- Подробности
-
Категория: №10 (10330) от 7 марта 2018 года
-
Создано 07.03.2018 13:27
-
Просмотров: 3564
Әр адамның өмірі «шыр» етіп дүниеге келгеннен бастап-ақ дәрігермен тығыз байланысты. Сырқатты жанның дертіне дауа, еміне шипа іздеп, азаматтардың саулығы үшін аянбай тер төгетін де дәрігер емес пе? Әрине, аса жауапкершілікке толы бұл мамандықты игеру үшін көп еңбек ету қажет. Осындай ардақты мамандықты бала кезінен армандап, меңгеріп, ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған абзал жандардың бірі - Тоқмейіл Абусағитова.
Тоқмейіл Кездесбайқызының өмір жолында ерекше ештеңе жоқ. Қарапайым қазақтың келіні, қарапайым еңбек жолы, өзі де қарапайым. Ол Арқалық ауданы, Ақбұлақ ауылында туып, өскен. 2002 жылы Қарағанды медицина мемлекеттік Академиясын тәмамдап, еңбек жолын Ақмола облысы Жақсы ауданында дәрігер-невропатолог мамандығынан бастады. Төрт жылдан кейін отбасымен осы жаққа көшіп келіпті.
«Негізі анам - медициналық сан-эпид қызметкері. Кішкентай кезімнен-ақ ақ халатты дәрігерлерге қызығатынмын. Осы мамандықты өзімнің жүрек қалауыммен таңдадым. Дәрігерлер - адам жанының арашашысы ғой, демек, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Кез-келген жағдайда науқастан қорықпайтын, адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, төзімді, жүйкесі мықты жан болу керек деп есептеймін.Қазіргі кезде диспансерлік бақылауда инсульт-жедел ми қан айналымы бұзылысына шалдыққан науқастар көп. Жыл сайын 45-50-ге жуық науқас инсультқа шалдығады. Науқасқа бастапқы диагнозды қойып, алғашқы медициналық көмекті көрсетіп, тез кәсіби көмек көрсетудің арқасында әл үстінде жатқан адамның өмірін сақтап қалуға болады. Күн-түн демей, жұмыс істейтін уақыттар болады», - дейді аудандық орталық аурухана дәрігері Тоқмейіл Абусағитова. Жылы жүзді, адамгершілік қасиеті мол, білімді де, білікті дәрігердің алдына баратын науқастар аз емес. Соған қарамастан, жас ерекшеліктеріне қарамастан, солардың барлығымен де сыпайы сөйлесіп, әр адамның денсаулығына жауапкершілікпен қарайды.
«Өміріңді адал және өзіңе лайықты етіп сүр» өмірлік қағидасын ұстанатын еңбекқор да, мейірімді дәрігеріміз жас мамандарға сәттілік, шыдамдылық пен сабыр тілейді. Ол аяулы аналарымызды, ақ жаулықты әжелерімізді, құрбы-құрдастарды халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, зор денсаулық, мол бақыт тілейді. Тоқмейіл Кездесбайқызы, Сізді де осынау мерекемен құттықтай отырып, шынайы көңілден шыққан ең ізгі тілектерімізді жолдаймыз. Әрдайым бойында ақыл мен төзім, іскерлік дарыған абзал да, ізгі жандардың бірі болып жүре беріңіз.