балаларының тағдырына ұқсайды. Мәселен, Т.Рысқұловтың жалғыз ұлы Ескендірді азаптап, жер аударып, ақыры өлтіріп тынған жоқ па еді?! Әукенді жұмыс істеп жүрген жерінен шақырып алып: «Сен халық жауы Бейімбет Майлиннің кімісің? Оны танисың ба?» – деп сұрайды. Сұрап отырған адамның кім екені де белгілі ғой, Әукен әлгіге: «Бейімбет Майлин – менің әкем. Ол халық жауы емес, үлкен жазушы. Мен оның үлкен ұлымын!» – деп қасқая жауап берген. Осыдан кейін-ақ, «бұл жерде халық жауының баласына орын жоқ», – деген желеумен оны штрафбатқа жазып, артынан Отан соғысына жібереді. Бейімбеттің тұңғышы Әукен ағамыз сол соғыстан қайтпаған. Бейімбет Майлинге түрі де, болмысы да қатты ұқсаған баласы сол еді», – дейді көргендер. Мерекеден Биағамыздың Болат, Нағима атты немерелері бар. Олар қазір Қарағандыда тұрады. Үшінші кенже ұлы Еділден Жарас, Рүстем және Дариға деген немерелері болған. Дариға мен Рүстем өмірден озған. Жарас қырғыз елінде деген дерек бар. Биағаңның Гүлсім деген екінші қызынан туған Арман мен Шұға деген жиендері Алматы қаласында тұрады. Олардан тараған шөберелері де бар. Гүлсім апай да фәниден бақиға аттанған. Күйеуі Қадыр Ыбыраев ақсақал қазір немерелерінің қызығын көріп жатқан ардақты ата. Ол әлі де ширақ, тың. Жақында Қостанай облысының Таран ауданында өткен Биағаңның 120 жылдық торқалы тойына қатысып қайтты. Әкелері Б.Майлин ұсталғанда, Әукен 16 жаста, Рәзия 12 жаста, Мереке 10 жаста, Еділ 6-да, Гүлсім 2 жаста болған екен.
Сол кездері жан-жаққа тарыдай шашылып кеткен бауырларын бір шаңырақтың астына жиған кім дейсіз ғой? Рәзия! Биағаңның үлкен қызы Рәзиядан тараған ұрпақ туралы айтпастан бұрын оның жұбайы Әбілқасым ағаға тоқталмай кету әбестік болар еді. Қылышынан қызыл қаны сорғалап тамып тұрған сұм заманда «халық жауының» атын атасаң-ақ, темір тордың ар жағынан бір-ақ шығатынсың. Ал, Әбілқасым ағамыз Рәзияның «халық жауы» Бейімбет Майлиннің қызы екенін біле тұра оған үйленеді. Бұл – 1944 жыл еді. Әбілқасым ағамыз Рәзияны Жаңаарқадағы үйіне келін қылып түсіргені сол-ақ екен, НКВД қызметкерлері келіп, Рәзияны дереу алып кетеді. Содан Әбілқасым аға туыстарын ертіп барып, Рәзия апайды қолхат жазып, шығарып алады. Мұны көріп-біліп отырған Әбілқасымның адуынды шешесі Күлшім баласына: «Сен де бір атадан жалғыз едің. Құритын болдың. Келінді қай жерден алып келдің, сол жерге апарып таста», - дейді. Баласының тағдырына алаңдап отырған ананы да түсінуге болады. Бірақ Әбілқасым ондайға бармайды.Содан жаңадан қосылған екі жас Жаңарқада теміржолға жұмысқа тұрады. Бір күні Күлшім анамыз баласы Әбілқасымды оңаша шығарып алып: «Әй, балам, сол кезде менің тілімді алып, мына Бейімбеттің қызын апарып тастағаныңда, мен сені балам демейтін едім. Мен «апарып таста» дегенімде, «мына жаман не істер екен?»-деп сені сынаған едім. Балам, үмітімді ақтадың. Бұл кие қонған азаматтың қызы, жылатпа оны», - деп көзіне жас алған екен жарықтық. Сөйткен Рәзия апайымыз өмірінде 11 құрсақ көтерген бақытты ана болған. Оның Сәуле, Зәуре, Дәметер, Әбиүр-Жарылғап (егіз ұл), Гүлнәр, Асқар, Жамбыл, Жанбота, Жарқын, Ләззат деген ұл-қыздары бар. Осы Рәзия апайдан тараған ұрпақ нағашы аталары Бейімбет Майлин еңбегін насихаттауға белсене атсалысып жүр. Биыл қаламгердің туғанына 120 жыл толуына орай, олар «Бейімбет Майлин қорын» құрды. Нағашыларының кіндік қаны тамған жері Қостанай облысының Таран ауданында өткен торқалы тойына жазушының баспадан шыққан жаңа кітаптарын аудандық кітапханаға тарту етті. Шешелері Рәзия апайдың көзі тірісінде әкесі Бейімбет, шешесі Күлжамал, бауырлары жөнінде айтқан, таспаға жазылған сыр-сұхбатын Бейімбет Майлин атындағы аудандық тарихи-өлкетану мұражайына табыстады. Бұған қоса, Биағамыздың бейнесі бейнеленген кәдесыйды аудандық мәдениет үйінің мұражайына, кітапханаға естелік ретінде сыйға тартты.
Әрине, «Бейімбет Майлин қорының» алдында бұдан басқа да үлкен мақсат-мұраттар тұр. Биағаңның күні бүгінге дейін туған жері Қостанай қаласында да, Астана мен Алматыда да мұражайы жоқ. Ашылмаған. Осы мәселені үкіметке, билікке жеткізу міндеті тұр. Содан кейін Бейімбет Майлиннің кейіпкері Шұғаның образы-ескерткішке сұранып-ақ тұрған бейне. Бұл мәселені кезінде жазушы, Жүсіпбек Қорғасбек көтерген еді. Міне, Шұғаға арналған ескерткішті Қостанай қаласының кіреберісіне орнатсақ, ол бүкіл қазақ халықының тағдырлы, аяулы қыздарына орнатылған тарихи құнды естелік болар еді-ау.
Жоба да, жоспар да көп. Егер Биағамыздың кіндік қаны тамған Таран ауданына жазушының аты берілсе, қандай жарасымды болар еді. Өйткені ұлт тағдыры, ұрпақ қамы үшін тер төгіп, зұлмат жылдары жазықсыз құрбан болған азаматымызды қалай құрметтеп, ардақтасақ та артық етпесі анық. Белгілі публицист, саясаттанушы Айдос Сарым былай деп жазыпты (фейсбуктегі жазбасынан): «Кеше бір кітапты оқып жатып мынандай бір ойға келдім. Бүгінгінің басты жазушысы-Бейімбет Майлин. Себебі өмірде, саяси сахнада, билікте жүргендердің барлығы дерлік Бейімбеттің кейіпкерлері: сол баяғы дүбәра, шолақ белсенділер. Айнымаған қалыпында Бейімбеттің әңгімелеріндегі жынды коммунистерді кез келген ауданға, облысқа, министрлікке тағайындаса, ештеңе өзгермейтін сияқты болып көрінеді... Яғни екі компартияны заңмен жаппай, коммунизм деген идеология деп ұйғармай, коммунистік символдарды, көшелерді, ескерткіштерді құртпай, отарсызданбай, тоталитарсызданбай біздің өмірімізде өзгеретін нәрсе шамалы. Қолына айфон ұстап, үстіне «Бриони» кисе де, астына атарба емес, «Ломборджини» мінсе де, сол шолақ белсенділер... Қайран, Биағам!
Айтпақшы, Бейімбет энциклопедиясы бар ма? Бейімбет кейіпкерлерінің тізімі, пантеоны деген сияқты еңбектер жарияланды ма?» Айдос Сарым өте орынды айтып отыр, Бейімбет Майлиннің кейіпкерлері ешуақытта ескірмейді. Биағаң өз кейіпкерлерін ескірмейтіндей етіп жасап кеткен ғой. Мырқымбайды алыңыз. Не болмаса Айранбайды, Кемелбай, Ыбырай, Бекен, Дайрабай, Раушан-коммунист, Дүтбай, көкбет Айша, Құрымбай, Әміржан, Азамат Азаматыч, Рәбиға, Күлпаш, Қайрақбай... Өзгерген ештеңе де жоқ, осылардың бәрі қазір ортамызда жүр. Бұл, әрине, Бейімбет Майлиннің ұлт өмірін өте терең білуімен қатар, соны өшпестей етіп, өлместей етіп көркем түрде таңбалай білуінде де. Яки, жазушылық шеберлігінде.
Б. Майлинге байланысты әлі көп шаруа, көп дүние қолға алынбай жатыр. Ерекше айта кететін бір жайт. Бейімбет Майлиннің толық академиялық жинағын шығару. Жақында орыстардың ақыны М.Ю. Лермонтовтың 200 жылдық мерейтойына орай, «Художественная литература» баспасынан шығарған көптомдығын көрдім. Жұтынып тұр. Түсіндірмелері қалай сәтті әрі сауатты жазылған. Міне, Бейімбет Майлиннің де осындай көптомдығын шығару керек.