- Подробности
-
Категория: №8 (10328) от 22 февраля 2018 года
-
Создано 22.02.2018 06:30
-
Просмотров: 4367
Біз биыл аудандық газетіміздің 80-жылдық мерейтойын тойлағалы отырмыз. Газетіміздің құрдасы Оразбек Токушев те қаңтар айында өзінің туған күнін атап өткен екен. Осы орайда, атамызбен жолығып, әңгімеге тартқан едік.
«Мен өзеннің арғы жағындағы Журавлев ауылында дүниеге келдім. Ол кезде ауылымызда төртжылдық білім беретін. Бірақ, оқуымды бітірмей, жұмыс істеуге кірістім. Зейнетке шыққанға дейін әлгі ауылда өмір бойы еңбек етіп, механизатор да, шопыр да болдым. Қысқасы, жұмыс таңдамайтын кезең болды ғой. Ауылда тұрған соң, мал да ұстадық», - дейді отағасы Оразбек Сәрсембайұлы. Оның айтуынша, кезінде Журавлев ауылында мектеп те, балабақша да, дүкендер де, контор да болды, әдемі үйлер де салынатын. Оған қоса, Украинадан да, Белоруссиядан да адамдар көшіп барған көрінеді. Әңгіме барысында сол жылдарды Оразбек атамыз ғана емес, өмірлік серігі Несбелді апамыз да сағынышпен еске алып отырды.
Несбелді апамыз Токушевтардың әулетіне осыдан елу сегіз жыл бұрын келін болып түскен. «Тағдыр қосқан жолдасым екеуміз жеті баланы дүниеге әкеліп, өсіріп, тәрбиеледік. Бүгінде он немереміздің, бір жастағы шөбереміздің қызығына бөленіп жүрміз», - дейді ол. Бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар. Өмірдегі қиындықтарды тең бөліп, бірге жеңіп, қазіргі танда еңбегінің зейнетін көріп жүрген кейіпкерлеріміз біздің газетімізді ұзақ жылдар бойы оқып жүр екен. «Ертеде газеттерді бумалап алатынбыз. Үнемі жергілікті газетке жазылып, басқа да «Звезда», «Ленинский путь», «Комсомольская правда» газеттерін оқып жүретінбіз», - дейді Оразбек Токушев. Сөзімізді түйіндей келе, айтарымыз, осы кісілердің жасына жеткен оқырмандарымыздың қатары азаймасын, атамыз бен апамыз ауырмастан жүзге жетіп, қос тұмар боп, шөпшекке де жетсін.