- Подробности
-
Категория: №10 (10330) от 7 марта 2018 года
-
Создано 07.03.2018 13:26
-
Просмотров: 3921
Жақсы қыз – ата-ана мақтанышы. Ал, Аймереке Көпжасар – ата-анасының ғана емес, ауылының мақтанышы болып табылатын жастардың бірі. Ол осы күнге дейін сапалы білімі, саналы тәртібі және жеткен жетістіктері үшін талай рет марапатталды. Әрине, бұл табыстар оңай келіп жатқан жоқ.
Қыз баланың ақылды да, инабатты, өнерлі де, өнегелі болып толысуына тек мектеп қана емес, ең алдымен, ата-ана, сонымен бірге ағайын-туған, ауыл-аймағы да жауапты екендігін айтпасақ болмас... Аймерекенің еңбекқорлығын, білімге деген талпынысын, өмірге деген қызығушылығын қолдауда Елизаветин ауылы мектебінің қосып отырған үлесі зор.. Оның жетістіктері жалғыз қыздарын аялап-мәпелеп, саналы тәрбие беріп отырған ата-анасына да зор қуаныш десек артық айтқанымыз емес.
10-сынып оқушысы Аймереке Көпжасар бойындағы қыз балаға тән нәзіктік, ілтипаттылық, үлкенді сыйлау сияқты қасиеттерімен көзге түседі. Аймереке мектептегі сабақтарын үздік оқумен қатар, соңғы бес жыл бойы спортпен шұғылданады екен. Оған қоса, ол өнер жолын қуып жүрген көрінеді. Жанар Дұғалова, Мөлдір Әуелбекова, Алтынай Жорабаева сынды эстрада жұлдыздарының ән айту шеберлігіне тәнті Аймереке бос уақытында вокалмен айналысады. Сонымен қатар, мектепішілік «Қазақ жастары» командасының белсенді қатысушысы болып табылады.
«Адамның бақыты – балада» деген халық даналығы текке айтылмаған. Адамға нағыз бақытты тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. Ата-ана баласының қай нәрсеге әуес екенін дер кезінде бақылап, оның қызығушылығын дамытуға күш салса, баласы болашақта дұрыс жол таңдайды. Қалай десек те, баланың жетістігі, ең алдымен, ата-анасының қуанышы. «Мен небір шығармашылық сайысқа, спорттық жарысқа немесе олимпиадаға барар алдында анам «ең бастысы – жеңіс емес, қатысу. Сен ешкімнен кем емессің. Мен сені жақсы көремін» дейді. Мені үнемі қолдап, ақыл-кеңесін беретін анашыма да, сынып жетекшім Азиза Қожамбетоваға да ризашылығымды білдіремін», - дей келе, Аймереке барша әйел қауымын, қыздарды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтайды.