- Подробности
-
Категория: №13 (10333) от 29 марта 2018 года
-
Создано 29.03.2018 06:13
-
Просмотров: 10114
Өткен жұма күні, яғни 23-наурыз күні Қостанай облыстық «Аймағамбет қажы Спанұлы» мешітінің ұйымдастыруымен «Салт-дәстүр және діни рәсімдер» атты облыстық ғылыми-танымдық конференция өтті. Оған облыстық дін істері басқармасының басшысы, ҚМДБ-ның қызметкерлері, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, қоғамдық ұйымдар, облыстық және аудандық ардагерлер кеңесінің өкілдері, облыс имамдары және мешіт ақсақалдары мен жамағаты қатысты.
Конференция тізгінін қолға алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Үкіұлы жиынның негізгі мақсаты діни рәсімдердің орындалуын бірізділендіру екенін тілге тиек етіп, маңыздылығына тоқталып өтті. Конференция барысында жаназа шығарудағы шарттар, қаралы үйде берілетін ас мәзірі, бейіт салудағы шарттар сияқты бірнеше мәселелер төңірегінде әңгімелер қозғалды. Осы тұрғыда Қазақстанның «Еңбек Ері» Сайран Бұқанов, Қостанай облыстық Дін істері басқармасының басшысы Жанболат Үмбетов және әр өңірден келген ақсақалдар сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек қажы Тәжімбет жоғарыдағы мәселелер жайында арнайы баяндама жасады.
Конференция соңында айтылған мәселелерге орай арнайы шешім қабылданып, дауысқа салынды.
Бұдан кейін көпшілік «Аймағамбет қажы Спанұлы» мешітінің ауласында ұйымдастырылған Наурызкөжеден, түрлі ұлттық дәмнен ауызтиді.
Жұма намазынан кейін конференцияға жиналған ағайынға Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің дәмханасында арнайы ас берілді.