«Армансыз адам болмайды»

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_10_10-2018-2.jpgӨмірдің өзегі, тіршіліктің күре тамыры, ыстық ықылас пен ыждаһаттың, пәктік пен тазалықтың қайнары – әйел-ана. Еліміздің сән-салтанаты артып, мерейінің үстем, абыройының асқақ болуында нәзік жандардың үлесі жатыр. Нәзік те, қайсар мінезді, мейірімді де, дана кісі, елге сыйлы аяулы ана, ардақты Багуми Тулеубаеваға қандай мақтау айтсақ та, құрмет көрсетсек те жарасады.

 

«Армансыз адам болмайды. «Мың күнгі жұмақтан, бір күнгі тіршілік артық» демекші, мен Ислам немеремнің мектеп бітіргенін, оқуға түскенін көрсем деп армандаймын. Мен балаларыма «мені уайымдамаңдар, шаңырақтарың шайқалмай, тату—тәтті өмір сүрсеңдер болды» деймін. Аллаға шүкір, келіндерім жаман емес. Оларға ешқандай ренішім жоқ. Бүгінде кенже балам Қуаныштың қолындамын.Осы он сегіз жылдың ішінде Айгүл келінім бетіме сөз айтып көрген емес», - дейді Багуми Закирқызы. Ене мен келіннің қарым-қатынасы жайлы сөз қозғағанымызда, «отбасының берекесін келтіретін ене мен келін тату болса, береке де болады» деген ойымен бөлісті.

Багуми әже мешітке барғанда байлықты емес, балаларының амандығын ғана тілеп жүреді. Алладан аналарды жылатпауын тілейтін бұл кісі 1980-ші жылы жиырма алты жыл отасқан жолдасынан айырылып, бала тәрбиесімен өзі айналысты. Жолдасы момын, ешкімге зияны жоқ жан еді. Әжеміздің айтуынша, түскен жері де, енесі де өте қадірлі болған екен. Өмір болғасын қиындықтар да болады. Сол қиындықтарды жеңе біліп, тағдырдың тауқыметіне мойымай, «ұлды ұяға, қызды қияға» қондырған аяулы ана, ардақты әжеміз он екі немересінің, он шөбересінің қуанышына бөленіп жүр.

Халықаралық әйелдер күні мерекесінің қарсаңында сексеннің сеңгеріне жеткен ақ жаулықты Багуми Тулеубаеваға дүниедегі бар жақсылықты тілегіміз келеді. Немере-шөберелеріңіздің есейгенін көріп, гүлдей жайнап, жүз жасаңыз!

 


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане